Әлия Сапарова: «Жетістік санда емес, сапада»

Жыл басында Парламенттің VІІ шақырылымын ашып берген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар міндеттерді алға қойды. Үкіметке, жергілікті билік органдарына нақты тапсырмалар берілді. Ал бұл – науқан заң жобалары арқылы жүзеге асырылатын үлкен механизм. Халықтың жағдайын жақсарту, елдің әлеуетін көтеру бағытында Парламент қабырғасында қандай заңнамалық құжаттар әзірленді, қайсылары мақұлданды, қайсылары жүзеге асырылып жатыр? Осы сауалдар төңірегінде Қостанай облысынан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына сайланған Әлия Сапаровамен аз-кем тілдескен едік.
– Әлия Сүйіндікқызы, сізді 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен құттықтаймын! Осы мереке қарсаңында газет оқырмандары алдында өзіңізбен шағын сұқбат құрсам деп едім.
– Рахмет. Мен де облысымыздағы баспасөздің қарашаңырағы – «Қостанай таңы» газетінің оқырмандарын сіздер арқылы, барлық сайлаушыларды бірлік мерекесімен құттықтаймын. Бұл біздің еліміздегі маңызды мемлекеттік мейрамдардың бірі. Жалпы, бейбітшілік, келісім, тұрақтылық біздің еліміздің дамуындағы негізгі бағыттардың бірі. Сондықтан, тәуелсіз Қазақстанымыздың бірлігі нығайып, абыройы арта берсін!
– Әлия Сүйіндікқызы, Сіз Мәжілістің жаңа құрамында мандатқа ие болған депутаттардың бірісіз. Өткен шақырылыммен салыстырғанда қандай өзгешеліктер бар?
– Өзгешелікті өзіңіз де айтып отырсыз. Мәжілістің құрамы жаңарды. Бірақ Палатаның алға қойған мақсаты, бағыты біреу. Ол Ел басшылығының мемлекетті дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыру жолындағы маңызды тапсырмаларын және бастамаларын сапалы заңдармен қамтамасыз ету. Осы бағытта бар жігерімді, тәжірибемді жұмсап, еңбек ету менің негізгі депутаттық міндетім әрі азаматтық борышым деп білемін.
– Жетінші шақырылым өз жұмысын бастағалы төрт айдай уақыт болды. Заң шығармашылығы деңгейінде қандай табыстарды атап өтер едіңіз?
– Иә, дұрыс айтасыз. Осы жетінші шақырылымның бірінші сессиясы 2021 жылдың 15 қаңтар күні Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен ашылды. Осы кезде сөйлеген сөзінде Президент Парламенттің алдына маңызды екі міндет қойды, бұл – сапалы заңдар қабылдау және өзекті мәселелердің шешімін табатын орталыққа айналу деп атап көрсетіп, барлық салалар бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Осыған орай тікелей Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің басшылығымен Палата өз жұмысын қарқынды жүргізіп келеді. Әлемді жайлап, біздің Қазақстанымызды да шарпыған пандемияға қарамастан, барлық заң жобалары жоспарға сәйкес, өз уақытында қабылданып, тиісті шаралар өткізіліп жатыр деуге болады.
– Қандай заң жобаларын ерекше атап өтер едіңіз?
– Әрине, барлық заң жобалары өзекті, қажетті. Оларды тізіп айтып отыру мүмкін емес шығар. Дегенмен, ел өміріне ерекше серпін беретін құжаттар қатарында сот жүйелері мен судьялардың мәртебесіне, аудандық, қалалық және ауылдық билік деңгейлерінің дербестігі мен жауапкершілігін кеңейтуге, азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелеріне қатысты заңдардың маңыздылығын айрықша атап өткім келеді.
Осы шақырылымдағы ең үлкен жетістіктеріміздің бірі – жер қатынастарына байланысты қабылданған заң. Бұл құжат тікелей Президенттің өзінің заң шығару бастамасы негізінде дайындалып, халқымыздың көкейінде, қоғамның назарында жүрген негізгі сұраққа толықтай нүкте қойды деуге болады.
Жалпы айта кету керек, мақұлданып жатқан заңдардың ішінде депутаттардың өздерінің бастамашылығымен әзірленген заң жобалары да жетерлік. Мысалы, өткен төрт айдың ішінде 7 заң жобасы депутаттардың бастамашылығымен әзірленді. Өткен шақырылымда өзім де бірнеше заң жобасы бойынша бастама жасаушылар қатарында болдым. Кейбір заң жобалары бойынша жұмыс топтарына жетекшілік еттім. Заң жобалары жалпы отырысқа шықпас бұрын, жұмыс топтарының отырыстарында, басқа да талқылауларда жан-жақты қаралады. Сосын мақұлдау кезінде қоғам белсенділерінен, сайлаушылардан түскен ұсыныс-пікірлерге назар аударылады. Екі апта бұрын ғана бюджет заңнамасын жетiлдiру және инклюзивті білім беруге қатысты маңызды заң жобаларын мақұлдадық. Мәселен, инклюзивті білім беруге қатысты заң жобасы мүмкіндігі шектеулі балаларға басқалармен бірдей сапалы білім алуға, осы саланы білікті мамандармен қамтамасыз етуге, инклюзивті білімді жоғары деңгейде ұйымдастыруға жол ашады. Сондай-ақ, алдағы уақытта «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және оған ілеспе заң жобасы бойынша жұмыс жалғасады. Аталмыш заң жобасының басты мақсаты, аудандық маңызы бар қалалардың, ауыл, кенттер, ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауға қатысты болмақ. Саяси салмағы басым саналатын заң жобасының жұмысына халық қалаулыларымен қатар, әртүрлі қоғамдық ұйым өкілдері, тәуелсіз сарапшылар да қатысуда. Сондай-ақ, Мәжіліс 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджетке түзетулерге қатысты Заң жобасын жұмысқа алды. Сонымен бірге, көптеген халық-аралық құжаттар да бар. Олар халықаралық деңгейде ел мүддесін қорғауға қызмет етеді.
Заң шығарудан басқа Мәжілісте қоғамдағы өзекті мәселелер бойынша тақырыптық отырыстар, жиындар ұйымдастырылады. Қазір пандемияға байланысты кең көлемді бетпе-бет жүздесулер ұйымдастыра алмасақ та, заман ағымына сай, цифрлық технологиялардың арқасында, алға қойған мақсаттарды толықтай жүзеге асыруға мүмкіндік бар.
– Сіз «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесіз. Мәжілісте партияның сайлаушылар алдында берген уәделері қалай орындалуда?
– Біз өткен сайлауда «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір» атты алдағы бес жылға арналған сайлауалды бағдарламамызды ұсынған болатынбыз. Сол бойынша Заң деңгейінде тиісті жұмыстар қолға алынып жатыр. Біраз уақыт бұрын сайлауалды бағдарламаны жүзеге асырудың Жол картасы бекітілді. Онда Жол картасының барлық нысаналы шаралары мен индикаторлары жауапты мемлекеттік органдарды бекіте отырып, жылдар, салалар бойынша бөлінген. Және оған фракция бойынша жауапты депутаттар бекітілген. Жоғарыда айтылған, үш жылдық бюджетті қараған кезде «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасының тиісті қаражатпен қамтамасыз етілуін жіті қадағалайтын боламыз.
– Әңгімеңізге рахмет!
 
Сұқбаттасқан Шұға Қоңқабай

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓