Батыр ескерткіші ашылды

Ленинград облысының Кировск қаласында қазақ халқының даңқты ұлы, Кеңес Одағының Батыры Сұлтан Баймағамбетовтің ескерткішінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. ҚР Ресей Федерациясындағы Елшілігінің ақпаратына сүйенсек, Сұлтан Баймағамбетовтің атымен аталатын жергілікті гимназия ғимаратының жанындағы ескерткіш 2001 жылы орнатылған еді. Алайда содан бері тозып, қалпына келтіруді қажет етті. Көршілес аумақты абаттандырумен қалпына келтіру жұмыстары осы жылы Санкт-Петербургтегі және Ленинград облысының «Ата-Мекен» қазақ ұлттық мәдени қоғамының қатысуымен және Қазақстан Республикасының Санкт-Петербургтегі Бас консулдығының көмегімен жүзеге асырылды. Ескерткішті қалпына келтіру үшін Қостанай облысының әкімдігінің қолдауымен 1 млн рубль көлемінде қаржы бөлінді.img_2659_2741
ҚР Ресейдегі елшісі Ермек Көшербаев ескерткіштің ашылуын Сұлтан Баймағамбетовтің 100 жылдығы мен Ұлы Жеңістің 75 жылдығының символы деп атады. Ол Ленинград облысының және Киров ауданының басшылығына, гимназия мұғалімдері мен оқушыларына жерлесінің естелігін сақтауға мұқият қарағандары үшін ризашылығын білдірді. Елшінің пікірінше, батыр ескерткішінің ашылуы халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға мұрындық болады.
Ленинград облысының губернаторы Александр Дрозденко Сұлтан Баймағамбетовтің Ленинградты қорғаудағы ерлігін атап өтті.
«Мұнда соғысқан және қаза тапқан сарбаздар өздерін ұлтқа бөлген жоқ, олардың бәрі туған жеріне қарамастан ортақ Отанын қорғады», – дейді губернатор.
 
Кеңес Одағының Батыры Сұлтан Біржанұлы Баймағамбетов 1920 жылы қазіргі Қостанай облысының аумағында дүниеге келген. 1940 жылы әскер қатарына алынып, 1941 жылдың маусым айынан бастап Ұлы Отан соғысына қатынасты. Алдымен мергендер ротасында, кейіннен пулеметшілер бөлімшесінде қызмет етті. Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) түбіндегі ұрыстарда 50-ден астам дұшпанның көзін жойды. 4 рет жараланған. 1943 жылғы шілдедегі Ленинградты Үлкен жермен байланыстырып тұрған қылтаны кеңейту үшін жүргізілген ұрыстарда Баймағамбетов Ленинград майданының 67-армиясы 43-атқыштар дивизиясына қарасты 147-атқыштар полкінде пулемет бөлімшесінің командирі болды. 1943 жылы 25 шілде күні болған шайқаста жау дзотын кеудесімен жауып, ерлікпен қаза тапты. 1944 жылы КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының шешімімен Баймағамбетовке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ол Ленинград облысы, Синявино ауылындағы соғыс мемориалындағы көпшілік қабірге жерленген.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓