Азаматтық сектордың әлеуеті зор

"Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын іске асыру аясында азаматтық қоғаммен өзара іс-қимылды жетілдіру мәселесі бүгін облыс әкімдігінде өткен селекторлық жиында күн тәртібіне қойылды. Осы бағытта атқарылған жұмыстар туралы облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Бибігүл Аққожина баяндап берді.Аталмыш тұжырымдама – Мемлекет басшысының азаматтық қоғамға  ерекше назар аударатынының дәлелі. Ал азаматтық қоғамға ҮЕҰ мен БАҚ қана емес, қоғамдық кеңестер, кәсіпордақтар, саяси париялар, діни бірлестіктер, тіпті блогерлер де жатады. Баяндамасын осындай түсінік беруден бастаған Бибігүл Бүркітқызы қазіргі таңда аталмыш институттардың әрқайсысымен конструктивті диалог құрудың маңызы артқанын айтты. Оған пандемия, карантин шектеулері, вакцинация секілді мәселелер тізбегі мысал бола алады.
"Өкінішке қарай, нәтижелер мен жұмыс ауқымын көрсете алмаймыз. Қоғамдық коммуникация деформацияға тап келді. Кез келген мәселені, тіпті ұсақ-түйек түйткілдерді әлеуметтік желілер арқылы шешу қалыпты жағдайға айналды. Осыған байланысты, азаматтық қоғам өкілдерін корпоративті әлеуметтік жауапкершілік (КӘЖ) құрамына қосып қана қоймау керек, оларды мониторинг іс-шараларына қатыстыру шарт. Сол арқылы оларды тиісті жерлерге өз еріктерімен іздеп барып, ақпараттық себеп табуға ұмтылдыруға болар еді. Мәселен,  өткен жылы Меңдіқара-Ұзынкөл тас жолындағы жөндеу жұмыстары кезінде мердігердің бастамасымен қоғам белсенділері мен блогерлер сол нысанға барып, жөндеу жұмыстарының технологиясын көрсетіп, көпшілікке жариялады", — дейді басқарма басшысы.
Ол "Антикор" мекемесінің ақпарат-насихат штабы, журналистер мен блогерлердің баспасөз турлары осы бағыттағы ықпалды жобалар екенін мысалға келтірді. Әрине, БАҚ-тың белсендігіне екі бастан көп мәселе байланысты дейді Б.Аққожина."Жалпы, Қостанай облысында 118 БАҚ тіркелген. Олардың ішінде халыққа ақпарат жеткізуші негізгілері – 10 облыстық және 27 аудан-қалалардағы БАҚ. Олардың жалпы таралымы – 92 мың дана. Ал әлеуметтік желілерде тек облыстық БАҚ 722 мыңнан астам жазылушыға ие, — дейді басқарма басшысы. — Осы ресурстарды халық арасында ерекше өзекті болып саналатын энергетика, ТКШ, көлік жолдары, еңбек қатынастары, азық-түлік бағасы секілді тақырыптар бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары үшін пайдалану керек". 
Оның айтуынша, Азаматтық қоғамға деген көзқарастың да өзгеретін кезі келді. Оған "мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастыру үшін құрылған адамдар тобы" деген стереотиппен қараудан арылу қажет. Өйткені мұндай ұйымдар қазіргі таңда маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге қауқарлы. Мысалы, қайырымдылық акцияларының оң ықпалына көпшілік куә.
"Қостанай облысында азаматтық сектордың кәсіби тұрғыда шыңдалып, жетіле түскеніне, олардың өз еріктерімен қоғамдық-саяси процестерге қатыса алатынына көз жеткізіп отырмыз. Сондықтан аудан-қала әкімдіктері осындай ұйымдарды назарсыз қалдырмай, олармен әріптестік қарым-қатынас орнатуы керек. Азаматтық сектор рөлі заңнамалық деңгейде де күш алып келеді. Мәселен, облыстағы қоғамдық кеңестің 60% мүшесі – азаматтық сектор өкілдері. Мұның сыртында, онлайн-петиция институты іске қосылу алдында тұр, "Қоғамдық бақылау туралы" Заң пысықталып жатыр. Мұның барлығы мемлекет қызметінің жариялылығын, заңдылығын және ықпалдылығын қамтамасыз ету үшін істелуде", — деп тәптіштеді Б.Аққожина.  
Сондай-ақ, Бибігүл Бүркітқызы қоғамдық кеңес қызметіне де тоқтала өтті. Айтуынша, жыл басынан бері 52 қоғамдық тыңдау, 87 қоғамдық мониторинг өкізіліп, 116 нормативтік құқықтық акт қаралған, сондай-ақ мемлекеттік органдардың 35 жетекшісінің есебі тыңдалыпты. 
"Көп партиялы мәслихат және Парламент құру Қазақстан үшін шындыққа айналды. Депутаттар құрамы біркелкі емес. Сондықтан біз оларға кері байланыстың ықпалды механизмі деп қарауымыз керек. Мәселен, барлық саяси партиялар жер мәселесін көтеріп жатыр. Бүгінде ақпарат-түсіндіру жұмыстарына саяси партия өкілдерін тарту қажет, бұл ақпараттардың дәйексіздігі мен аталған мәселедегі спекуляция туралы дақпырттардың таралуына жол бермеу үшін керек. Жалпы, осы бағыттағы тығыз қарым-қатынас орнамайынша, жағдаяттық лидерлер пайда бола беруі мүмкін. Ал олардың мақсаты – конструктивті диалогты жоққа шығару", — деп түйді басқарма басшысы. 
Ол сөз қорытындысында азаматтық қоғаммен диалог орнату арқылы ғана "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын іске асыруға, өңірдегі тұрақтылық пен келісімді сақтап қалуға, сондай-ақ жалпы мемлекеттік саясаттың ықпалдылығын аттыруға мүмкіндік ашылатынын айтты. 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓