«Атаның» абыройы асқақ!

Қостанай қаласының құрметті азаматы, танымал меценат Марат Қабдысалықовтың соғыс және еңбек ардагерлеріне қамқорлық танытып келе жатқанына биыл жиырма жыл болды. 2001 жылы Марат өзінің шағын кафесінің бір бұрышынан «Ардагер» клубын құрған. Онысы – жылмажыл қатары сиреп бара жатқан қарт майдангерлер бас қосып, шүйіркелессін, бір мезгіл тегін ас-ауқат ішіп, көңіл көтерсін деген адал ниетінен туған ой-тұғын. Ол кезде облыс орталығында соғыс ардагерлерінің өзі бір қауым ел еді. Қазір ғой, саусақпен санап аларлық. Дені әлдеқашан өмірден озған. Кафенің төрінде тек портреттері ілулі тұр. Марат Қабдысалықов оларды сондай бір қимастықпен еске алады.
– Сол алғашқы лекте Молдағали Жүнісбеков, Камалбек Зәкіров, Шәкір Баймұхамбетов сияқты соғыс ардагерлері болған еді. Олардың бәрі өз алдарына жеке тарих еді ғой, жарықтықтар! Жастарға үнемі жол көрсетіп отыратын. Ақыл-кеңестерін аямаушы еді. О баста қайда барамыз, қайда қоямыз дегенде, ең бірінші сол кісілермен ақылдасатынмын. Қазір көзі тірі ақсақалдардан Қасымхан Алдабергенов, Дмитрий Брусник, Дмитрий Наприенко тәрізді ақсақалдарымыз дін аман ортамызда жүр. Ол кісілерге Алла ғұмыр берсін! «Қарты бар елдің – қазынасы бар» деген, арамызда жүрген азын-аулақ ардагерлерімізді құрметтей білсек, одан ұтпасақ, ұтылмаймыз, – дейді Марат Қабдысалықұлы.
2003 жылы ардагерлер клубы «Ата» қоры болып құрылды. Оған себеп, клубқа мүше болғысы келетін ардагерлердің қатарының көбеюі. Мәкең енді қор мүшелігіне соғыс және тыл ардагерлерімен қоса, қарапайым еңбек ардагерлерін де қосты. Бүгінде «Ата» қорының қарамағында 600-дей ардагер есепте тұр. Көбісі соғыс жылдары өмірге келген кісілер. Олардың да жасы қазір жетпістен асқан. Мәселен, 75 жастағы Владимир Васильев 1970-72 жылдары Семейдегі ядролық сынақ алаңында әскери борышын өтепті. Бірнеше рет жер асты сынақтарына қатысқанын айтады. Әскер қатарынан оралған соң мал шаруашылығын селекциялау жұмыстарымен айналысқан. Он сегіз жыл пойыз бастығы болып жұмыс істеп, Мәскеу, Санкт-Петербург бағытына қатынаған. 2009 жылдан бері еңбек демалысында. «Мен үйде бір өзім тұрамын. Осында келсем уақытым өтеді. Көңілім көтеріліп қалады. Біз мұнда жиі жиналамыз, шәй ішеміз. «Ата» қорына мүше болғаныма алты жылдан асты. Марат Қабдысалықұлы пандемияға дейін қарттар үшін би кештерін ұйымдастырып, түрлі сыйлықтар беріп тұратын. Бәрі тегін. Бұрын экскурсияға шығатынбыз. Мәселен, алдыңғы жылы Татарстан астанасы – Қазанға барып қайттық», – дейді қария.
Қарт жолсерік «Ата» қоры тағайындаған «Жеңістің 75 жылдығы» мерейтойлық естелік медалімен марапатталды. Осындай медальге ие болған тағы бір кісі – «Астана-Түркісіб» ЖШС бастығы Владимир Рожко. Ол қормен тығыз байланыс орнатқан. Қолынан келгенше жәрдемдесуді парызым деп біледі. Кешегі Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс мерекесі қарсаңында қор төрағасы Марат Қабдысалықұлы қолы ашық, жүрегі кең азаматтың омырауына мерейтойлық медальді тақты.
– Қарттарға қол ұшын созып, көмектесіп отыруды өзіме міндет санаймын. Өйткені, олар бізге өмір сыйлады. Кешегі соғыс жылдары жанын шүберекке түйіп жүріп, Отанды, ел мен жерді жау қолынан азат етті. Сол үшін жалғыз мен ғана емес, баршамыз екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерін құрметтеуіміз керек, – дейді Владимир Рожко.
Марат Қабдысалықов жетекшілік ететін «Ата» қоры тек облыс орталығы ғана емес, аудандардағы соғыс және еңбек ардагерлерін шефтік қамқорлыққа алған. Олар үлкенді құрметтей білетін Мараттай азаматтың ісіне дән риза.
«Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс мерекесі қарсаңында «Ата» қоры бізді арнайы шақырып, мерекемен құттықтады. Бұл біз үшін үлкен мәртебе! Марат Қабдысалықұлына алғыс айтқым келеді. Дені сау болсын! Мен аудандық ардагерлер кеңесінде алтыншы жыл жұмыс істеймін. Б.Майлин атындағы ауданда төрт мыңдай зейнеткер, еңбек ардагері есепте. Соның 144-і тыл ардагері. Олардың арасында концлагерь тұтқындары, блокада куәгерлері бар. Біздің аудандық кеңес «Ата» қорымен тығыз байланыс орнатқан. Марат бізді үнемі құттықтап, сый-сияпат көрсетіп тұрады. Үлкен кісілер үшін бұдан артық құрмет бола ма. Оның сыртында былтырлары бір топ ардагерді Нұр-Сұлтанға, Көкшетауға, Бурабайға апарып келді. Еліміздің басқа да көрікті жерлерін араладық. Татарстан астанасына қыдырып қайттық. Марат Қабдысалықұлы бір мезет қарап отыруды білмейді. Үнемі ізденіс үстінде жүргенін көремін. Оның бар мақсаты – қарттарға көмектесу», – дейді Б.Майлин аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Раиса Овчарова.
 «Ата» қоры ардагерлерге әлеуметтік көмек берумен қатар, соңғы жылдары олардың демалысын ұйымдастырды. Үлкен, жайлы автобуспен қарттарды Нұр-Сұлтанға, Қостанай қаласының сыртындағы табиғат аясына, өндіріс ошақтарына, шаруашылықтарға, Бурабайға, Челябіге апарды. Ауруханаға түскен қарияларға дәрідәрмегін, тамағын апарып береді. Ешкімі жоқ қариялар о дүниелік болғанда оларды соңғы сапарға аттандыруды да өз мойынына алып отырады. Біз тілдескен қариялардың бәрі жиырма жылда кез келген адам тәуекел ете алмайтын істі Мараттың бір өзі қолға алып, соңына дейін жеткізе білетін қасиетін айрықша бағалайды. Дәл осындай қамқорлықты, шыны керек, кейде өз жақындарынан да көрмейтінін жасырмайды. Мұндай қоғамдық қор еліміздің басқа өңірінде жоқ. Сондықтан, ардагерлердің «Ата» қорының жұмысы қазақстандық патриотизмнің бір үлгісі деуі тегін емес.
– Біз соғыс жылдары Отанымызды жаудан қорғаған және тылда майдан үшін тынымсыз еңбек еткен, одан кейінгі жылдары еңбек үлгісін көрсеткен аға буын өкілдері — ардагерлердің алдында мәңгілік қарыздармыз. «Ата» қоры сол үшін құрылды. Оған да міне, көзді ашып-жұмғанша, жиырма жыл толып отыр. Менің қолымда қырық шақты бейне таспа бар. Сонда көп дүние сақталған. Ол біз үшін үлкен тарих! Қарттар – біздің қазынамыз! Оларды құрметтеу, сыйлау өскелең ұрпақ алдындағы айнымас міндет. Оларға көп нәрсе керек емес, үйіне кіріп шығып, қал сұрасқаныңа да әжептәуір қуанып қалады. Әттең, мына коронавирус кедергі келтіріп тұр. Қазір көп мекеме, кафе-ресторандар жабық. Оған дейін ардагерлердің үнемі басын қосып, қыдыртатын едік. Сыйлық жасап тұратынбыз. Бір мезетте 500 сыйлық әзірлейтінбіз. Қазір карантинге байланысты көбі шектеулі. Енді-енді өз-өзімізге келіп жатырмыз. Қолымыздан келгенше биыл 150 шақты азық-түлік кәрзеңкесін үлестірдік. Қарттар да бала сияқты, сәл нәрсеге өкпелеп қалады. Бірақ, ешкімді алаламаймыз. Бұл жолы төсекке таңылған үлкен кісілерге жіті мән беріп отырмыз, – дейді қордың құрылтайшысы Марат Қабдысалықов.
«Ата» қоры жиырма жылдың ішінде 360 мүгедектер арбасын үлестірген. Оның сыртында науқас кісілерге берген есту аппараттары, дәрідәрмектердің санында қисап жоқ. Осының бәрі Мараттай мәрт азаматтың қарттарға деген шексіз қамқорлығының жарқын мысалы. «Бұл дені сау кез келген азаматтың абыройлы борышы десем қателеспеймін. Біздікі теңізге тамған тамшыдай ғана үлес. Бұл ардагерлерге жасаған еңбектің бір парасы ғана», – дейді Мараттың өзі.
Суреттерді түсірген автор.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓