«Жолай» жетістіктері

Аманкелді ауданы облыс орталығынан шалғайда жатқанымен, оның әлеуметтік-экономикалық дамуы көштен қалып отырған жоқ. «Ауыл – ел бесігі», «Нұрлы жер», «Жұмыспен қамтудың жол картасы» сынды мемлекеттік бағдарламалардың орындалу көрсеткіші жақсы. 2018 жылдан бері аймақта «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламаларының қатысушылары көбейген. Бұл тиісінше шағын және орта бизнеске қарқын қосты. Жергілікті шаруалар лизинг бағдарламаларын бағындыруға да белсене кіріскен.
Солардың бірі – Мұқантүбек қыстағындағы «Жолай» шаруа қожалығы. Жергілікті шопан Қойшыман Әбеуовтің бастамасымен құрылған. Қазір шаруашылықты Қойшыманның ұлдары Жұмабек, Жұматай және Боранбайлар дөңгелетіп отыр. «Жолай» ресми түрде шаруа қожалығы ретінде 1996 жылы тіркелді.
– Шаруашылық әкемізден қалған түліктерді өрбітуден басталды ғой. Қолда бар малды бағып жүрдік. Жалғыз тракторымыз болды. Ағам Жұматайдың арқасында техникаларды қалыпқа келтіріп, жұмысымызды тоқтатқан жоқпыз. Ауыл адамының күн көрісі – қорасындағы малы. Соны көбейтіп, қажет кезде сатасың. Айналымға келген соң мемлекеттік бағдарламаларға қатыса бастадық. Осыдан төрт жыл бұрын «Сыбаға» бағдарламасы арқылы асыл тұқымды бұқалар сатып алдық. Қазір «Әулиекөл» тұқымын көбейтіп келеміз. Тірлік осылай жалғасып жатыр, – дейді «Жолай» ШҚ басшысы Боранбай Әбеуов.
Шаруашылықта Боранбайға бауырлары көмектесіп тұрады. Былтыр үлкен ағасы Жұмабектің ұлы Бейбарыс қыстақта үй тұрғызып алды. Бұл – үлкен еңбек. Жалпы «Жолайда» маусымдық жұмыс кезінде 7-8 адам жұмыс істейді.
Ауыл шаруашылығы министрлігі техника мен көлік құралдарының лизингі бойынша шаруашылықтарды қаржыландырудың «Қазақстанда жасалған» атты арнайы жеңілдікті бағдарламасын іске қосты. Қаржы жылдық 6% мөлшерлемесімен, 10 жылға және 1 жылға дейін лизингтік төлемдер бойынша жеңілдікпен беріледі. Инвестициялық субсидия түріндегі берілетін мемлекеттік қолдаудың арқасында алғашқы төлем 0% құрайды және қандай да бір комиссияларды төлемей және кепілсіз беріледі. Өтінім қабылдау және қарау азайтылған құжаттар пакетінің электронды көшірмелері негізінде жеңілдетілген тәртіппен жүзеге асырылады. Бұл бағдарламаның іске асырылуы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге елеулі қолдау көрсетіп, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлесін қосып қана қоймай, отандық машина жасауды дамытуға оң ықпалын тигізуге мүмкіндік береді. Былтыр Боранбай Әбеуов те ауыл шаруашылығын қолдау қорының көмегімен «Беларус» тракторын сатып алды. Бұған дейін ескі трактордың машақатын көрген кәсіпкердің шаруасы жеңілдей түсті. Алайда, ағамыз ескі тракторын да тастамақ емес. Оның қажет кезі шөптің қызған шағында дейді.
– Ауыл шаруашылығы саласында машина-трактор паркін жаңарту жұмыстарын жүргізу күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселе. Ол үшін субсидиялаудың тиімсіз түрлерін қысқарту есебінен, қолда бар мемлекеттік қолдау ресурстарды пайдалана отырып, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін сапалы және заманауи техникалардың қолжетімділігін қамтамасыз ету көзделген. Техниканы сатып алу кезінде инвестициялық шығындарды субсидиялау бағдарламасы аясында бірдей шарттармен қаржыландыру ұсынды. Бірнеше жылдан бері сапалы трактор алғым келіп жүрген. Бұл да орындалып, төмен пайызбен «Беларус» тракторын алып келдім. Техникаға «Қазагрофинанс» ұйымы арқылы қол жетті. Онымен қоса КУН арнайы техникасын да алдым. Бұл көп жұмысты жеңілдетеді, – дейді ол.
Боранбай Қойшыманұлы бізді шабындыққа алып барды. Қожалықтың шаруасы бір бөлек, ауылда өскен соң аталар құрығын қолға алмай елдің де, жердің берекесі кірмейтінін айтты.
– Батпаққара өңірінде әзір өркенін жаяр өндіріс кәсіпорындарын көріп отырғанымыз жоқ. Жерасты байлығы болғанымен, ол әлі зерттеліп, белгілі экономикалық шешімдер жасалуға уақыт керек. Бұл жерді қашаннан мал тұяғы таптаған. Қазір аудандағы елді мекендерден сыртқа көші-қон тоқтаған. Мал ұстап отырған ағайынның жағдайы жаман емес. Малының арқасында балаларына мамандық игертіп, оқытып жатыр. Қалалықтар мініп жүрген шетелдік жеңіл жүрдек көліктер де ауылдағылардан табылады. Жалпы, ауданның әлеуметтік әлеуетін осал демес едім. Мектептер, фельдшерлік пункттер жөнделген, байланыс бар. Бұдан артықтың қажеті жоқ, – деп бөлісті шаруа.
Сөзінің жаны бар. Бәрі тек еңбектің арқасы. Ауыл үлкендерінің айтуынша, нарықтың алдындағы 90-шы жылдары Амангелді ауданында жиырма шақты кеңшар болған, соның әр бөлімшесінен басқа түлікті айтпағанда, 15 мыңдай ұсақ мал өретін. Бұл салыстыру өткенді аңсау емес, мал басын көбейтуге аудандағы мүмкіндіктің мол екенін еске салу ғана. Мұны білетіндер жағдайларын жасап, қалалықтардан кем түсіп жатқан жоқ.
– Қазір ауыл жұрты қалаға ұмтылып жатыр. Біз қаламағанмен, бұл үрдіс бола беретіні анық. Біреулер мұны жақсыға балап отыр. Бірақ, осы көштің кесірінен қаншама ауыл қаңырап қалды. Ал, ауылдың бос қалуы даламыздың бос қалуы емес пе? Осында келіп, мал өсіремін деген адамға мүмкіндік көп. Бағдарламаларға қатысып, шаруасын өрістететін сәт. Мал өсіру үшін ең қажетті жер ғой, яғни жайылым мен шабындық емес пе? Облыстың солтүстік аудандарында мал өсіруге жайылымның тарлық ететіні айтылып жүр. Өйткені, көп жерді егін алқабы алып жатыр. Малға ұзап жайылатын жайылым керек. Сонымен қатар, облыстың солтүстік өңірінде қыс маусымында мал қорада ұзақ тұрады. Ал, Торғай өңірі ықтасын, күнгей болғандықтан, мұнда мал қораға қараша айынсыз кірмейді, тіпті, кейбір жылдары шаруа желтоқсанда ғана ақырға шөп салады. Оған дейін мал сыртта жайылады. Жылқы қыс бойы тебіндейді. Көктемде наурыз айы аяқталмай-ақ мал өріске шығып кетеді. Даланың көгі малдың жалауына жарап қалады. Мұның өзі мал өсіремін дегеннің бейнетін де, шығынын да жеңілдетеді. Қазір ауылда аштан өлмейсің! Тоқсаныншы жылдар емес. Ауылда шаруашылығын ұқсатқанға, ұқсатамын дегенге билік берешекке ақша беруде. Ол аз болғандай, сенің шаруа қожалығыңның ет-сүтін, егінін ептеп сатып алып, көмектесіп те жатыр. Қысқасы, жалқау болмасаң, ауылда шалқып өмір сүруге толық мүмкіндік бар. Тек, қимылдай беру керек, – дейді Боранбай Қойшыманұлы.
Сөз жоқ, шаруашылықтың қай саласы да адам еңбегімен дамиды. Амангелді – шаруаның қолынан құрығы түспеген өңір. Ауылда өндіріс, кәсіпорын жоқ, күнкөріс көзі негізінен мал болғандықтан, ауылда тұрған ағайынның барлығы да шетінен шаруа. Малдың жағдайын жақсы біледі.
Кәнігі шаруа Бөкеңнің: «Қыстың қытымыр аязында, жаздың аптап ыстығында мал соңында жүру оңай емес. Сондықтан, зейнетінен бейнеті көп мал бағудан кім-кімнің де қашатыны анық. Алайда, кәсіптің оңайын таңдаймыз деп жүріп, ата кәсібіміз болған малшылықтан ажырап қалмайық. Әйтпесе, екі қолға бір күрек табыла бермейтін мына заманда күнкөрістің жақсаруы екіталай. Осыны кім-кімнің де түсінгені жөн», – дегені кім-кімді болса да ойлантады. Қысқасы, істің көзін тапқан кісіге Торғай даласы түлегелі тұр.
Суретті түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓