Аман жүр, қарт жауынгер!

Ділдәбек Нұрышев – Ұлы Отан соғысына қатысқан ең жас майдангерлердің бірі. Фашистік Германия Кеңестер жеріне баса-көктеп кіргенде, кейіпкеріміз небары 15 жаста екен. 1944 жылы майдан қатарына шақырылып, аты аңызға айналған Кеңес Одағының Батыры, маршал К.Рокоссовский басқаратын Екінші Украина майданында жауға қарсы оқ атты. Польшаның Штеттин, Бреслау қалаларын азат еткен жауынгер. Одер өзенін жедел кесіп өту операциясына қатысып, Шығыс Пруссияның Кенигсберг (қазіргі Калининград) қаласында жеңісті қарсы алыпты.
– 1926 жылы 10 қаңтарда Меңдіқара ауданы Қасқат ауылында дүниеге келіппін. Ата-анадан үш ұл, екі қыз тараймыз. Мен балалардың үлкенімін. Әкем Сансызбайдан жастай қалдық. Бізді шешеміз Рәш өсіріп-жеткізді. Ашаршылық жылдары алты-жеті жасар ойын баласымын. Соғыс басталған кезде ауылда өңкей шал-кемпір, бала-шаға, әйелдер қалғанбыз. Беліміз қатпаған біздер жеңіс үшін деп аянбай жұмысқа жегілдік. Өгізбен, атпен жер жырттық. Маңдай ақымызға колхоздан ақша төленбейді, күнделікті тамақ жазып беріп отырды. Бидай, арпа аламыз да, соны талқан қылып тартып күн көрдік. Шешем колхозда аспазшы болып жұмыс істеді, – дейді Ділдәбек ақсақал.
Осылайша ауыр еңбекпен жеңісті жақындатқан бозбаланың өзінің де әскер қатарына алынар күні жеткен екен. Алғаш соғыс даласына елден қаншама қаракөздер барғанмен, оларды майдан даласында бөліп-бөліп таратып жіберіпті. Дивизиядағы орыс, украин, белорус сарбаздардың арасында жалғыз қазақ пен бір өзбек қана болдық дейді. Сөйтіп, оқ пен оттың ортасында жүрген күндердің бірінде Берлинде Кеңестің қызыл туы тігілді.
– Жауды жеңдік деген сүйінші хабарды естіп, түні бойы аспанға оқ, отшашу атып мәз болыстық. Бірақ соғыс мұнымен бітпеген екен. Алдымызда тазарту, күзет-бақылау жұмыстары тұр еді. Кенигсбергте, Чехословакияда, Польшадағы солтүстік әскери топтың нысандарын күзету, Польша Халық Республикасын орнату жұмыстарына бес жыл бойы қызмет атқардық. Мұндай фашистерден тазарту бес жылдық науқанына 1925, 1926 жылы туғандарды алып қалатын, – деді қарт жауынгер.
1950 жылы елге оралған сарбаз ауыл адамдарының бірқатары көрші Федоров ауданының Шаңдақ елді мекеніне көшіп кеткенін естиді. Себебі, ол жерде кеңшар құру жұмысына деп тәуір ақшалай еңбекақы төленеді екен. Ділдәбек те шешесін алып сонда кетеді. 1952 жылы Сарыкөл елінің Ажар есімді бойжеткенімен отбасын құрған шаңырақ үш ұл, екі қыз өсіріп-тәрбиеледі. Олардан қазір немере-шөбере сүйіп отыр. Өкініштісі, осыдан жиырма екі жыл бұрын құдай қосқан қосағы дүние салды. Қазір өзінен кейінгі бір інісі мен қарындасы бар.
Жаркөл елінің Шаңдақ елді мекеніне тұрақтап, астық кеңшарының құрылысы мен мал шаруашылығы саласында аянбай еңбек еткен Ділдәбек Сансызбайұлы 1986 жылы құрметті зейнетке шықты. Қазақ КСР Жоғарғы Президиумының 1985 жылғы Жарлығына сәйкес ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталған. «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» және ондаған медальдердің иегері.
– Бұрын балалармен бірге отыра берем ғой деп ойлайтынмын. Осыған дейін ауылда тұңғышым Баязидің қолында тұрып келдім. Ол ұлым қайтыс болған соң, 2018 жылы Қостанайға қоныс аударып, жалдамалы пәтерде отырдым. Үй кезегіне тұрған едім, өткен қараша айында қала әкімшілігі бір бөлмелі баспана кілтін тапсырды. Қазір ұлым Жәнібекпен бірге тұрамыз. Демалыс күндері қаланың шет ауданында тұратын шөберем келіп иіскетіп, қуантып тұрады. Кәріліктің белгісі – буындарыма салмақ түскен соң қолыма таяқ алдым. Құлағым нашар естігенмен, көзім тәуір, келген-кеткенді ажыратып отырмын, – деді майдангер.
Қанды жылдардың табы мен ызғары көз алдында болса да, ол жайлы айта беруге жоқ. Есесіне, бүгінгі бейбіт күнге шүкіршілік етеді. Кейінгі ұрпақтың амандығын тілеген ардагеріміз көрер жарығымыз, татар дәміміз таусылмаса, араларыңда батамды беріп отыра береміз деді. Лайым солай болғай!

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓