Күлдіре білу – өнер

Халық құрметінен артық сый жоқ" – дейді жазушы
"Әзіл түбі – ақиқат, қалжың түбі – шындық, келеке түбі – кемшілік, мысқыл түбі – күйік, сықақ түбі – сын"екенін тіршілігінде тірек етіп күлкінің күлімен шығып, отымен кірген Сейіт Кенжеахметұлының есімі қашанда ел есінде жүргені, жүрері анық.
Сөзіміздің дәлеліндей қаламызда бүгіндері өтіп жатқан сатирик, жазушы-этнограф ғалым Сейіт КЕНЖЕАХМЕТОВ атындағы "Мірдің оғы" атты республикалық әзіл-сықақ театрларының фестивалі.
Сейіт ағамыз бүгін ортамызда болмаса да біраз жылдар бұрын көзінің тірісінде 55 жасында Торғай облыстық "Торғай таңы" газеті тілшісіне берген сұхбатын жаңғыртып беруді жөн көрдік.
"Күлдіре білу – өнер, күле білу – өмір, күлкілі болу – өлім" деп күлкіні өміріне арқау еткен ағамыздың ағынан ақтарылған әңгімесіне назар салыңыздар.
Редакциядан.
Жатқан жерінен бір аунап түссінші:
Теледидарды ашып қалсаң – Ғафекең,
Радионы басып қалсаң – Ғафекең,
Журналды қарап қалсаң – Ғафекең
Дунай бойын араласаң – Ғафекең.
"Мына біреу оңашалау кафе екен, – деп кіріп ем…
Мұнда да отыр Ғафекең… – деп әзілкеш Ж.Әбдірашев жазғандай, тіршілігінде бәріне де үлгірген Ғафекеңдей (Ғафу Қайырбеков) тынымсыз еңбектеніп, халқына рухани қызмет жасап жүрген суреткеріміз, сатирик жазушы, этнограф-педагог Сейіт Кенжеахметұлы ағамыз 55-ті сығалап тұр екен. Күні кеше ғана 50 жасын тойлаған сияқты едік. Атқан оқтай зулаған, зымыраған уақыт-ай десеңізші!
Көпшік салып мақтап емес, есімін айтып мақтан тұтатын Сейіт ағамен жүздесіп мақала жазу мойныма жүктелді.Телефон шалдым. Бақ бергенде үйінде екен. Ерсілі-қарсылы амандықтан соң:
– Аға, сізді 55-тің есігін қағып тұр деген соң… Өзіңізбен ашылып-шашылып әңгіме-дүкен құрайын деген ойым бар еді, – деп ағымнан ақтарылдым.
– Иә, 55-тің есігін тоқылдатып қағып жатырмын. Бірақ енгізбей тұр, – деп әзілдеп жатыр. Менің есіме табиғи талант, белгілі актер Өзбек Мұқашұлы 50-ге келіп тойлағалы жүргенде: – Өзбек-ау, менің тілімді алсаң сол елуге асықпа. Мүмкіндігің болса жүре тұр. Басымнан өткен соң айтам да, сол 50-іңнің қызығатын дәнеңесі жоқ екен, – деген қалжың сөзі түсті. Әрине, таң атайын десе де күн қойған ба?! Жасқа жас қосу бар да, соған қалай жету бар.
"Арқа даласының қазақы ауылында кіндігім кесіліп, туған халқымның әдет-ғұрпын қалаудай қалап, дәстүрін жадыма жылудай жинап, асылын, тілін аманаттай ардақтап, дінін діліме тұмардай тағып, салатын санама сыбағадай сақтап және солардың бәрін құрандай қастерлеп өсіп, ер жеттім" – деуі бүкпесіз шындық. Алты алаштың аяулы арыстарының бірі Міржақып Дулатовтың кіндік қаны тамып, табанының ізі түскен Қызбелдің Қыземшегінде көгілдір күміс көліне шомылған "Сарықопадай" жерұйыққа айырбастамас жер жәннатында дүниеге келіп, мұрагері іспетті рухани ізбасары болуында да табиғаттың, әлде құдіреттің бе, әй-теуір тылсым күштің әсері, шарпыған шапағаты бардай.
Әкеден жастай қалып "жетім бала, жесір ана" атанып, тағдырдың тақсыретін, тіршілік тауқыметін тартып ерте есейді. "Тұмсықтыға шоқтырмай, қанаттыға қақтырмай" жетімдіктің ызғарын сездірмей, оңды-солын танып өсуіне бар күш-қуатын берген анасы Салиманың өмірден көрген қиыншылығы да аз емес. Жазушының анасы Салима Құттыкелдіқызы – еліне ісімен жаққан. Жаркөл және Қаратал ауылдық Кеңесінің төрайымы, Торғай аумағында әйелдер ішінде ең алғашқылардың бірі болып аудандық Кеңестің депутаттығына сайланған, ер азаматтармен қатар тізгін ұстаған білікті жан болған. Пешенесіне жазылған өлшеулі ғұмырын кешіп, жалғызының қызық-қуанышын көріп, немерелерін емірене иіскеп жүріп, өмірден өтер қасқағым сәт туып жантәсілім берерде:
– Не арманыңыз бар? – деп ишан, молдалар сұрағанда.
– Арманым жоқ, тағдырыма ризамын, – деп мәрттік танытып, арман-мақсатының орындалып, өміріне өкпесіз "тобалап" шүкіршілік танытып алаңсыз көз жұмуында тектілік бар емес пе?! Ана өз ұрпағы алдындағы міндетін, бала өз анасы алдындағы борышын өтегендік дер едік.
Иә, Сейіт ағамыздың "дуалы ауыздың дұғасына тап болдым ба, байыпты бабаның батасына кезіктім бе, әлде халқымның асыл мұрасының киесі ме, жазушы, журналист, этнограф, педагог атағына ие болып, 10-15 жинақ шығардым" деуінде көз майын тауысқан тынымсыз еңбегінің, қалам тістеп сарыла, сарғая отырған жылдардың жемісі жатқандай.
Секеңнің қазақ әдебиетінде сатира көшін өрге сүйреп жүрген қарымды қаламгерлердің бірі, бірегейі екендігінде ешкімнің дауы жоқ. Мірдің оғындай өткір өлеңмен де, астарлы, уытты, қылыштай қиып түсер қара сөзбен де жазатынын сіз де, біз де білеміз. Білеміз де күлеміз. Қоғамымыздағы жат қылықтар, сүреңсіз сиықтар көзінен таса қылмаған кейіпкерлері тырмысқан Тыраш қиям-пұрыс Қияс, бірдеңе түртіп жүрер алай-дүлей Түлені, ұсақшыл Қиқым, бетіне жан қаратпас Бекбикелер арқылы санатталып, оған іс-қимылдардан бойды аулақ салуға жетелейді. Күлкіге көме отыра оқырмандарына ой тастайды.
"Тышқан тірлікпен" күнелткен кейбір ойы оғаш, ісі қиғаш "Аттеріс" кейіпкерлеріне "Ел құлағы елу", "Айтпады демеңіз" деп "Кәрі шеңгелдей", "Сөз семсермен" "Киіз қазықтай" жерге тығып, әзіл оспақпен жондарын осып, "Қуырдақтың көкесін" түйе соймай-ақ көрсетті. (тырнақшаға алынған сөздер жазушының әр жылдары шыққан сатиралық жинақтары).
Сатириктің әзіл-қалжыңдары, оқырмандардың көңілінде, әртіс, өнерпаз атаулының аузында, "Тамаша" ойын-сауық отауының репертуарында жүр. Шығармалары орыс, қырғыз тілдеріне аударылған. Сондай-ақ өзі де Ә.Несин, Л.Ленч, С.Олейнин, С. Михалковтың туындыларын қазақша сайратты.
Сейіт ағамыздың ойы ұшқыр, қаламы жорға журналист екендігіне де талас жоқ. "Торғай таңы", "Қостанай таңы" газеттерінде қызмет істеген жылдары, кейін де, бүгіндері де жарық көрген мақалалары, елдегі берекесіздікті, шаруашылықтағы шашауларды шанши жазған фельетондары, сын сықақтары Торғай өлкесінің мәдениеті мен әдебиетін, өнерін, белгілі адамдар мен ақын, батыр бабаларымызды (Тайжан, Нұрхан, Күдері, Нұржан, Омар, М.Сералин, Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Шақшақ Жәнібек, Төлек Жәуке, Файзолла Сатыбалдин) шаңнан аршып, ғасыр қойнауынан суыртпақтап сыр тартқан зерттеу, ой-толғамдары пікіріміздің дәйектілігіне айғақ. Астанадан алыста түпкірде жатып, республикалық "Қазақ әдебиеті", "Ана тілі" газеттерінің жүлдесін алуы да зиялы қауымның қарымды қаламгердің қалам қуатын мойындауы.
Тіліміздің, дініміздің беки түсуіне де Секеңнің қосқан үлесі мол. Облыстағы ірілі-ұсақты, мәдени-әдеби жиындардың Секеңсіз өткені жоқ. Соның бәріне барын сала араласып, салиқалы-салмақты сөзін арнап, батагөй батасын беріп жүрді, жүр де. Облыстық "Қазақ тілі" қоғамын күні кешеге дейін басқара жүріп, өктемдік саясаттан қағажу көрген ана тіліміздің өмірімізде қолдану аясын кеңейтуге, тіліміздің бастау алар көзі ұлт тіліндегі бала бақшалары мен мектептер ашуға да зыр жүгіріп, мұрындық болды.
Сейт ағамыздың тағы бір қыры – этнограф, ғалымдығы. Кеңестік идеяның ығында кетіп меңіреуге айналған санамызды жаңғыртуға себесін болар, облыстық, республикалық басылымдар арқылы жариялап, ақыры жақында "Ана тілі" баспасынан жарыққа шығарған "Халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары" атты кітабы жылдар бойғы талмай ізденістің жемісі. Бұрынғы жылдары жер қойнауынан мамонттың сүйегін тауып музейге әкеп тапсыруы да өлкеміздің қатпар сырына үңіліп, тарихқа бейжай қарамай, ғалымдыққа бет бұру еді. Ұмытылуға айналған шөп атауларының 800 түрін атауы да оңай олжа емес.
Жазушы-ғалым ағамыздың осы күндері ден қойып шұғылданып жүрген көз қуанышы, сүйікті ісі – ұстаздық. Кейінгі жылдары Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогика институтында студенттерге Қазақстан тарихы мен әдебиеті пәнінен дәріс бере жүріп, биылғы оқу жылында "ортақ өгізден оңаша бұзау артық" деп өз мектебін ашуы үлкен істің бастауы еді. Торғай тарихындағы қала берді ел тарихындағы Ы.Алтынсариннен кейін араға 130 жыл салып ашылған атаулы жеке мектеп осы – Сейіт Кенжеахметұлы мектебі. Осыдан екі-үш жыл бұрын Ы.Алтынсариннің 150 жылдығына байланысты Қостанай қаласында өткен республикалық ғылыми-конференцияда ұлы ағартушы жайлы баяндама жасап, сол тойда Секең "Қазақстан Республикасы халық ағарту ісінің үздігі" белгісімен марапатталып, елге жан-дүние-сін жаңғыртқан оймен, тың құлшыныспен орал-ған еді. Еліміздің болашағы жас ұрпаққа ұлттық салт-сана, имандылық, адамгершілік қағидаларын үйретіп, байтақ жерді иеленіп жатса да жылдар бойы қырғыштың қырындай ғана Қазақ ССР тарихы шеңберінен шыға алмаған білім танымды кеңейтіп, ақтабан, ақтаңдақ, тәуел-сіздік жолындағы күреске толы жылдар шежіресі беттерін де парақтайтын жүйелі сабақтар жүргізуді мақсат тұтқан Сейіт аға мектебі бүгіндері діттеген мүддеден шығып отыр.
Сонау Түркияда оқып жүрген Шолпан Садуова атты шәкіртінің ұстазына жазған мына хатына көз жүгіртелікші.
"Ағай, мен оқуға түсерде сіз қойған соңғы сұрақ Абайдың өлеңін оқып болғанымда "айналайын алдыңнан жарылқасын, жолың ашылсын,бақытты бол!" деген сөзіңіз мәңгі жадымнан кетпес. Мен сол 5 алғаныма емес, сіздің айтқан үш тілегіңізге қалай қуандым десеңізші. Сіздей кісінің маған берген ақ батасының шапағаты болар, мен қазір АрПИ-дан ауысып, Түркияда оқып жүрмін. Ағай біздің жастарымызға намаз оқуды үйрету керек. Мейлі олар оқымай-ақ қойсын, білсін. Болашақты жайнататын біздер – қазақ жастары. Салт-дәстүрімізді, тілімізді, дінімізді жаңғыртатын біздер. Сондықтан да біз бәрін білуге тиіспіз. Мұнда бізге түрік агайындар өзіміздің тарихымызды айтып беріп жатыр. Ал біз дым білмейміз, ұят екен,өкінішті. Көзіміз енді ғана ашылып жатыр…" Көрдіңіз бе? Бұл сыртта жүріп, Отан деген ұғымға қастерлей қарап, өз тарихын, дәстүр-салтын білмегеніне намыстанып, ұстазына аманат айтып, шексіз ықыласын білдіріп отырған шәкіртінің ұстазға деген ақ алғысы, жүрек лүпілі. Осы хатты ырзалықпен оқи отыра өзі сепкен білім нәрінің шәкірт бойынан табылғанына балаша қуанған. Ұстаз жүзінде шаттық шуағының ұшқыны сезіліп тұрды.
– Жүйрік жалғыз шауып бәйге алмасы анық. Өмірдегі, өнердегі "шымшыма сөзді, шақпа тілді" жаны жайсаң ағаларыңызға аңқылдап, "тікен тілді" қылжақпас, елгезек ізбасар іні-қарындастарыңыз қарасына көз қырыңызды салып қоясыз ба?
– Жалғыс шапқанға бәйге береді дегенді естіген адам жоқ. Мен ондай жарысқа қатыс-қан жоқпын. Алдымда Қайнекей, Садықбек, Шона, Ғаббас, Оспанхан, Үмбетбай сияқты ағаларым сүйенер-сүйкенерім болды, артымда Көпен, Марат, Қонысбай, Жұматай секілді іні-ізбасарларым болды. Құдай жалғыздықтан сақтасын. Бірақ алдым сиреп, артым қоюланып келеді. Алдыма қарап қорқам, артыма қарап қуанам.
– "Сықақтарын сықатып, Сап қойған ба сейф-ке, Үндемейді Сейіт те" – деп "ауыздығымен алысып" өзіңізбен қанжығалас келе жатқан өнердегі ініңіз Көпен айтпақшы, кейінгі кездері жұмысбастылау болып, шынында да сықақтарыңыздың бағын байлап сейфке салып-қойып жүрген жоқсыз ба?
– Көкте (ме) гір көк көз Көпен осыны көптен бері көп алдына көңірсітіп келеді. Бірақ шыны солай. Өйткені 2-3 жыл болды, жұмысбасты болып кеттім. Қазір аталған жұмыстың сыртында Арқалық педагогика институтында доцентпін. Қазақ әдебиеті, мәдениет тарихынан дәріс беремін. "Қазақ тілі" қоғамына күніне бірнеше адам келіп, тіл, мәдениет, өнер халық тәрбиесі мәселесінде кеңес сұрайды. Мұның сыртында жол сапарына да шығып тұрасың. Уақыт жетпейді. Міне дәл осы сәтте институтта "Ислам. Мұхамбет. Құран" деген тақырыпта дәріс оқуым керек. Облыстық музей өздері дайындаған кітапшаны оқып, пікір айтуымды сұрапты. Мұғалімдер білімін жетілдіру институты "Қазақ әдебиеті тарихынан" әңгімелеп беруді ертеңгі күнге жоспарлапты. Қоғамның "Наурыз" атты үнпарағын жаңа ғана шығарып, алғашқы данасын ұстап отырмын. Мұндай қат-қабат шаруалар күнде кезек күтіп тұрады. Міне, осындай себеппен құдай берген өнерге кейде қол тимей қалатыны да бар. Оны мойындап қояйын.
– Оны-мұныны түртпектеп сұрап білуге құштар журналистік көңілмен Сейіт ағадан жұмыс бөлмесі төрін де, бір қабырғаны алып тұрған кітаптардан еншісі бөлек елеусіздеу қарсы беттегі сөре де жинаулы тұрған көне тоз папклердің жөнін сұрадым:
– Е, бұлар жылдар бойы жинаған қол жазба деректер. Мына төрт папкі қазақ зиялыларының өмір тарихы жайлы дерек, ал анау бесеуі қазақтың салт-дәстүрі. Мына папкі дінге қатысты қол жазбалар, ана бір төрт папкі қазақ тарихына байланысты материялдар деп көрсетіп жатыр. Елге танымал жазушының шығармашылық лабораториясын тап-тұйнақтай жинастырып, тақырыптар бойынша сорттап қойған ұқыптылығына тәнті болдым. Қабырғадағы түкті кілем бетінде "Арқалық қаласының Құрметті азаматы" деген жазуы бар лентаға көзім түскенін сезді білем. "Ол маған елімнің көрсеткен құрметі ғой, халық құрметінен артық сый жоқ, қалқам", – деп шаттана айтты.
Иә, жұртшылық аузында жүрген, ел құрме-тіне бөленген жазушыда мұнан өзге бақыт бар ма?
Жазушының отбасына аялдасақ тіршілік оты маздаған ұлағатты жанұялардың бірі. Алты бала тәрбиелеп өсірген. Олжасы мен Зәмзәгүлі жоғарғы оқу орнын бітірген, өз мектебінде мұғалім. Жасұланы – Торғайда ішкі істер бас-қармасында қызметте. Абзалы – Алтынсарин кеңшарында еңбек етеді, академияда оқып жүр. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған. Сейіт аға мен Тұрсын апай былдырлаған бала тілді немере сүйген ата мен әже.
"Бірталай істі бітіріп.
Елуге келді құтырып"
Ахаңдар "ах" деп қалғанда,
Ауызынан түскен түкірік.
Парызың әбден өтеліп.
Жүзге де бір күн жетелік…
Жұртыңмен бірге жасай бер
Күлкіңнің туын көтеріп! – деп бұдан бес жыл бұрын белгілі ақын інісі Серік Тұрғынбеков айтқандай, еліңізге қалтқысыз қызмет етіп, халқыңыздың ыстық ілтипатына бөлене беріңіз. "Торғайдың күрең торы тобылғысы" – әз аға!
Сапар ӘБІЛКӘКІМТЕГІ.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓