Мақсат бірдей, мүдде ортақ

12240296_1657123021195522_2062200491711774218_oҚазақстан халқы Ассамблеясы бірлік пен келісімнің бірегей моделіне баланады. Бұл ұйымға өзге мемлекеттердің де жоғары баға беріп жүргені де бекер емес. Бір шаңырақ астына бірнеше ұлт пен ұлысты ұйыстырған еліміз расымен де көп ке үлгі. Бейбітсүйгіш мемлекеттің осынау теңдессіз ұйымының құрылғанына биыл 25 жыл толды. Мінекей, осынау атаулы дата аясында өтіп отырған бүгінгі келелі отырыстың мән-маңызы зор. Осы шараны бастан-аяқ ықыласпен көріп шықтым. Ұйымның бүгінге дейін атқарған жұмыстарына баға беріліп, жеткен жетістіктеріміз түгенделді. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев төрағалық еткен кеңесте ел ынтымағы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы турасында көптеген ілкімді дүниелер айтылды. Мұның сыртында, ұйым Төрағасы тілдің біріктіруші фактор екенін айтуы ерекше көңілге қонды.
«Еліміздегі барлық этнос өкілі мемлекеттік тілдің маңызын қолдады. Тәуелсіздік жариялаған 1991 жылы халықтың тек 37 пайызы ғана мемлекеттік тілді білетін. Қазір жағдай мүлде басқа. Бүгінде азаматтарымыздың үштен екісі мемлекеттік тілде еркін сөйлейді. Кезінде ЖОО студенттерінің 27 пайызы қазақ бөлімінде оқыса, қазір көрсеткіш 83 пайызға жетті. Бұрын қазақ тілінде сөйлейтін өзге ұлт өкілін табу қиын-ды. Енді өзге ұлт өкілінің қазақша сөйлеуі – қалыпты дүние. Мемлекеттік тіл жалпы мойындалған азаматтық маркерге айналды», — деді ол. 
Осы шара аясында әр өңірден онлайн байланысқа шығып, отырысқа үн қосқан әр облыстың өкілдерінің пікір-ойлары, ұсыныстары тәнті етті. Мәселен, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің халықаралық қатынастар факультетінің студенті Юлия Лагуткина тіл мәселесін мемлекетке жүктеп қоймай, барлық азаматты атсалысуға шақырып, келер жылды «Қазақ тілін үйретуші еріктілер жылы» деп жариялауды ұсынды. Ал Тараз қаласындағы №34 орта мектеп директоры Динара Нұрғалиева елде өзі сияқты бойында 7-8 этностың қаны бар азаматтардың көп екенін алға тарта келіп, осындай жандардың төлқұжатына «қазақ» деп жазатын уақыт келгенін айтты. Бұл – аса құптарлық ұсыныстар.
Өзім Лисаков қаласында Тілдерді оқыту орталығының басшысы қызметін атқарып отырғандықтан, мемлекеттік тіл мәртебесі туралы оралымды ойларды, ұтымды ұсыныстарды қос қолдап қолдаймын. Сондай-ақ, Елбасы міндеттеп отырған тапсырманы жүзеге асыруға бар білігімізді салуға тырысып жүрміз. Елдегі бірлік, патриотизм, жасампаздық идеяларын ілгеідетуге үлес қосу – әрқайсысымыздың міндетіміз деп түсінемін. Дәйім, ынтымағымыз жарасып, бір мақсат, бір мүдде жолында биік белестерді бағындыруға күш-жігерімізді жұмылдырайық дегім келеді.
 

Жанұзақ Айсағалиев,
Лисаков қаласы әкімдігінің
Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің
Тілдерді оқыту орталығы директоры

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓