Құмырсқаның қанағаты

аязбековДүние төңкеріліп жатса да мәу демейтін  тұйық, мінезі ауыр Ертұяқ деген кісі бар.. Өзінің дене бітіміне  мінез-құлқы да сай жарасымды үйлескен тұлға. Менің бір білетінім, дүкенге бармайтын, киім-кешек, азық-түліктің бәрі   үйдегі жеңгей мен балалардың мойнында.  Ал Ерекеңнің жөні басқа. Сол Ерекеңді ойда-жоқта Қостанайдың сегізінші шағын ауданындағы "Технодомынан" көріп қалдым. Ол да анадайдан мені танып, сәл кібіртіктеп,  бұрылып кетіп қалуға ыңғайсыздан-ғанын сездім.
–  Оу, Ереке қайдан жүрсіз? –дедім, мен жақындай келе. Ерекең аман-саулықтан соң, былай жүр дегендей оңашалау шығарып ап:
– Жәке, осы,  сен айтшы, шынында менің мына жүрісім  не жүріс, а? – деп, көзін оқтай қадап,  қолымды езіп барады. – Ана тұқымың өскір, боқмұрын жаман неме, жетінші сыныпта оқитын немерем үш күн, үш түн маза бермей шықты. Не болды десем ұялы телефон керек екен. Бір емес екі рет телефон әкеп беріпті әжесі. Біреуін де жаратпай, лақтырып жібереді де, қайдағыны шығарып өксіп-өксіп жылайтын көрінеді. Содағы сұрайтыны ішінде "скайп", "ватсап" дейтіні бар Айфон әпер дейді. Ол бір удай қымбат, бала тұрмақ үлкендердің қолы жетпей жүр дейді. Жағынан тартып жіберіп, май құйрықтан теуіп сабап алайын  деп талай рет оқталғанымды қайтейін, қол көтере алмадым.  Әке-шешесі шетелде. Олардан не қайыр.  Үлкенімнен немерелеріме емірене қоймап ем, мына кенжемнің кенжесінің бір құдіреті бар, тілім – тасқа, тфу, не деп оттап кеттім? – деді де, қоя қойды. Мен бірдеңе дегенімше:
– Әй, бәрібір, құмырсқаның қанағатындай қанағат жоқ, бүгінгіде. Тойғанның қадірін кім білсін, жақсы! – деді де, менің жауабымды күтпестен бұрылып жүре берді. Ойхой, кімсің, Ерекеңмін! Кім болушы еді – Ерағаң! Тыңдамаса Ерекең тыңдатады,  бермесе  Ерекең бергізеді дейтін  ел ағасы болған, атқа мінген, сұсы мен мысы басым көкеміз еді. Неге "еді"?  Мына көргенім мүлдем  басқа  кісі, басқа мінез, басқа рух… айфоны құрғыр қалай өзгертіп жіберген, ә?!
"Құмырсқаның қанағаты…" Қазақ ертегісін кім білмейді. Сонда да, шамалы қысқаша  қайырсақ..
Баяғыда бір данышпан құмырсқаның  бойы мен дене тұрқын тергеп ақыл-ойына көзі жетіп, енді сынап көрмек болады. Данышпан құмырсқаны сауытқа салып, қасына құмырсқаның өзі айтқан  бидайдың бір ғана дәнін қояды. Бір жыл өткен соң сауытты алып қараса, құмырсқа бүк түсіп, қимылсыз жатыр екен. Қасында бидай дәнінің жартысы қалыпты. Әрі-беріден кейін  бірте-бірте мұртын, аяғын қимылдатады да, құмырсқа орнынан тұрады.
– "Бір дән маған бір жылға жетеді" деп едің. Жыл өтті, ал сен дәннің жартысын ғана жепсің. Оның қалай? – деп сұрайды данышпан.
– Иә … ол дәнді бір жылда жеп бітірсем, қазір менің халім әлде қайда жақсы болар еді. Бірақ сен бір жылдан кейін мені босатуды ұмытып кетсең, онда мен бостан-босқа аштан өлетінім анық. Сол себепті бір жыл бойы жарты дәнді қанағат қылдым, – деп жауап береді құмырсқа.
– Егер босатуды ұмытып кетсем, қалған жарты дәнді қанша уақытқа жеткізген болар едің?
– Төрт-бес жылға жеткізген болар едім, – депті құмырсқа.
"Бұл есте жоқ ескі заманда, кейінгі  аш-жалаңаш, арып-ашыған, адам баласының дүниеге тойынбаған кезінен шыққан  мысал шығар.  Сонау  көнені неге бүгінгіге тықпалайсыз  осы?  Бүгінде шүкір, дүние баршылық, шашсын-төксін. Қанағат деп бардың қызығын көрсе, оралының барында шалқып-тасып, ойнап-күлсе, несі айып?"–дейді, кеудемнің бір жағы.
Біздің қазақта   шілдехана,  тұсау кесер, қалжа, бала бір жасқа толғаны бар,  содан бастап тойлар шеруі бәрі де  аста-төк шарықтап, көкке жетті. Көкке жетпегенде несі қалды, жас жұбайларды той салтанатына тікұшақпен топ еткізсе, төбеден ақша жаудырса.. Екі қазақтың бірі  той жасайды.  Қазіргі ақыл: қарыздан – қауғалан жаса. Жасамаса ұят, алдымен  "ата жауың" – ағайын-туыстан, жекжат- жұрағаттан  ұят. Бұдан жаман кезде де тойға барғанбыз."  Қанағат дегеніңіз бұл жалқаулық емес пе, өзі?! – деді, енді бір жағым.
 Бәрінің ынта-ықыласы – ғаламторға ауған. Жаһанды алақанға сиғызып сиқырлап тұр. Ол бірақ "Қанағат қарын  тойғызар,  қанағатсыз  жалғыз  атын  сойғызар" демейді.  Компьютер балаларға: ат, шап, қырып таста,  бауыздап таста.  Ержеткендер мен  бойжеткендерге:  көріп қал, сайран сал, іш-же, тарылма-тартынба тағысын тағылар, он сегіз мың ғаламның қызығын, сайқал-сұлуын да, сұмдығын да  ұсынудан, арбаудан  жалықпайды,  пәтшағар!   Мына жалған дүниеде   кемтар, аш құрсақ,  ауру-сырқау,  мұңды – зарлы,  таршылық-зоршылық  көріп отырған  пенде  жоқтай …
Қанағат – арабтың сөзі, "барына разы болу". Дінде  – Алладан өзгеден дәметпеу. Пайғамбар сахабалары айтқан  өсиет аз емес. Сағид ибн Әбу Уаққас баласына: "Ей, балам, егер сен Алладан байлық сұрасаң,  қанағатты сұра. Ол ақиқатында таусылмайтын байлық". Бірақ, қайтесіз, адамзатта хайуани қанағатсыздық сезім бар. Лев Толстойдың  Пахом дейтін  бір кейіпкері ("Адамға көп жер керек пе?") ындыны тоймай қайтсем жерді көп қарпып қаламын деп жанын жалдап,  арпалысып,етегіне сүрініп жүріп ақыры зорығып  өледі. Сондағы   оған бар  бұйырғаны –  екі метр жер ғана..
"Құмырсқаның қанағаты" осы мектеп оқулықтарында бар ма екен?.. 
Жанұзақ Аязбеков
 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓