Майдангердің қызымын

Адам санасында ұмытылмайтын, ескермейтін тарихи оқиғалар болады. Соның бірі әлемді дүр сілкіндірген екінші дүниежүзілік соғыстың қасіреті. Сол сұрапыл жылдардың аяқталып, жеңіске жеткенімізге де міне, 76 жыл мерзім уақыт өтіпті. Сол бір сұрапыл соғысқа қолына қару алып, Отанын қорғауға менің әкем де аттанған еді. Есенғалиев Елеген Ұзынкөл ауданының Итсары ауылында 1923 жылы дүниеге келген. Әкем 19 жасында 1942 жылдың қыркүйегінде майдан-ға шақырылған, 35-ші дивизияның құрамында қызмет етіп жүріп, неміс басқыншыларына қарсы талай ұрыстарға қатысып, көптеген орден-медальдармен марапатталған. "Ұлы Отан" соғысының 2-ші дәрежелі ордені, "Ерлігі үшін" деген 2-медалі, "Ленинградты жаудан қорғағаны" үшін медалі бар.
1943 жылы Воронеж қаласын жаудан қорғау кезіндегі қанды майданда аяғынан қатты жараланып, соғысқа жарамсыз ретінде елге оралған. Елге келіп жүк машинасының жүргізушісі болып, тың игеруге атсалысып, зейнеткерлікке шыққанға дейін еліне адал қызмет еткен жан. Сол ерен еңбегі үшін де "Құрмет белгісі" орденімен, "Тың игеру" медалімен және "Ұлы Жеңіске" арнап шығарылған бірнеше мерейтойлық медальдармен марапатталды.
Анам Нұрсифат Көбекқызымен отбасын құрып, жеті ұл-қыз өсіріп, тәрбиелеген. Менің анам тыл еңбеккері, ол 16 жасынан трактор, комбайнға мініп, жұмыс істеген. Ата-анамыз бізге жақсы тәрбие берді, оқытты. Балаларының барлығы да жоғары оқу орнында оқыды. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырды, немере сүйді. Ауылдың ақ бата беретін ақ әжесі атанды. Қонақ келгенде табақ-табақ ет асып, самауырынмен тәтті шайын, құрт-майын, жентін, ып-ыстық бауырсағын ұсынып, ерекше қонақжайлық танытатын. Оның бәрі біздер үшін үлгі-өнеге. Осы қазақы өнегені кейнгі ұрпақтары жалғастыруда. Анамның қолдан соққан күміс білезігі мен ағаш табағын көзімнің қарашығындай сақтап, қолданып жүрмін.
Иә, сұрапыл жылдар ешкімді аямады. Зұлмат 1936-1937 жылдары Есенғали атамды яғни әкемнің әкесіне "Халық жауы" деген жала жауып, ату жазасына кесілген болатын. Сол кездегі бар кінәсі арабша құран, намаз, оқығаны болды. Үш ұл, бір қызды әжеміз өсірді. Кішкентайынан жетім өссе де, елім, жерім дейтін патриот ер жігіт болып өсті әкеміз.
Биыл тәуелсіздіктің 30-жылдығында өзім де осыдан 35-жыл бұрын "Желтоқсан оқиғасына" қатысқанымды еске аламын. Бұл менің басымнан өткен оқиғаларым ұрпақ сабақтастығы сияқты көрінеді де тұрады. Мен де өз елімнің, жерімнің патриотымын. Ел алдындағы борыштарын өтеп, еліміздің амандығын, жеріміздің тұтастығын қорғап қалған ерлерге тағзым етеміз. Олар еліміздің жарқын болашағын, жас ұрпақтың өмірін, халықтың бақыты мен қуанышын сақтап қалды. Ардагерлердің ерліктерінің арқасында біз осы күнге жеттік. Біздің өз қалауымызбен еркін өмір сүріп, мектепте алаңсыз білім алып жатқанымыз, шаттана күлгеніміз, жайраңдап жүргеніміз – бәрі де сол Ұлы Отан соғысы Жеңісінің жемісі. Әрине, соғыс болмасын! Біздер соғысқа қатысып батыр болмайық. Біз бейбіт күннің батырлары болуға тырысайық. Ел үшін аянбай еңбек етіп, білім алып, өз жеріміздің патриоттары болайық. Біз Есенғалиев Елегеннің ұрпақтары әкемізді-аталарымызды мақтан тұтамыз! Ата-анамыз біздің мәңгі жүрегімізде!
Шолпан Әбілтаева,
Қостанай қаласының тұрғыны.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓