Өңір өнерінің өлшеусіз мұрасы

Дәнді өлкенің дәстүрлі музыкасын дәріп еткен құнды еңбектер қатары "Тобыл-Торғай әуені" музыка антологиясымен толыққанын бұған дейін де жазғанбыз. Таяуда осы жаңа жинақтың елордада тұсауы кесілді. ҚР Ұлттық музейінде өткен рухани іс-шара Қостанайдың ғана емес, ұлт өнерін қастер көрген исі қазақтың ортақ олжасы десе болады.
Антология "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында және Елбасының "Ұлы даланың жеті қыры" негізінде, Қостанай облысы әкімдігі Мәдениет басқармасының қолдауымен, Арқалық қаласындағы Дала өлкесі тарихы облыстық мұражайының мұрындық болуымен жарық көрді. Жинақты аталмыш музейдің ғылыми қызметкері Батырлан Сағынтаев құрастырған. Оған өңірдің өткен ғасырлардағы рухани мұрасы, мәдени мирасы, дала өнерінің жауһарлары енгізілді. Кітап үш бөлімнен тұрады: бастапқы бөлімінде ән-күйлердің 90-ға тарта нотасы берілген, екінші тарауында өңір мәдениетіне арнал-ған ғылыми мақалалар қамтылады, соңғы бөлімінде антологияға енген туындылардың шығу тарихына қатысты ғылыми түсініктер бар.
Тұсаукесерге Ұлттық музей басшысы Арыстанбек Мұхамедиұлы, Қостанай облысы әкімдігі Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов, күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жан-ғали Жүзбай, белгілі жыршы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматов, күйші, композитор Нұрлан Бекенов және дәстүрлі әнші-күйшілер мен өнер-сүйер қауым қатысты.
"Тектілердің мекені саналатын Торғай өңіріндегі ел жадында қалған өнер майталмандарының еңбегін жинақтап, антология етіп шығару – "Рухани жаңғыру" бағдарламасының аясында атқарылған оң қадамдардың бірі. Тарихымызды, мәдени мұралармызды сақтап, жинақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу – біздің міндетіміз. Сондықтан осындай құнды еңбектердің жарыққа шығуына атсалысып жүрген азаматтарға алғысымыз шексіз!", – деп лебіз білдірді ҚР Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы алғы сөзінде.
Жинаққа ХІХ-ХХ ғасырларда өмір сүрген Наушабайдың Нұржаны, Басығараның Қанапиясы, Сәт Есенбайұлы сынды есімі елге танымал дәстүрлі ән мектебінің өкілдері, қылқобыз орындаушылары жайында мол мағлұматтар енгізілген.
"Әсіресе бүгінде есімдері ел жадынан өше бастаған Қапақ сал, Құтжан Қанжығалин сынды өнерпаздардың тоқсаннан астам туындысын мәтінімен қоса нота тілінде қағазға түсіріп, әрқайсысына жеке түсініктеме беріліп отыр. Қосымша бөлімінде Тілек Аспантайұлы, Баубек Есіргепұлы, Арық бақсы, Зәкәрия Кәрібаев, Хамидолла Шәткенов, Қазбек Әбенов сынды есімдері Торғай өңіріне мәшһүр дәстүрлі қылқобыз орындаушылары туралы да кең мағлұмат алуға болады. Алдағы уақытта осы кітаптың зерттеу аясын кеңейтіп, музыка, фольклор зерттеуші мамандармен бірлесе отыра, бір ғана жинақ күйінде емес, бірнеше томға жинақтауға болады", – дейді қазынакеуде жырау Алмас Алматов.
Антологиядан Ахмет Байтұрсынұлы Семей өңірінде жүргенде жазып алып, кейін Затаевичке тапсырған "Кәмшат бөрік" әнінің тарихы мен авторы туралы құнды деректер кездестіруге болады. Сондай-ақ, Міржақыптың да көпшілік біле бермейтін музыкалық туындылары жиын кезінде тілге тиек болды.
"Жинаққа Міржақыптың күйі деп таныстырылып, "Әуез" күйінің енгеніне ерекше қуаныштымын. 30-жылдары қазақ зиялылары "музыка" деген сөзді "әуез", "мелодия" дегенді "әуен" деп аударды. Демек, бұл күйдің авторы Міржақып екеніне күмән жоқ. Ал күйді жеткізген Сармолла күйшінің шәкірті Жармолла-Жар-мұхамбет. Біз бұрын "Баубектің сарыны", "Саймақтың сарыны" деп ауызекі тілде ғана айтатынбыз. Ал мына жаңа жинақта Баубек күйшілігінің қыр-сыры толық беріліпті", – деген пікірін ортаға салды белгілі күйші, композитор Нұрлан Бекенов.
Ел жүзіне танымал тағы бір күйші Жанғали Жүзбай да антологияға, зерттеу-шілік жұмыстарға жақсы бағасын берді. Әсіресе, қобыз өнеріне қатысты көптеген мәселенің тәуір талданғанына тәнті еке-нін айтып, алдағы уақытта осы кітаптың күйтабағы шықса деген тілегін жеткізді.
Торғай өлкесінің әншілік, жыршылық мектебін әлі де толыққанды зерттеу, заманауи мүмкіндіктерді пайдалана отырып, халыққа кеңінен насихаттау қажет екенін айтты танымал тұлғалар.
Іс-шара барысында Басығараның Қанапиясының жинаққа енген "Қанапия" әні, ел арасынан жазылып алынып, жаңғыртыл-ған "Кекілік" күйі орындалды.
Жандос Жүсіпбек

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓