Айтыскер ақын ардақталды

Бүгін танымал айтыскер ақын, ұлағатты ұстаз Бүркіт Бекетов «Мәдениет саласының үздігі» мәртебесін иеленді. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің марапатын облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов табыстады.
80-ші жылдардан бастап айтыс сахнасына шығып, талай аламанда топ жарған суырыпсалма ақын Бүркіт Бекетовтің есімі жырсүйер жұртқа етене таныс. Өңірде ұлт өнерінің дамуына еселі үлес қосып, соңынан шәкірт ертіп, елге белгілі Жадыра Құтжанова, Әлпия Орманшина сынды айтыскерлерге тәлім берді. Өлкеде өзінен кейін шыққан ақындар өнеге көріп, құрмет тұтатын тұлғаға айналды. Сондықтан министрліктің бұл төсбелгісі лайықты иесін тапқан марапат деуге болады.
«Тәуелсіздік тойының аясында елдің әлеуметтік, мәдени дамуына үлес қосқан азаматтарға қолдау көрсетілуде. Бүгін танымал айтыскер, көптеген әнге сөз жазған талантты ақын Бүркіт Бекетов ағамызға «Мәдетиет саласының үздігі» деген награданы табыс етудің сәті түсіп отыр. Бұл, ең алдымен, Бүркіт ағамызға көрсетілген жеке құрмет, екіншіден, өнер адамдарына деген қолдау-қошемет. Себебі елдің дамуы тек экономикалық көрсеткіштерге ғана емес, рухани бағыттағы жетістіктерге де көңіл аудару қажет. Аға буын өкілінің еншісіне тиген марапат өскелең жастарға да серпін береді деген сенімдеміз. Еңбегіңіз әрдайым жемісті болсын», — деді облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов құттықтау сөзінде.
 Басқарма басшысының қолынан мәртебелі марапат иеленген Бүркіт ақын да алғысын бір ауыз өлеңмен жеткізді.
 «Ең біріншіден, осы марапаттың маған бұйыруына атсалысып, соған ниет-ықылас білдірген аудандық мәдениет бөліміне және облыстық мәдениет басқармасына шексіз алғысымды айтамын.
Туған жердің болғаннан соң төрі нық,
Көшкен жоқпын, кеткен жоқпын бөлініп.
Туған жердің еншісі бар қашанда,
Жатқан менің жырларымда өріліп.
Марапаттың арқасында осынау
Халқыма да қалдым, міне, көрініп», — деп разылығын білдірді ақын.
Сыныптас, сырлас жақын досының мерейлі сәтіне куә болуға танымал композитор, ҚР Еңбек сіңірген қызметкері Қалибек Деріпсалдин арнайы келіп қатысып, марапат иесі туралы лебіз-пікірін білдірді.
 «Сонау 70-80-ші жылдары Торғай өңірінен  ылғи дарынды өнерпаздар шоғыры бөлініп шығып, қазақ өнерінің дамуына үлес қосты. Атап айтқанда, Қ.Әбілев, Б.Сәуекенов, Ғ.Жұмекенова, Х.Мұсабаев сынды таланттардың қатарында Бүркіт Бекетов те болды. Бүркіт Қазақстан халық ағарту ісінің үздігі Қабден Байқасовтан тәлім алды. 1985 жылы ең алғаш өңір атынан командалық айтысқа барып, облыс қоржынына ұпай салды. Бұдан кейін айтыс сахнасында керемет өнер көрсетіп қана қоймай, дарынды шәкірттер тәрбиеледі. Аймақтағы айтыс өнеріне жанашыр болып, басы-қасында жүрді. Жалпы, Бүркіт екеуміз шығармашылық байланыс орнатып, ол талай әндеріме сөз жазды. Көп туындымыз ел аузында жүр. Осындай елге танымал ақындармен қанаттас, бауырлас болғаным үшін өзімді бақытты жан сезінемін», — дейді сазгер.
Бүркіт ағамыздың мәдениет және білім саласына сіңірген еңбегі елдің көз алдында. Сондай-ақ,айтыс сахналарындағы жарқын сәттері, елін тәнті еткен ерек өнері телеарналар мұрағатында сақтаулы. Марапат иесінің ел игілігіне берер қазынасы әлі де мол екені сөзсіз.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓