Алты Алашқа ортақ қазына

Қостанай облыстық Ы.Алтынсарин мемориалдық музейінде Ыбырай ізін жалғаушы, қазақтың ақыны, әдебиет зерттеуші ғалым, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлына арналған "Ұлы даланың ұлы тұлғалары" ауыспалы көрмесінің ашылуы өтті. Тағылымдық іс-шараға Алматы қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйі директоры Райхан Имаханбет арнайы келді. Көрменің тұ-сауын Алматыдағы А.Байтұрсынұлы атындағы музейдің директоры Райхан ханым мен ғалым, профессор Алмасбек Әбсадық кесті.
 Ахметтанушы-ғалым Райхан Имаханбет өз сөзінде Ахметтану тағылымы, Байтұрсынұлы мұрасының арналы жолдары жайында тоқталып өтіп, Ыбырай мен Ахмет музейі арасындағы ғылыми ізденіс жолындағы рухани байланыстың одан әрі нығая түсетінін айтып өтті.
"Қостанай – Ыбырай Алтынсарин мен Ахмет Байтұрсынұлының туған өлкесі. Бүгінде Қостанайға қарағанымен, екеуі де Торғайдан шыққан түлектер деп айтуға келеді. Біздердің рухани байланысымыз алдағы уақытта жалғаса береді. Биыл Ы.Алтынсариннің 180 жылдығы болса, келесі жылы А.Байтұрсынұлының 150 жылдығы. XIX ғасырдың екінші жартысында қазақ жазуының басында Ы.Алтынсарин тұрса, XX ғасырдың алғашқы ширегінде А.Байтұрсынұлы көрінді", – деді мұражай үйінің директоры Райхан Сахыбекқызы.
ф. ғ.д., профессор Алмасбек Абсадық қазақ ғылымы мен білімінің дамуында ағартушылық идеясын ту етіп көтерген Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының ұлттық тіл білімін қалыптастырудағы орасан зор үлесі, Ыбырай мен Ахмет мұраларының қазақ ғылымының дамуындағы орны, зерттелуі жөнінде толығырақ баяндап берді.
– Елімізде қазақстандықтардың қоғамдық санасын жаңартуға бағытталған "Рухани жаңғыру" бағдарламасы қолға алынды. Бағдарламаны сол кездегі Президент Н.Назарбаев жариялады. Содан бері бағдарламаның басты бағыттары бойынша көптеген жұмыстар атқарылып келеді. Биылғы жылы мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бастамасымен қызу қолға алынып жатқан кеңестік дәуірде орын алған ашаршылық қасіретін зерттеу-зерделеу, 20-30 жылдардағы қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мәселелері де сол бағдарламаның жалғасы. Рухани жаңғыру бағдарламасы жариялаған тарихи күннің мұрағатқа бай тамаша көшпелі көрменің куәгері болып тұрмыз. Алматыдағы А.Байтұрсынұлы атындағы музейдің директоры Райхан ханым екеумізге көрменің тұсауын кесу рәсімі бұйырған екен. Мұндай мәртебеге ие болудың өзіндік астары бар. Көрмеге қойылған жәдігерлер мен мұрағаттар А.Байтұрсынұлы атындағы Алматы шаҺарындағы және Қостанай университетіндегі музейлердің әріптестік қолдау, көмегімен жасақталған еді. Қазақ шәкірттеріне арналған білім беру мекемелері орналасқан тарихи ғимарат қазіргі күні Орынбор қаласының Советская көшесінде (бұрынғы Николаевская, әу баста Большая деп аталған көше) тұр. Оның қабырғасына Ы.Алтынсаринге арналған белгі-тақтайша қойылған. А.Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы қарсаңында сол бір тарихи ғимарат қабырғасына біздің ел Алаш қайраткеріне арналған белгі-тақтайша орнатса, ұлы тұлғаға көрсеткен құрметтің бірі болады деп ойлаймын. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, 180 жылдық мерейтойы аталып жатқан Ы.Алтынсариннің Қостанайдағы музейіне келесі жылы 150 жылдық мерейтойын атап өткелі жатқан А.Байтұрсынұлы қонаққа келді. Қонақтың қадамы құтты болсын, – деді.
Белгілі журналист Қабылахат Сейдахмет ғалымның өмірі мен қызметіне байланысты тың деректермен бөлісіп, музейге Ғафу Қайырбековтың үш томдық кітабын табыс етті.
– Ахаң атамыздың ғылыми мұрасы – Алты Алаштың ортақ рухани қазынасы. Райхан Сахыбекқызы Ахаң мұрасын насихаттауда ерен еңбек етіп, осы рухани қайнардан халықтың мейірін қандыра сусындауына ерекше үлес қосып жүр. Ыбырай Алтынсарин мен Ахмет Байтұрсынов – қазақ ұллтық руханиятының қайнар көзінде тұрған тұлғалар екені белгілі. Ахаң атамыздың 150-жылдық мерейлі мерекесінің қарсаңында қолға алынған бұл шараның Ыбырай ата мұражайынан бастау алуы ұрпақтар сабақтастығының айқын көрінісі болды деп санай-мын. Алдағы уақытта Ахаң атамыздың мерейтойына арналған түрлі іс-шаралардың өтетіні анық. Ал, Ыбырай мұражайы өткізген бұл бас қосу сол шаралардың ізашары болды, – деді Қабылахат ағамыз.
Абақтыдағы ақынның мұң-зары баян етілген Хамитбек Мұсабаевтың "Қаншеңгел" толғауын, осы шығармаға ән шығарған Нағашыбай Алпысовтың ұлы, жыршы Абзал Нағашыбайұлы орындап берді.
Көрмеде Ахаңның мұрағаттардан табылған құнды құжаттар мен бірегей жәдігерлері қойылды. Ахмет Байтұрсынұлын тергеген Хамза Нұржанұлының дауыс жазбасы тыңдалып, тергеу кезіндегі Ахаңның саусақ іздері табылған ресми құжат жөнінде айтылды.
Суретті түсірген Б.Ахметбеков.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓