«Берекелі Рамазан керуені»

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен бүгінгі қасиетті жұма күні республика бойынша кезекті рет ауқымды қайырымдылық  акциясы өтті. ҚМДБ жанындағы «Зекет және қайрымдылық қорының» мұрындық болуымен «Берекелі Рамазан керуені» аталатын игілігі мол шара еліміздің барлық аймақтарындағы облыстық мешіттерінде бір мезетте бастау алғанын айта кетейік. Азық-түлік толтырылған жәшіктер мен себеттер көп балалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға үлестіріледі. Мүфтият өңірлердегі өкілдіктермен бейне байланыс арқылы республикалық телемарафонға шығып, әр облыстардың қайырымдылық керуеніне әзірлігін пысықтады.
ҚМДБ орталық аппараты өкілдерінің мәліметінше, қайырымдылық акциясы күні республика бойынша 11645 отбасыға арналған азық-түлік қоржындары жинақталыпты. Бұл қайырымдылық керуенінің бір ерекшелігі – барлық тағам толы себеттер әр аймақтың бас мешіттерінен көліктерге тиеліп, аудан-қалалар мен елді мекендердегі мұқтаж жандарға жеткізіледі.
— Бүгінгі ақжарма игі іске атсалысқан еліміздің барлық аймақтарындағы дін қызметкерлеріне, жомарт жандарға, шәкірттерге, еріктілерге зор алғысымды білдіремін. Жаратушы Алла қасиетті Құран Кәрімнің «Маида» сүресінде: «Жақсылық пен тақуалықта бір-бірлеріңе жәрдем беріңдер. Ал күнә мен дұшпандықта бір-біріңе жәрдемдеспеңдер», — деген. Жақсы істе біз бір-бірімізге қолдау көрсетіп, жәрдем жасап жатырмыз. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадисінде: «Адамдардың ең абзалы қайрымдысы өзге адамдарға ең пайдалы іс істегендер», — дейді. Діни басқарманың ұйытқы болуымен өңірлердің барлығында күнделікті қайырымдылық шаралары, ауызашарлар беріліп келеді. Істеріңізге сәттілік тілеймін! — деп құттықтау лебізін жеткізген ҚМДБ төрағасы – Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы барша атсалысқан азаматтарға ақ батасын берді.
Бүгінгі қайырымдылық шараға Қостанай облыстық мешіті де аса белсенді дайындалған екен.
— Бүгін акция аясында өңіріміздің 8 аудан-қалаларына 250 азық-түлік қоржыны жеткізілмек. Кәсіпкерлердің, жамағатымыздың көмек беруімен оған 1 млн 250 мың теңге жұмсалған. Тағам толы себеттерді өңірлерге жеткізуді еріктілер мойнына алды. Мұның сыртында біздің облыстық мешітіміз күніне 50 отбасыға осындай қоржындар таратумен келе жатыр, — деді облысымыздың бас имамы Бахытбек Тәжімбет.
 

Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓