Жастар үшін – қолжетімді баспана

Бүгін облыс әкімдігінде Қостанай облыстық мәслихатының жетінші шақырылымының кезекті ІІ сессиясы өтті. Сессияның күн тәртібінде іске асырылатын мемлекеттік бағдарламаларға жастардың қатысуы туралы және Қостанай облысында жастар үшін тұрғын үй сатып алуға жәрдемдесу жөніндегі пәрменді тетіктерді әзірлеу, облыста тұрғын үй сертификаттарының мөлшерін және оларды алушылар санаттарының тізбесін айқындау сынды мәселелер қаралды.
Қостанай облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Марат Жұрқабаев бастапқы жарна ретінде пайдалану үшін "Отбасы банк" АҚ депозитіне ақша қаражатын аудара отырып, жастар мен жас отбасыларға әлеуметтік көмек түріндегі тұрғын үй сертификаттарын өтеусіз негізде беру бойынша «Жастар үшін — қолжетімді баспана» өңірлік бағдарламасын әзірлеуге бастамашылық жасалғанын айтады.
Марат Кенжебекұлы атап өткендей, тұрғын үй сатып алу жастар мен жас отбасылардың проблемалық мәселелерінің бірі болып қала береді.
–"Тұрғын үй қатынастары туралы" ҚР Заңының 67-бабына сәйкес жастар мен жас отбасылар мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй берілуі мүмкін азаматтар санатына кірмейді. Бұл ретте тұрғын үй алуға кезекте тұрғандардың 27% — ы 14-тен 29 жасқа дейінгі жастар болып табылады. Тұрғын үй сатып алуға жәрдемдесу үшін жас отбасыларға жеңілдікпен кредит беру жөніндегі өңірлік жобаны әзірлеу жөніндегі міндет Қазақстан Республикасының жастарын қолдаудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында да айқындалған, – деді М. Жұрқабаев.
Бірақ бүгінгі күні бұл бастаманы іске асыру үшін құқықтық негіздер жоқ, өйткені ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2019 жылғы 20 маусымдағы № 417 бұйрығымен бекітілген тұрғын үй сертификаттарын беру қағидаларының қолданыстағы редакциясына сәйкес тұрғын үй сертификатының сомасы әрбір алушы үшін 1 млн теңгеден аспайтын бірыңғай мөлшерде көрінеді.
Сондай-ақ, әлеуметтік көмек түріндегі тұрғын үй сертификатын алушылардың санаты шектелген. Осыған байланысты ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2019 жылғы 20 маусымдағы № 417 бұйрығына (тұрғын үй сертификаттарын беру қағидаларын бекіту туралы) тұрғын үй сертификатының сомасын 1 млн теңгеден арттыруды, сондай-ақ әлеуметтік көмек түріндегі тұрғын үй сертификатын алу үшін орташа табыс деңгейін айына ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3 көрсеткішіне яғни 102 906 теңгеге дейін арттыруды көздейтін өзгерістер енгізу өтінішімен Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің атына депутаттық сауал жолданған.
Сонымен қатар, бүгінгі күні қазақстандық түлектердің шетелдік жоғары оқу орындарына түсу тақырыбы өзекті екенін ескере отырып, оларды оқуды бітіргеннен кейін барлығы қайтып оралмайды. Тұрғын үй сертификаттарын алушылар санатына мемлекеттік бағдарламаларға қатыспай шетелде жоғары білім алатын ҚР студент — азаматтарын және диплом алғаннан кейін бір жыл ішінде шетелдік жоғары оқу орындарын мемлекеттік бағдарламаларға қатыспай бітірген ҚР азаматтарының түлектерін қосу ұсынылды.
Депутаттар бұл ұсынысты бірауыздан қолдады және жақын арада нормативтік-құқықтық актілерге ұсынылатын өзгерістер жобасы әзірленіп, ҚР Үкіметіне жіберілетін болады.
Әсел ҚИБАШ

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓