«Кез келген сауал жауапсыз қалмайды»

Онлайн режимінде халыққа есеп берген облыс әкімі Архимед Мұхамбетов осылай деді
Жылдағы қалыптасқан дәстүрге сай облыс әкімі Архимед Мұхамбетов халық алдында есеп берді. Коронавирус пандемиясына байланысты онлайн режимінде өткен есепті кездесудің тезистері баспасөз беттерінде алдын ала жарияланғандықтан, өңір басшысы негізгі мәселелерді ғана тілге тиек етті. Архимед Мұхамбетов алдымен облыстағы індетке қарсы күрес шаралары туралы баяндады. 
"Өткен жылы, өздеріңізге белгілі, COVID – 19-ға қарсы іс-қимыл аясында инфекциялық орталық салынып, жұмысын бастады. Онда 1400 науқас емделді. Облыстың төрт ірі медициналық мекемесінде –  облыстық аурухана, Қостанай және Рудный қалалық ауруханалары, облыстық фтизиопульмонология орталығы Тобыл қаласында 856 нүктеге орталықтандырылған оттегі желісі жүргізілді. Жоғары ағынды оксигенация аппараттары сатып алынды. 712 оттегі концентраторы бар. Мыңнан астам  төсекпен қамтамасыз етілген.  Олар күні бүгін  30% — ке ғана жұмыс істейді. Қажет болған жағдайда біз олардың санын үш мыңға дейін арттыруға дайынбыз",- деді Архимед Мұхамбетов.
Егер жалпы денсаулық сақтау жүйесі туралы айтатын болсақ, биыл Қостанайда 400 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы басталмақ. Тобыл қаласында 250 орындық жаңа емхана салынады.
Одан әрі өңірдің экономикалық-әлеуметтік даму барысы туралы баяндаған соң облыс басшысы тұрғындардың сұрағына көшті. Бұл жолы да халықтан аз сұрақ түскен жоқ. А.Мұхамбетовтің тарапына жолданған сұрақтың барлығы да өзекті деуге болады. Негізінен, елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамту, газ тарту, тозығы жеткен білім ошақтарын, көшелерді, жол жөндеуге қатысты туындады.
Ольга Климантова, Алтынсарин ауданы, Щербаков ауылының тұрғыны: Мен Шербаков ауылында туып-өстім. Осындағы орта мектепті бітірдім. Екі балам да ауылда білім алып жүр. Біздің мектеп күрделі жөндеуді қажет етеді? Жиһаздары да тозған. Білгім келгені, мектепке жөндеу жүргізіле ме?
Зәуре Бәйменова, облыстық білім басқармасының басшысы: 2021 жылы білім ошағының жобалық-құндық құжаттарын әзірлеуге 2,8 млн теңге бөлінді. Қазір мемлекеттік сатып алу арқалы конкурстық процедуралар өтіп жатыр. Ал келесі жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының шеңберінде мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
А. Мұхамбетов: Зәуре Әнуарбекқызы, мектепке қашаннан бері жөндеу жүргізілмеген?
Зәуре Бәйменова: Білім ошағы бой көтергелі қырық жылдай уақыт өтті. Содан бері жөндеу көрмеген.
А.Мұхамбетов: Онда «Жұмыспен қамту» картасына енгізу керек. Жобалық-құндық құжаттары әзірленісімен сараптама жүргіземіз. Сосын аталған мектепке жөндеу жүргізілетін болады.
Ахметқали Жүнісов, Қарабалық кентінің тұрғыны: Мен спорт әдіскері болып жұмыс істеймін. Аудан орталығында 2,5 мыңдай жастар тұрады. Қолданыстағы спорт залдарының жағдайы көңіл көншітпейді. Соңғы кезде бізге Қарабалық кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салып береміз деп уәде еткен. Оның жобалық-құндық құжаты әзірленді ме, жоқ па – белгісіз. Айтыңызшы, Қарабалықта спорт кешені салына ма?
А.Мұхамбетов: Рахмет. Бұл мәселе туралы мен білемін. Қазір біз жобаны 2021 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасына» қосу туралы ҚР Еңбек, халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен жұмыс істеп жатырмыз. Бұл жоба тізімде бар. Егер қателеспесем, спорт кешенінің құрылысына  600 млн теңгеден астам қаржы керек. Биыл біз бұл жобаны сәтті қорғап, құрылыс жұмыстарын бастаймыз. Ол жыл аяғына дейін ел игілігіне айналатын болады.
Аида Шоқаева, Лисаков қаласының тұрғыны: Менің балам ерекше күтімді қажет ететін мектепте оқиды. Мектеп салқын. Күрделі жөндеу жүргізілмеген. Арнайы мамандарды шақырып, нысанның қанша жылу жоғалтатынын есептеткізгенін білемін. Онда мектеп қабырғасын жылу ұстайтын материалдармен қаптау туралы ұсыныс жасалған. Барша ата-ананың атынан Лисаков қаласындағы коррекциялық мектеп-интернатқа қаржы бөлгізуіңізді сұраймыз.
Зәуре Бәйменова: Иә, бізге бұл мәселе жақсы белгілі. Ғимаратқа техникалық зерттеу жүргізілді. Қазір бізге күрделі жөндеу жүргізу туралы қорытынды берді. Таяудағы мәслихат сессиясына ЖҚҚ әзірлеу үшін  қаржы бөлгізу туралы ұсыныс жасаймыз. Ол, шамамен, 6 млн 600 мың теңге. Әрі қарай күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіземіз деп ойлаймын. Мәселе біздің бақылауымызда тұр.
А.Мұхамбетов: Жалғыз бұл мектеп қана емес, 2022 жылы қанша мектеп жөнделеді, соның бәрін жоспарға енгізу керек. Жөндеу қажет етіп тұрған білім ошақтарында қанша бала оқиды, неше жылдан бері жөнделмеген… – осының бәрі қатталып тұруы тиіс. Егер шын мәнінде апаттық жағдайда болса, онда тез арада жөндеуіміз керек.
Вера Песькова, Тобыл қаласының тұрғыны: Біз тұратын Терешкова көшесінде аулаға асфальт төселген жоқ. Жаздыкүні жөндеу жүргізілген-тұғын. Бірақ,  біздің көше тыс қалды. Сізден сұрайын дегенім, биыл ауламызға жөндеу жүргізіле ме? Сосын балалардың ойын алаңы да қажет…
Жансұлтан Тәукенов, Қостанай ауданының әкімі: Биыл Тобыл қаласы бойынша алты аула жөнделеді. Жақында өткен аудандық мәслихаттың сессиясында оған 190 млн теңге бөлінді. Биыл Терешкова көшесіндегі аула толығымен жөнделеді.
А.Мұхамбетов: Жаңа аудан әкімі айтқандай, бұл мәселе биыл шешімін табады. Мұны мен өз бақылауымда ұстайтын боламын.
Инна Бекмұхамедова, Федоров ауданының тұрғыны: Өткен жылы қараша айында біздің аудандық аурухананың шатыры жанып кетті. Үшінші, екінші қабаттардың шамалы бөлігі зақымданды. Шындығын айтқанда, біз жазға дейін Қостанайға барып емделеміз ғой деп уайымдап едік. Олай болған жоқ. Архимед Бегежанұлы, ауруханамызды дер кезінде әрі сапалы жөндеп бергізгеніңіз үшін алғысымыз шексіз. Айтайын дегенім, біздің аудандық аурухана маңайдағы ауылдармен қоса, Қарабалық ауданының тұрғындарына да қызмет етеді. Емделетін адамның қарасы көп. Сондықтан, аурухананы ұлғайту мәселесін шешіп берсеңіз екен.
А.Мұхамбетов: Рахмет жылы лебізіңізге! Иә, шын мәнінде бұл мәселе тез арада шешімін тапты. Мен бұл мәселені білемін. Ауруханаларыңызда екі рет болғанмын. Жанындағы нысанды да көргенмін. Оның бірінші қабаты ғана қолданыста. Бұрын перзентхана болған. Бұл мәселе туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасына тапсырма бергенмін.
Рүстем Айтбаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары: Бүгінгі таңда техникалық зерттеу жүргізу үшін және кейін жобалық-құндық құжатын әзірлеу үшін 7 млн теңге бөлінді. Біз бос тұрған нысанды алдағы уақытта амбулатория-емдеу орталығы етпекші ойымыз бар. Оған қажеттілік бар. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастыратын боламыз.
Кристина Тұмарова, Боровское кентінің тұрғыны: 2020 жылы аудан орталығындағы Алтынсарин көшесіндегі 16 пәтерлік тұрғын үйге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Пәтерлер үй кезегінде тұрғандарға берілді. Ауданда тағы осындай жобалар қолға алына ма?
А.Мұхамбетов: Сұрағыңызға рахмет! Біз өткен жылы облыстың алты ауданында шамамен 12 мың шаршы метрден артық жалға арналған тұрғын үйді пайдалануға бердік. Көп жылдан бері кезекте тұрған кісілерді баспанамен қамтамасыз еттік. Әрине, жыл сайын бір ауданда үй сала беру мүмкін емес. Бізде он алты аудан бар. Кезекте басқа да аудандар тұр. Бірақ, Меңдіқара ауданына қайта айналып соғамыз. Оны дәл келесі немесе арғы жылы салып береміз деп айту қиын.
Нұрлан Қатарбеков, Меңдіқара ауданының әкімі: Бізде қазір 24 пәтерлі тұрғын үйдің жобалық-құндық құжаттары әзір тұр. Оған 245 млн теңге қажет.
А.Мұхамбетов: Біз мұны қаперде ұстайтын боламыз.
Бақытжан Мұратұлы, Құсмұрын кентінің тұрғыны: Біздің ауыл тұрғындары орталықтағы Ленин көшесіне жөндеу жүргізу туралы айтудай-ақ айтып келеміз. Жөндеу қашан жүргізіледі? Соны білгіміз келеді.
Ерлан Теменов, Әулиекөл ауданының әкімі: Бұл мәселе бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді. Биыл облыстық трансферт арқылы 61 млн теңге  және аудандық қазынадан артылып қалған қаражатты қосып,   барлығы 120 млн теңгеге күн жылысымен құрылыс жұмыстарын бастаймыз.
         
…Бір жарым сағаттан артық уақытқа созылған есепті кездесуде облыс әкімінің тарапына осы тақылеттес 24 сұрақ түсті. Өңір басшысы барлық сұрақтарға нақты әрі тұшымды жауап берді. Қостанай қаласының тұрғыны Зайра Қасқатаева «Әуежай» және Қостанай-2 шағын аудандары аралығына қатынаудың қиын екендігін айтты. Ол облыс басшысынан екі аралықта жол салу мәселесін сұрады. Облыс орталығының әкімі Қайрат Ахметов бұл мәселе ең алдымен жаңа шағын аудан тұрғындары үшін өзекті боп тұрғанын айтты. Бірақ ол қала бюджетіне қымбатқа түседі. Құны – 4,6 млрд теңге. Ал облыс әкімі күрделі нысанды – теміржол арқылы өтетін ұзын көпір салу қажеттігін алға тартты. Облыс әкімі бұл мәселе қаралатынына уәде берді. Жанкелдин ауданының тұрғыны Қайрат Ордабаев шалғайдағы Ақкөл, Қарасу ауылдары жағындағы көпірлерді жөндеу туралы ұсынысын білдірді. Аудан басшысы Шота Оспанов  көпірлердің бірінің жобасы дайын екенін, бірақ оған да қыруар қаржы, яғни 280 млн теңге қажеттігін айтты. Бұл көлік транзиті аса жоғары емес нысан  екенін ескерген облыс әкімі жобаны оңтайландыруды тапсырды. Есепті кездесу соңында облыс әкімі тұрғындар тарапынан қойылған барлық сұрақ ескерусіз қалмайтындығын және олардың мүмкіндігінше сапалы, мерзімінде шешілетіндігін айтты.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суретті түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓