«Матч ережесі сақталмайды»

Жасы тоқсанға келген қария осылай қынжылады. Бұл кісінің аты-жөні – Балғатай Бекмұхамбетов. Қарабалық ауданынан "Тобыл" футбол командасының кезекті матчын тамашалауға әдейі келіпті.
– Ата, футболға құмар сыңайлысыз, – деп сөзге тарттым.
– Он бір жылдай Қарабалықтағы "Тоғызақ" механикалық зауыты жанынан құрылған футбол командасының капитаны болғанмын, – дегенде қарияның тұлғасына көз салдым. Қолына таяқ ұстағанымен, жігіт шағында ұзын бойлы, ширақ қимылды болғанын байқадым. – Керемет ойындарды ашық аспан астында көрермен жаны сүйсіне тамашалайтын. Мұның өзіндік құпиясы бар, ол кезде матч ережесі қатаң сақталатын.
Қария үнсіз қалды. Мен оның бетіне үңіліп, қарай беремін. Өмірінің кейбір сәттерін көзіне елестеткендей кейіпте қалған ақсақал:
– Тоқсанға таяған адамның миы шатысуы мүмкін. Аз-аздап ойымды жинақтап алайын, – деген Балғатай ата сәл үнсіздіктен соң, әңгіме тиегін ағытты. – Қазіргі футбол матчына қатысқан ойыншылар тәртіпті жиі бұзады. Допқа таласқанда бірінің қолынан бірі ұстайды. Киімдерінен тартып, кейін шегіндіреді. Иықтарымен соққылайтыны тіптен масқара!
– Айып добын соғу жайлы пікіріңіз қандай?
– Алдымен, қарсыластардың алаңында әдейі сүрінуге құштарлар жетіп артылады. Сондайларға матч төрешісі жол бермеуі керек.
– Доп ойыншының қолына тиіп кетсе ше?
– Бұл енді шешілмес дау болып келеді. "Тараз" командасы Қостанайға келгенде доп "Тобылдың" қорғаушысы Сергей Малыйдың иығына тиді. Соны пайдаланып, тараздықтар пенальти талап етті. Иықтың аты иық. Егер де доп шынтаққа дейін тисе, онда пенальти тағайындаған дұрыс. Бас төреші талдықорғандық Д.Измайылов, С.Калачев, Д.Лабашов, қосалқы төреші, қостанайлық Санжар Ысқақовтар әділ шешім қабылдап, пенальти тағайындамады.
– Тараздықтар бір допты болса да иеленгісі келген ғой, – дегенімде қария мырс етіп күліп жіберді.
– Бәрібір қақпашы Александр Мокин допты қақпаға дарытпайтын еді. Супер кубоктағы теке-тіресте Мокин балам "Қайрат" пен "Астана" футбол командаларының сұр мергендерінің көздегенін шалыс жіберді емес пе? – деп сөзге нүкте қойды.
Міне, футболды сүйсең, Балғатай ата сияқты сүй деген осы болар.
Ермекбай Хасенов.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓