С.Харченко: «Бұл менің Қазақстаным»

Әріптес, дос-аға Сергей Василийұлымен соңғы он бес жылдан бері әріптес ретінде қоян-қолтық араласып келеміз. Таяуда ол маған жаңа шыққан кітабын сыйға тартты. Сыйға тарта отыра "Қостанай таңы" арқылы қазақтілді оқырмандар өзінің осы еңбегімен танысып, хабардар болса екен деген өтінішін де жасырмады. Кітапты қарасам, кезінде өзім оқыған, танысқан қызғылықты дүниелер.
"Мен Украинада ес біліп, ержеттім де, комсомолдық жолдамамен қазақ жерінен бір-ақ шықтым", – деп жазады Сергей дос, – "Жітіқара асбест комбинаты құрылысын салуға атсалыстым. Сөйтіп жүріп, жергілікті көп тиражды "За асбест" газетіне үзеңгілестерімнің жарқын істері хақында мақала жазатын болдым. Журналистикадағы қадамым осылай басталды".
Бұл Сергей Харченконың Мәскеу баспасынан шыққан кітабы "Кеңестіктен кейінгі шындықты іздеу" ("Послесоветский поиск истины") баянының бір үзбесі.
Міне, содан бері 60 жылдан асты, С.Харченко табан аудармастан Қостанай жерінде ғұмыр кешіп келеді. Мамандығы – журналист, облыстағы ең ірі медиа холдингті 30 жыл басқарды. Ғылым докторы, профессор, қоғам қайраткері, Қостанай облысының құрметті азаматы. Айта берсең бір басына атақ-даңқы жетіп артылады. Екі дәуірдің куәгері: Кеңестік империяны арда еміп өскен, қалыптасқан, Тәуелсіздікті қаз-қаз басқанынан бастан кешіп, көріп келе жатқан тұлға.
"Бұл кітап 30 жылға жуық Кеңестер Одағының ыдыраған жылдан бергі кезеңде жазылды. Дүниежүзінің талай елдеріндегі сапарларымдағы саясаткерлер, дипломаттар, бизнесмендер, түрлі мамандық иелерімен болған кездесулер мен жүздесулер, сұхбаттардың нәтижесінен туған баяндар. Кеңестер Одағы өз бетінше күйреген жоқ, – деп жазады ардагер-саясаткер. – Ол АҚШ-тың жіті нұсқауымен болды. Соның нәтижесінде әлем қайта өзгерді. Мемлекеттер де, азаматтары да басқаша қалыптаса бастады. Бәрі АҚШ-тың өмір салты мен демократиясына бағдар түзеді. Бүгінде ол әлемге өз үстемдігін жүргізгісі келеді. Өздерінің өмір салтын таңғысы келеді. Ал Қазақстан секілді өз дербестігінің тізгінін жаңа ал-ған Ұлы дала мемлекетінің өзіндік даму жолы бар" – "Провинциялық журналистік көзімен" деген ұстаныммен жарық көрген кітаптың дені – автордың өз тұшынымы, өз толғанысы, өз пайымдаулары.
Отыз жыл бойында жазылып, жарық көрген мақалалар мен сұхбаттарды байыппен қараған кісі автордың төрткүл дүниедегі саяси құбылыстарға деген көзқарасының қалай өзгеріске ұшырағанын байқайды. Бір кездері КСРО құрамындағы республиканың іргелі облысындағы ықпалды баспасөзінің тізгінін ұстаған редактор үшін ескі күйреп, жаңа заман пайда болғаны оңайға тимеген. Әсіресе орыстілді орта үшін тәуелсіздік алған ұлттық мемлекеттердің қалай дамып, қандай бағдар ұстайтыны айрықша назарда болды.
Арада тәуелсіздіктің он жылы артта қалған кезеңде Америкаға сапарлағанда С.Харченко АҚШ конгресінің мінберінен сөз сөйлеуі тиіс еді. Бірақ АҚШ конгресмендері бұрынғы республикалардан тек оппозиция өкілдерін ғана тыңдайтынын айтып, жолын кескен екен. Сол мінберге дайындаған сөзінде С.Харченко: "Мен Қазақстанның, өзім сүйетін Отанымның гүлденуіне, ондағы азаматтық қоғам құруға, барлық азаматтар заң алдында бірдей, сөз бостандығы мен адам құқығы іс жүзінде мемлекет пен қоғамның мәніне айналатын елге күш-жігерімді жұмсайтын ақпараттық кеңістік туралы айтқым келеді" деп жазып, – "Қазақстан БАҚ-тың даму қарқыны жағынан Орталық Азия мен Кавказ маңайы елдерінің көбінің алдында келеді. Біз конгресс басқосуында өз өмірімізден мысал келтіре отырып, республикамыздағы қоғамдық өмірді неғұрлым шынайы әңгімелеп бердік. Рас, бізде кемшіліктер де, шешілмеген мәселелер де жеткілікті. Бірақ біз оны бөтеннің ақылымен емес, өз күшімізбен шешуге ұмтыламыз дедік".
Кітап авторы Сергей Харченко Қазақстанның Тәуелсіздігін орнатудағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи рөлінің орасан зор екенін нақты дәйек-деректермен, терең пайымдауларымен толғайды. Автор Тәуелсіздіктің 15 жылдығында республика аяғынан тік тұрған, нарыққа нық қадам басқанын атап көрсетеді.
"Елде бай адамдар көбейді. Түсіне білсек, бұл жақсы құбылыс. Бірақ, көңілге алаң кіргізетін нәрсе – байлар кедейлердің есебінен баюға тиіс емес. Олар өндірісті ұйымдастырып, оны тиімді жүргізіп, жұмыс орындарын ашып, ақ адал бизнесін дамытып жатса нұр үстіне нұр. Сонда ғана билік пен халықтың арасы жақындай түседі" дей келе, қоғамдағы экономикалық үрдіс пен идеялық бірлік қатар дамығаны жөн деп тұжырымдайды. Ол Елбасының ұлттар арасындағы татулықты нығайта түсіп, ешқандай араздыққа жол бермеу керектігі хақындағы ұстанған саясатын қолдап, үнемі насихаттап отыратынын аңғартады.
Автор үшін кіндік қаны тамған туған жері де қымбат. Оны осы кітапқа енген Украина республикасының тағдыр-талайы хақындағы он бірге жуық мақала-сұхбаттардан анық байқаймыз. Тарихи отанының тағдыр тәлкегіне ұшыраған әр сәттерінен сыр суыртпақтайды. Пікір-көзқарасын ашық ортаға салады. Ата жұртындағы келеңсіз оқиғаларға жаны ауыратыны сезіледі. Ол әсіресе Қазақстан мен Украина арасындағы саяси-экономикалық ынтымақтастықтың нығая түсуін қалайды.
Журналист-ғалым С.Харченко тәуелсіз Қазақстанның әлемдік қауымдастықта лайықты орнын табу жолында көршілес Ресей мен Қытай мемлекеттерімен тең дәрежеде стратегиялық қарым-қатынас орнатқанын тілейді.
"Менің елім, менің тағдырым, менің Президентім" – бұл автордың ағынан жарылған ой толғамы. "Міне Тәуелсіздіктің 15 жылдығы. Менің Қазақстандағы өмірім мен қызметіме де 50 жыл толды. Сонау жастық шақты еске алсам, Донбастан келген жастарды қазақ елі құшақ жая, аса салтанатпен қарсы алды. Жітіқарада Николай Жабин бригадасының бетоншытас қалаушысы болып жұмысқа орналастым. Алғашқы үш айда тақтай еденде жаттық, ыстық ас та сирек болды. Бірақ ел-жұрттың ықыласына ешнәрсе жетпейді. Сол жылы келген мыңға жуық комсомол-жастардың 500-і келген жағына қайта кетіп, бақуатты өмір сүргісі келді. Ал мен болсам жүк пойызымен келген бозбала енді жұмыс істеп, ақша тауып, жолаушы пойызымен қайтуды ойладым. Бірақ тағдырдың жазуы басқаша болды", – деді автор, – "Журналистикаға деген құштарлық оянып, қалалық газетте мақаларым жиі шыға бастады. Сол кезде баспасөзден Те-міртаудағы екпінді құрылыс – Қазақстан Магниткасы, Орта Азиядағы тұңғыш домна пеші, кен бригадасының кеншісі Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін оқыдым. Содан-ақ журналист ретінде екпінді құрылыстың тыныс-тіршілігіне назар тігіп жүретін болдым. Бүгінгі Елбасы Н.Назарбаевтың өмір жолымен осылай қаныға бастадым" – деп автор экс-президенттің жанқиярлық еңбек жолы туралы толғана баяндайды. Елбасының тағдыры – Тәуелсіз Қазақстанның тағдырымен біте қайнасқан, тағлымды да өнегелі тағдыр екенін сүйсіне әңгімелейді. Н.Назарбаевтың Қостанай өңіріне жыл сайынғы жұмыс сапарындағы жылыжүзді кездесулері, өңірдегі өнегелі жұмыстарға берген бағасы, көрсеткен қолдауы, парасатты да тағлымды ой-көзқарастары хақында сыр шерткен.
Осыдан тура 10 жыл бұрын Мәскеуде болған кезекті кітабының тұсаукесерінде мәскеулік қазақтар Сергей Харченконы этникалық емес, Қазақстанның патриоты деп атады. Харченко болса: "Мен бұған мақтанамын, өйткені менің отаным деп Украинаны, өзімнің туған елім деп Қазақстанды білемін. Бұл менің елім, менің тағдырым, менің Президентім" деп жазады.
Автор шетел сапарларындағы өз жазбаларында әлемдік БАҚ-пен отандық журналистика мәселелерін салыстыра талдайды. С.Харченко Дариға Назарбаеваның бастамасымен жыл сайын тұрақты өткізіліп келген Евразиялық медиафорумның түгелдей қатысушы ретінде де журналистиканы әлемдік деңгейде, әлемдік мәселені Евразиялық мінбер аясында сарапқа салған. Бұл кітабының алғашқы бетінде "Өмірдің жалпыадамзаттық құндылықтарын өздерінің дүниетанымы және бейбітсүйгіштігімен дәлелдеген Қазақстан журналистеріне арнаймын" деуіне де осындай алқалы басқосулар себеп болған шығар.
Саясаткер Дінмұхамед Қонаевтың "Сталиннен Горбачевке дейін" мемуарын оқығаннан кейінгі әсерімен бөліседі. Автор Қазақстанның қуатты республика болып қалыптасуына Қонаевтың сіңірген еңбегі орасан зор деп есептейді. Айталық, Ресей мен Украина арасындағы ұзаққа созылып келе жатқан жанжалдағыдай жағдайға Қазақстанды ұшыратпаған осы Д.Қонаевтың арқасы. Қуатты Қазақстанды Қонаев Назарбаевтай сенімді қолға тапсырғанының нәтижесінде туған еліміз алға тұрақты даму жолына түсті деп есептейді кітап авторы.
Өзінің бүкіл саналы ғұмырын қазақ жерінде кешіп келе жатқан қарт қаламдас Сергей Харченконың жазбаларынан алған пікірлеріміздің бір парасы осындай.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓