Жастарға не жетпейді?

Елбасымыз айтпақшы, мына заман – білектінің емес, білімдінің заманы. Сауатты адам сағаттың тілінен қалыспайды. Біз бүгінгі жаңа атаулы ертең-ақ ескіге айналатын, жүрісі жылдам дәуірге аяқ бастық. Бұл жағдайда кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіл өзгертуге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жетеді.
Соңғы кезде білімді өз елінен емес, шет елден іздейтін жастардың қатары көбеюде. Неліктен? Көрші елге білім қуамын деген сылтаумен елден кетіп, басқа мемлекеттің болашағы үшін жұмыс жасауға жастар неге сонша құмар?
Мемлекет әр баланың 11 жыл бойы білім алуына 3 млн 200 мың теңге көлеміндегі қомақты қаражатты жұмсайды екен. Сонымен қатар, бір тұлғаның қалыптасуы үшін қаншама адамдар тер төгеді, денсаулығын жұмсайды.
Осы жалғыз жағдайды ғана ескерсек, жастардың шет елдерге кетуі ел үшін үлкен шығын, шашылған дарын.
Шетелде оқыған студент пен қазақстандық студентті бір-бірінен артық немесе кем деп айту қиын. Дегенмен, шетел студенттерінің ойлау қабілеті мен адамға деген қарым-қатынасы ерекше. Сіз шетелде жүрсеңіз, ұлтыңыз, дініңіз, киім үлгіңіз ешкімді қызықтырмайды. Әр адамға жеке тұлға ретінде қарайды. Араласқанда өзіңнің қандай екеніңді көрсете білсең, соған лайық сыйға ие боласың. Олар әрбір ақпаратты сүзгіден өткізе біледі, яғни сараптап, оның рас-өтірігін тексере алады.
Мысалы, біздің мектептерде бір тапсырма берсе, оқушы оны жаттап, мұғалімнің өзіне қайтып айтып береді. Жақсы бағаласа, соған қуанады. Біз бір түнде орындайтын тапсырманы дамыған мемлекеттердің мектебінде бір-екі апта көлемінде зерттеу, сараптау тапсырмасы жүктеледі. Бір сөзбен айтқанда, білім беру жүйесі күрделі. Басты айырмашылық – осы ғана деп ойлаймын.
Шетелдік оқу орнын бітіріп, елге оралған жастар жұмыс таппай жатыр дегенді жиі естиміз. Жұмыс жоқ емес, бар ғой. 100-150 мың теңгені азырқанып, жұмыссыз жүрген жастарымыз көп.
"Болашақ" бағдарламасына тапсырғанда елге келгеннен кейін жұмыс істеу туралы арнайы келісім-шарт бар. Осы шарт бойынша шетелден алған біліміңді, тәжірибеңді бөлісуің керек. Егер құжатты қалалық жерден тапсырған болсаң, бес жыл, ауылдық жерден тапсырсаң, екі жыл көлемінде мемлекетке жұмыс істеуің қажет. Ол жерде түрлі талап бар. Бірақ аталмыш талаптардың өзі жастарымыздың елге қайта оралуына кепілдік бере алмай тұрғандай көрінеді.
Патриотизм – ұлы сезім! Менің ойымша, әрбір адам осы сезімге, рухқа ие болуы керек, әсіресе біздің бүгінгі мақалаға арқау болып жатқан жастар. Сондықтан, біз, яғни Қазақстан Республикасының әрбір азаматы, қыз-жігіттері еліміздің дамуына үлес қосу деген идеяны бірінші орынға қойып өмір сүруі қажет.
Әрбір жас қазақстандықтың санасында: "Мен – қазақстандықпын! Мен – елімнің патриотымын! Өзімнің бар білімімді, еңбегімді, тәжірибемді осы мемлекеттің бүгіні мен болашағына арнауым керек!" деген ойы болуы керек.
"Біздің ең маңызды әрі бағалы құндылығымыз – осы жерде өмір сүріп жатқан адамдар". Ендеше талабымыз да, бағдарымыз да айқын, басты мақсатымыз – қуатты мемлекет құру.
Біздің халқымыз адалдық пен әділдікті паш еткен мерейі үстем, ұрпағы ұлағатты жұрт болатыны сөзсіз. Надандықтың емі – білім, тәкаппарлықтың емі – тәрбие, яғни, мейірім. Сондықтан да жастарымыз бар жинаған білімін де, мейірімін де туған елің көркеюіне жұмсауы қажет.
Аружан Ерғалиева,
 ҚӨУ-нің Журналистика мамандығының 2-курс студенті.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓