«Өмірі мен өнері егіз»

Осындай атаумен Арқалық қаласындағы облыстық Дала өлкесі тарихы музейі Арқалық қазақ жасөспірімдер театрының 20 жылдық мерейтойына орай кездесу кешін өткізді.
Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған кештің қонақтары өмір жолы мен өнер жолын бірге өріп келе жатқан өнерлі жұптар ІХ республикалық театрлар фестивалінің лауреаты, актер Орынбасар Қойбағаров және жары, қоюшы режиссер, ҚР «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Әлия Садықова, сондай-ақ ҚР Мәдениет қайраткері, актер Оразбек Нұрғали және жары Қостанай облыстық «Қазына» меценаттар клубы сыйлығының иегері, актриса Бақыткүл Ордабаева киелі шаңырақ төрінен орын алып, зор ілтипатқа кенелді.
Еске сала кетсек, Арқалық қазақ жасөспірімдер театры өз шымылдығын 2001 жылы 24 желтоқсанда М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» комедиясымен (режиссері Ж.Есенбеков) ашқан болатын. Театрдың ашылуына сол кездегі облыс басшысы Ө.Шөкеев, қала әкімі Ж.Түбекбаев, облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Р.Ғайсенованың көп еңбектері сіңгенін айта кеткен ләзім.
Кеш барысында қонақтар өздеріне қойылған мәнді де мағыналы сұрақтарға тұшымды жауап беріп, көңіл құсын шарықтататын әсем әндерге де кезек берілді. ҚР Мәдениет қайраткері Отаркүл Мұқатова, театр басшысының міндетін атқарушы Нұрлыбек Қасжанов, қалалық Мәдениет сарайының директоры Алмагүл Жұмабаева, музей директоры Асхат Қасеновтер жылы лебіздерін білдіріп, жұлдызды жұптарға Алғыс хат, естелік сыйлықтар және гүл шоқтары табыс етілді.
Тағылымды кешке Н.Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжінің студенттері қатысты.
Мұрат Жүнісұлы
Суретті түсірген автор.
Арқалық қаласы.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓