Сәбидің періштесі қақты

Қостанай қаласындағы үйлердің бірінде 6 айлық бала үшінші қабаттағы терезеден құлап кетті. Қостанай облыстық ТЖД-ның мәлімдетінше, оқыс оқиға 17 сәуір күн Қостанай қаласындағы Б.Майлин көшесіндегі 18-үйде болған.
 «Кешкі сағат 17:00-де алты айлық баланың үшінші қабаттан екінші қабатта орнатылған күнқағарға құлап түскені туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына дереу құтқарушылар мен жедел жәрдем қызметкерлері жіберілді», — деді ТЖД баспасөз қызметі.
  Құтқарушылардың мәліметінше, олар келгенше ата-анасы сәбиді жерге алып түскен. Бала зардап шеккен жоқ, медициналық көмекті қажет еткен жоқ.
  «Абырой болғанда, сәби аман қалды. Бірақ осындай қауіпті жағдай ата-аналардың салғырттығынан болатынын атап өту керек»,- дейді төтеншеліктер.
  Сондай-ақ, Төтенше жағдайлар департаментінің ТЖ алдын алу бөлімі көктем шығысымен жазатайым оқиғалардың көбейіп кететінін ескертіп, төмендегі ережелерді сақтауға кеңес береді.
  «Құрметті ата-аналар! Оқыс оқиғаның алдын алу үшін үйде балалар болған жағдайда, ешқашан терезені ашық қалдырмау керек. Барлық жиһаздарды бала терезе алдына шыға алмайтындай етіп, терезе жанынан алшақ қойған жөн. Ешқашан балаларға терезеге жақын орналасқан кереует немесе басқа да жиһаздардың үстінде ойнауына рұқсат бермеген дұрыс. Балаларға балконға ересектерcіз шығуға да рұқсат бермеу қажет. Терезе қалай ашылатынын да балаға көрсетпеу қажет. Өйткені бала бетімен терезені ашуға үйренген сайын, оның пәтерде болуы қауіптірек болады. Балалардың жасы үлкендеріне өзінен кейінгі кішілеріне қарап жүруін, сақтық шараларын үйретіп, үнемі айтып отыру қажет. Ешқашан ұйықтап жатқан баланы жалғыз өзін қалдырмау керек. Себебі бала оянғанда терезеге қарай ұмтылуы мүмкін. Балалар терезені өз еркімен аша алмау үшін, терезелерге үнемі арнайы бекіткіштер орнатқан жөн. Егер балаңызға терезеге қарап бірнәрсе көрсетіп жатсаңыз, оны терезе алдына мінгізбеңіз, қолыңызда мұқият ұстап тұрыңыз. Өйткені баланың қимылы өте шалт, оқыс қимылмен кез келген уақытта терезеден ұшып кетуі мүмкін. Үйде осындай қарапайым ережелерді сақтай алсақ, балаларымыздың амандығын сақтаған боламыз», делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.
 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓