Айбек ЫБЫРАЕВ: «Блогер – журналист емес»

2022 жылы облыстық "Қостанай таңы" газетінің құрылғанына 100 жыл толмақ. Осыған орай редакция ауқымды жобаларды қолға алды. Ғасыр тойы қарсаңында ойын-тойдан гөрі өрелі ой айтуды жөн көрген басылым instagram әлеуметтік желіcінде "Онлайн сұхбатын" бастап кетті. Ғаламтор кеңістігінде өз көрерменін тапқан бейне сұхбаттың мәтіндік нұсқасын қалың оқырманға ұсынуды жөн көрдік.
Белгілі кәсіпқой журналист, облыстық «Қостанай таңы» газетінің аға редакторы Айбек Кәдірұлының журналистика саласында тер төгіп жүргеніне отыз жылға жуықтады. Алғаш еңбек жолын Арқалық аудандық газетінен бастаған ол кейін Торғай облыстық радио, газет саласында жемісті қызмет етті. Былайша айтқанда, өңірлік медиа индустрияның өз өкілі. Кейінгі кездері баспасөз саласында түрлі тақырыпта қалам тартып жүр. Танымал журналист облыстық «Қостанай таңы» газетінің әлеуметтік желі платформасы «Online Suqbat» бағдарламасында қонақта болып, өзінің өскен ортасы, өмір жолы, журналистика, қоғам және басқа тақырыптар төңірегінде сұхбат берді.
– Қайырлы күн, Айбек аға! Сұхбатымызды сіздің журналистика әлеміне келуіңіз жайлы бастасақ. Журналист болуды бала күніңізден армандадыңыз ба?
– Әрине, бала кезде болашаққа деген арман болды. Оқушы кезімізде балалардың бәрі – бірі космонавт, бірі директор немесе әнші болғысы келетін. Газет-журнал басылымдарын оқып жүрсек те, журналист мамандығын таңдаймын деп ойлаған жоқпын. 7-8 сынып оқып жүргенде әкем зейнетке шығып, №2 бөлімшеге почта сұрыптаушы болды. Поштада істеген соң белгілі ғой, келмейтін газет-журнал жоқ еді. Оның әрі жағында өзіміз де қазақ әдебиетіне ынтығып өстік. Ауыл кітапханасында біз оқымаған кітап жоқ шығар. Сол жылдары ауыл өмірінен шағын этюдтер жазып, аудандық «Жаңа өмір» газетінен бастап, республикалық «Қазақстан пионері», «Лениншіл жас» газеттерінде ауыл өмірі, мектеп тынысы жайында хаттарды бірінен соң бірін жөнелтетінбіз. Оның көбісі баспа бетін көрген жоқ. Кейбірі шықты. Соның өзі үлкен оқиғаға бергісіз еді…
– Сіздің ойыңызша, қазіргі қоғамға әмбебап журналист керек пе? Әлде арнайы бағытты сала мамандары қажет пе?
– Қолына қалам ұстаған кез келген журналистің әмбебап болғаны дұрыс. Журналист әрі экономист, әрі агроном, әрі ұстаз. Бір сөзбен айтқанда сан саланы меңгерген маман болуы шарт. Ол үшін әрине, көп ізденіс қажет.
– «Қостанай таңы» газетінің аймақтық индустриядағы рөлі қаншалықты деп ойлайсыз?
– Өңірдегі қазақ тілді баспасөздің қара шаңырағына айналған басылымға келер жылы 100 жыл толмақ. Басылымның тарихы өте тереңде. Оның іргетасын о баста қазақтан шыққан тұңғыш журналист Мұхамеджан Сералин, Бейімбет Майлиндер қалап кеткен. Одан кейін де халқымыздың талай марқасқа азаматы жұмыс істеді. Бұл біз үшін үлкен мақтаныш, өнегелі жол. «Қостанай таңының» жылдар бойы қалыптасқан өз жолы, өз оқырманы бар. Тіпті, бір нөмірін жоғалтпай, үй қабырғасына іліп қоятын оқырмандар бар. Кейде газеттің кезекті саны қолына тимей қалса, редакцияға хабарласады. Соңғы жылдары газеттің мазмұны артты. Оқырмандар іздеп жүріп оқитындай деңгейге жетті деуге толық негіз бар. Газеттің медиа индустриядағы орнын осыдан-ақ бағамдай беріңіз.
– Аға, сіз газеттен бөлек, облыстық телеарнада жұмыс істедіңіз. Газет пен электронды ақпарат құралдарында жұмыс істеудің айырмашылығы бар ма?
– Журналистика әлемінің әліпбиін үйреткен ағаларымыздың: «Газеттің сүргісінен өткен журналист қана, нағыз журналист!», – деген ақылын құлағымызға құйып өстік. Өйткені, газетте істеген адам БАҚ-тың кез-келген бағытында өзін «суда жүзген балықтай» сезіне алады. Мен де алғашқы еңбек жолымды аудандық газеттен бастадым. Одан кейін радио, телевидение саласында қызмет атқардым. Теледидардың басты артықшылығы – жылт еткен жаңалықты сол күйінде көрерменге жеткізе алады. Ал, сараптау-талдау жағынан алғанда газеттің жөні бөлек.
– Өзіңіздің журналистика саласында үлгі тұтатын ұстаздарыңыз кімдер?
– Мен аға журналистерді арқа тұттым. Соларға қарап үйрендім, әлі де үйреніп жүрмін. Алдыңғы буын өкілдерінің есімін ыстық ілтипатпен атауға болады. Соның ішінде Сәлім Меңдібаев, Жанұзақ Аязбеков ағаларымыз БАҚ саласына баулыды, көп нәрсені үйретті. Журналистика саласында үлгі тұтар ұстаздарымыз құдайға шүкір, көп.
– Өмірлік қағидаңыз немесе ұстанымыңыз қандай?
– Қамшының сабындай қысқа өмірде атыма кір келтірмей өмір сүру. Жәнібек Кәрменов айтқандай: «Адам болып келдім өмірге, адам болып кету тілегім»…
– Қазіргі таңда журналистермен қарым-қатынасыңыз қандай? Мамандар бір-бірін қолдап, тәжірибе алмаса ма?
– Өңірдегі қолына қалам ұстаған мамандардың бәрімен байланыстамын. Ұлтына, жынысына қарамастан араласатын жақын адамдарым көп. «Егемен Қазақстан» газеті, «Хабар» агенттігі, «Қазақстан», «Астана» арнасы және аймақтық тілшілермен тікелей шұрқырасып, көрісеміз. Бір-бірімізден үйренеріміз көп. Қиын кезде қолтықтан демейтін осындай азаматтардың болғанына не жетсін! Қазақта «ұстазы мықтының, ұстамы мықты», – деген сөз бар, Қостанай журналистикасының ұстаханасы өте мықты. Олай дейтінім, Тобыл өңірінен түлеп ұшып, бүгінде республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жемісті еңбек етіп жүрген Еркін Танатқанұлы, Дархан Әбдуахит, Дулат Нуркин, Гүлжан Марқабаева, «Айқын» газетінің тілшісі Нұрсұлу Мырзахметова тәрізді көптеген журналист облыс мақтанышына айналған. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Осыған қарап өңір журналистикасының деңгейін көруге болады.
– Соңғы жылдары қатты дамыған блогерлік дәстүрлі журналистиканың бәсекелесі ме?
– Қазір екінің бірі блогер болып жүр. Бірақ, ол журналистикамен бәсекелесе алмайды. Өйткені, кәсіпқой тілшілер ақпаратты жинау, тарату барысында тақырып аясын тереңінен зерттейді. Екеуінің арасы жер мен көктей нәрсе.
– Сонымен қатар, қазір «журналист болу үшін журналистиканы оқу керек емес» деген пікір бар. Сіздің көзқарасыңыз қандай?
– Болашақ журналист үшін ең алдымен шығармашылық қабілеттің болуы заңды. Сосын, кез келген мамандық иесінің тиісті білімі болуы шарт. 99 пайыз еңбекті қажет ететін мамандыққа ең алғашында жазу қабілетіңе қарай жұмысқа алатын. Қазіргі таңда күн сайын қарқынды дамып жатқан ақпарат саласында алдыңғы сапта жүру үшін мамандықтың қыр-сырын бүге-шігесіне дейін меңгерген жөн. Бұл арада Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетіндегі журналистика мамандығын оқытатын ұстаздардың еңбегі орасан.
– Болашақ журналистика саласының мамандарына айтар ақыл-кеңесіңіз болса, бөлісе отырсаңыз.
– Оқыңыздар, ізденіңіздер және кітап оқыңыздар. Сөздік қорларыңызды молайтып, жазу қабілеттеріңізді арттыру үшін бұл ауадай қажет. Кейінгі кезде жастар кітапты аз оқиды, содан болар сөз саптаулары өзгерген, жазу стилі басқа. Жақсы журналист болғың келсе жатпай-тұрмай ізден. Бар білім кітапта! Қоғам минут сайын дамып жатыр. Олай болса сен де тәжірибе жина, шыңдал. Қазір мықты жас журналистер көп қой. Қасқырбай Қойшыман, Кенже Қонысбай сынды тілшілер БАҚ саласында қамшы салдырмайды. Олардың алдында, газетте жиырма жылдан артық қызмет істеп келе жатқан Қарлығаш, Айтолқын, Шұға қарындастарымыз және артымыздан ізімізді басып келе жатқан Жұматай, Жандос, Аслан, Қыдырбек інілеріміздің қай-қайсының да қаламы жүйрік. Әр қайсының өз жолы, жазу стилі әбден қалыптасқан сақа журналистер.
– Риясыз әңгімеңізге рақмет!
Сұхбат барысында Айбек ағамыз өмір жолымен шығармашылығынан бөлек, көрермендердің де қызықты сұрақтарына жауап берді. Құнды ақпараттар айтылды. Айбек Кәдірұлымен сұхбаттасып отырып, түсінгеніміз – әр жетістіктің артында үлкен еңбек жатыр. Медиа саланы қай жағынан қарастырсақ та, нәтиже тек тәжірибе жинаумен келеді. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін журналистика мамандығын таңдағандарға үлкен жауапкершілік артылады. Сол жауапкершілік жүгін арқалап, халықтың оң бағасын алу үшін еңбектің, тиянақтылықтың, мамандыққа деген сүйіспеншіліктің маңызы зор. Осы орайдa @qostanay_tany instagram әлеуметтік желісінде апталық тікелей эфир өз жұмысын тұрақты түрде жалғасатынын хабарлаймыз. Алдағы уақытта аймақтық тілшілермен қатар, мемлекеттік қызметтегі тұлғалар да бағдарлама қонағы болмақ. Сұхбаттың толық нұсқасын instagram әлеуметтік желісіндегі @qostanay_tany парақшасынан тамашалай аласыздар.
Сұхбаттасқан Аякөз ҚОЖАБЕКОВА.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓