Тасқынның алдын алу айрықша бақылауда

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы азаматтық қорғау полковнигі Біржан Кәрімов су тасқынының алдын алу бойынша қабылданып жатқан шаралар және су апатымен күреске қандай күштер тартылатыны туралы айтып берді. Қостанай облысы су тасқынына бейім аумақтардың қатарына кіреді, сондықтан өңірде су қаупі төнген жағдайда барлық қажетті шаралар қабылданатынын жеткізді.
«Төтенше және шұғыл шығындарға арналған резервке 814 млн 330 мың теңге бөлінді. Қалалар мен аудандардың әкімдіктері 9 мың тоннадан астам инертті материалдар мен 52 мыңнан астам қап дайындап отыр. 162,9 тоннадан астам көлемде жанар-жағар май қоры бар. Тасқын суларды апатсыз өткізу үшін 7 ауданда су тасқыны қаупі бар учаскелерде мұз жару жұмыстары жоспарланған. 1 наурыздан бастап қар жамылғысы мен су тасқыны жағдайын бағалау үшін космониторинг жүргізіліп, аумақтарды аралау жоспарланып отыр, — деді Б.Кәрімов.
5 ақпан мен 5 наурыз аралығында ТЖД қызметкерлері су тасқынына қарсы алдын ала іс-шараларды ұйымдастыру айлығы аясында қалалар мен аудандардың әкімдіктерімен бірлесіп, тұрғындар арасында қарды уақтылы шығару, каналдар мен арық жүйелерін тазарту, су тасқыны жағдайында қабылданған шаралар туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Бүгінгі күні тасқын және еріген су басуы мүмкін аймақтарда тұрғындар саны 8 417 адамды немесе 2 097 үйді құрайтын 95 елді мекен бар.
«Эвакуацияланған азаматтарды су басу аймағынан тыс уақытша орналастыру үшін 192 пункт дайын және үй жануарларын орналастыруға арналған орындар қарастырылған. Су басу қаупі төнген жағдайда тұрғындарға көмекке Департаменттің күштері мен құралдарынан жалпы саны 173 адам, 60 техника, 19 жүзу құралдары және 78 мотопомпа келуге әзір. Су тасқыны кезеңінде ТЖД Дағдарыс орталығында барлық мүдделі азаматтық қорғау қызметтерінің қатысуымен облыстық су тасқынына қарсы штаб құрылады», — деді полковник.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓