Бір ауылдың түлеп ұшқан жастары едік…

Уақыт шіркін не деген ұшқыр! Көзді ашып-жұмғанша мектеп бітіргенімізге аттай елу жыл –жарты ғасыр болыпты! Біз Жанкелдин ауданындағы Торғай орыс орта мектебіне 1961 жылы барып, 1971 жылы бітіріп шықтық. Ол кезде мектеп директоры Лидия Михайловна Сметановская еді. Қолымызға қалам ұстатып, алғаш әліпби үйреткен ұстазымыз Таисия Александровна болатын. Ол қазақша білмейді, біз орыс тілін түсінбейміз. Балалық шақта осындай бір қызық та болған. Апайымыз бастауыш сыныпта бізді суретке түсіріп алған еді. Осы мақалада сол суретті қоса жолдап отырмын.
«Елу жылда ел жаңа» дегендей, содан бері бәріміз де күйкі тірліктің күйбеңімен бір сарынды өмір кешіп жатқан жайымыз бар. Кезінде бала санымен, білімділігімен ауданда екінші, үшінші, спорттық жарыстарда бірінші орын алатын жалғыз орыс мектебі қазір жаңарып, күрделі жөндеуден өтіп жақсарса да, бала саны азайып барады… Ол кезде, әрине, заман басқа еді. Ата-аналар «орысша оқысын» деп балаларын орыс мектебіне беретін.
Мен мектеп бітірісімен жұмыс істеп, кейін жоғарғы оқу орнына түстім де, бес жылдасын өзім түлеп ұшқан алтын ұяма қайта оралдым. Мектеп те қызығы мен қиындығы қатар жүретін кезеңдер ғой, кейде сол бір шақ қайта оралса ғой деп аңсайсың. Қаншама жоғары білімді ұстаз сабақ беріп, білім нәрімен сусындатты. Үлгі-өнеге көрсетті. Мектеп директорлары – Ғазез Қасқатаев, Кәкім Анапин ағайлар бізге сабақ та берді, сынып жетекшісі де болды. Құсайын Сәбитұлы, Хамидолла Құсайынұлы, Тұрсынбек Жармағамбетұлы, Раиса Батырханқызы, Әлім Сәбитбекұлы, Любовь Шәріпқызы, Юрий және Лидия Сметановскийлар, Мүбәрак Дәуітқызы және сыныптастарымыз – Жақсылық Мырзаханұлы, Люба Дзюба, Жақсылық Әнуарбекұлы, Лиза Нұржанқызы, София Бірәліқызы, Сағи Дәужанұлы, Көшімбек Жармақұлы, Мұрат Нарғожин, Раиса Тоқтамысқызы, Тимур Сейсенбаев, Әскен Бимағамбетов. Бұлардың бәрі қазір о дүниелік болған. Иман байлығын берсін! Артында қалған ұрпақтары аман-сау болып, өсіп-өне берсін демекпін. Топырақтары торқа, жандары жәннатта болсын.
Өмір деген өз кезегімен өтіп жатыр. Бұл ұстаздардан білім алған шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде елге адал қызмет етіп, қазір зейнеткер атанып отыр. Көзі тірі ұстаздарымыз – Тұраш Қалдыбайқызы Алпысова, Тамара Ахметқызы Жармағамбетова апайларымызға Алла ғұмыр берсін! Сыныптастарымыздың дені жоғары білімді мамандар – әр салада абыройлы қызмет етіп, өмірден өз орындарын тапты. Света Серищева – Санкт-Петербургте, Ольга Панкрац – Германияда, Сәуле, Нұрбану, Нұрсұлу, Бәтес, Ғалия, Әмірхан, мен – Нұр-Сұлтан қаласында тұрамыз. Бауыржан мен Балдырған Рудныйда, Гүлсайран, Ақбөпе, Қадыр, Балғабай, Оля Линская – Қостанайда, Жанқылыш, Дәулетхандар – Алматыда, Айман – Сарыағашта, Арен, Елтай, Асқар, Айтжан, Қапар, Бауыржан – Арқалықта тұрады. Торғайда Қуантай, Рая, тағы басқалары бар. Біздер сегізге дейін «А» мен «Б» болып екі сыныпта оқыдық. Одан кейін көп бала СПТУ-ға кетті де, жоғары сыныпта қалған оқушыларды бір сыныпқа біріктірді. Қарап отырсақ, он жылдың ішінде бір сыныпта 69-70 бала оқыған екенбіз. Бірақ, атааналарының басқа жаққа жұмыс ауыстыруына байланысты Рая Айтуғанова Семиозерға, Баранова, Серік Ибраев, Серік Нұржанов, Б.Бексұлтанов, Ғалия Аққуова, К.Черкасс, Күләш Абеуова, Бақыт Сарыбаева, Ерхан Үдербаев, Алеша Жапаровтар көшіп кетті. Біз осылай мектеп бітірген едік.
Кенжегүл КӘДІРБАЕВА,
ҚР білім беру ісінің үздігі, зейнеткер.
Нұр-Сұлтан қаласы.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓