Жол азабы азая ма?

Сәуір айының басында Қазақстандағы жолдардың жай-күйін сынға алған Мемлекет басшысы Үкіметке, әкімдер мен құқық қорғау органдарына жағдайды реттеуді тапсырды. Сондай-ақ жүйелі шаралар қабылдап, оның есебін беруді талап етті. Алайда көп өтпей, осы саладағы жұмыстарды және бақылауды босаңсытып алғаны үшін "ҚазАвтоЖол" ҰҚ" АҚ төрағасы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстары әкімдерінің орынбасарлары қызметінен босатылды.
 
Жаза жағдайды жақсартса игі
Қ.Тоқаев Үкіметке республикалық және жергілікті жолдардың жағдайын жақсарту жөнінде кешенді шаралар қабылдауды тапсырды. Барлық өңірде бюджет қаржысының жұмсалуына, көлік магистральдарының салынуына және жөнделуіне бақылау күшейтіледі. Президент алдағы уақытта аталған мәселені өзінің жеке бақылауында ұстайтынын ескерткен еді.
Жол сапасына салғырт қарағаны үшін біздің өңіріміздің шенділері де жазасыз қалған жоқ – ҚР ӘҚжК 631-бабының 1-бөлігі бойынша алты лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды. Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің жол-техникалық инспекция қызметкерлері автокөлік жолдарының иелерімен бірлесіп 2021 жылдың 12-15 сәуір аралығында төрт мың шақырымнан астам, жалпы пайдаланымдағы 138 автокөлік жолдарына жоспардан тыс тексеріс жүргізген. Нәтижесінде жол төсемдерінің 1210 ақауы, оның ішінде: байқау қақпағының 103 ақауы және екі мыңнан астам жол қозғалысын реттеуге арналған техникалық құралдардың олқылықтары анықталыпты.
"Қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдар мен автокөлік жолдарының иелеріне 138 ұйғарым шығарылды. Жолдарды күтіп ұстамағаны үшін Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол инфрақұрылымын арттыру мақсатында жергілікті атқарушы органдарға жол қозғалысын ұйымдастыруды арттыру бойынша ұсыныспен 25 ақпараттық хат жолданды. Осы бағыттағы жұмыс жалғасатын болады", – делінген хабарламада.
Мұндай жаза өңірімізде соңғы бір жыл ішінде алғаш рет қолданылып отырған жоқ. Естеріңізде болса, былтырғы 7 айда облыстық Полиция департаментіне қарас-ты жол-техникалық инспекциясының мамандары 12 мың шақырымнан астам автожолда 903 тексеру жүргізген. Оның қорытындысы бойынша автожолдарды тиісті дәрежеде ұстамағаны үшін 97 лауа-зымды тұлға жауапқа тартылса, анықталған кемшіліктерді жою үшін 1014 ұйғарым шығарылды. Ал 2020 жылдың он айында жолдағы қауіпсіздікті және көлік құралдарының кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында облыстық ПД әкімшілік полициясының жол-техникалық инспекциясы бөлімшелері жалпы қолданыстағы автожолдарға 1255 тексеру жүргізген. Арнайы топ 17 мың шақырымнан астам жолдың сапасын тексеріп шықты. Республикалық маңызы бар автожолдарды тиісті дәрежеде ұстамағаны үшін Қостанай облысының лауазымды 126 қызметкері жауапқа тартылды. Айыппұл сомасы 3,5 млн теңгені құрады. Кемшіліктерді жою үшін тиісті органдарға 1473 ұйғарым жіберілді.
Жалпы, аймағымыздағы автожолдардың ұзындығы 11,2 мың шақырым. Оның ішінде 1408 шақырым республикалық дәрежеге ие.
 
Сапа мамандары не дейді?
Республикалық маңызы бар жолдарда тексеру Жол активтері ұлттық сапасы орталығы Қостанай облысы бойынша фи-лиалда ерекше проблемалар туғызбайды. Дегенмен, мұнда жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама ҚР ИИДМ автомобиль жолдары комитетінде жасалған шарт негізінде жүргізіледі.
Жол активтері ұлттық сапасы орталығы Қостанай облысы бойынша филиалының директоры Абылайхан Алшынбаевтың айтуынша, облыстық және аудандық маңызы бар автожолдарда, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер көшелерінде сапаны тексеруде біршама қиындықтар бар. Ең алдымен, жергілікті атқарушы органдар сапа орталығының қызметтерін қаржыландыруды көздемейді және өз бюджеттерінде жол сапасына қаражаттың қарастырылуын жоспарламайды. Ал, облыс тұрғындарының жергілікті жолдарға деген шағымдары көп.
– Мемлекет жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеуге орасан зор қаражат бөледі, бірақ бұл ретте жергілікті атқарушы органдардың штаты қажетті білікті қызметкерлермен жасақталмаған. Жалдамалы техникалық қадағалау қызметі 2020 жылдың қорытындысы көрсеткендей, өз жұмысын тиісінше атқармады. Бұл құрылыс-монтаждау жұмыстарының өрескел бұзылуына, сапаның төмен болуына әкеп соқтырады, осыдан қоғамдық резонанс туады. Облыста жиырма ауданның тек сегізі ғана жол сапасын кәсіби мамандарға тексертуге біздің мекемемен келісім-шарт жасасты. Аталған сегіз ауданның өзінде қазіргі таңда тек дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Яғни, материалдарды дайындау, техникалық мобильдеу, құрылыс-монтаждау жұмыстары әлі басталған жоқ, – деді А.Алшынбаев.
Филиал директорының айтуынша, ТКШ органдары сапа орталығының қызметтеріне өздері мүдделі болуы тиіс, өйткені аталған мекемеде материалдарды талдау және сынау үшін қажетті жабдық және білікті қызметкерлер құрамы бар.
 
Жол құрылысының жоспары
Биыл облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын, сондай-ақ елді мекендердің көшелерін жөндеу үшін республикалық және облыстық бюджеттен 13,6 млрд теңге бөлінді. Жергілікті маңызы бар 191 шақырым автожол (18 учаске) және 102 көше учаскесі жөндеуден өтетін болады. Бұл туралы өңірлік жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Болат Сейдахметов хабарлады. Атап айтқанда, "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы бойынша 186 шақырым автожол жөнделеді, бұл мақсатқа 9,2 млрд теңге қарастырылған. Жыл соңына дейін мемлекеттік бағдарлама аясында облыстық маңызы бар Қостанай қаласына кіреберіс автомобиль жолындағы жаңа көпірдің құрылысын аяқтау жоспарлануда. Жобаның жалпы құны 4,3 млрд теңге, биыл оны аяқтау үшін 2,7 млрд теңге бөлінген.
– "Ауыл – Ел бесігі" арнайы жобасы аясында 19 нысанда құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіледі. Оған 640,8 млн теңге қарастырылған. Әулиекөл, Б.Майлин, Жітіқара, Қарабалық және Қостанай аудандарының 6 елді мекенінде жөндеу жүргізіледі. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен құрылыс-монтаждау жұмыс-тары 85 нысанда жүргізілетін болады, ол үшін 3,8 млрд теңге көзделген. Аудандық маңызы бар бір автожолды орташа жөндеу аяқталады (Меңдіқара ауданының Теңіз ауылына кіреберіс, 0-8 шақырым), Ақкөл және Қарасу (Жангелдин ауданы) ауылдары арасында Ұлы Жыланшық өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысы, облыс орталығындағы 2 көшені реконструкциялау (Алтынсарин, Сьянов көшелері) және елді мекендердегі 81 көшені орташа жөндеу. 2021 жылдың қорытындысы бойынша бөлінген қаражатты ескере отырып, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі шамамен 77% құрайды (2020 жылы – 75%) деп отырмыз, – деді Б.Сейдахметов.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓