Торғай өңіріндегі күйшілік өнер

Қазақ музыкасындағы ірі мәдени құбылыстардың бірі күй өнері. Кәсіби аспаптық музыка санатындағы күйлер көпшілік жағдайда домбыра мен қобызда, сыбызғыда орындалатын болған. Әсіресе домбырада орындалатын күйлердің саны қомақты. Қазақ арасындағы күйші-домбырашылардың шығармашылығының ауқымды болуы бұл аспаптың жалпы халықтық сипатқа ие болуына әсер етті. Байжігіт, Тәтімбет, Сүгір, Құрманғазы, Дәулеткерей, Қазанғап секілді аса ірі өнерпаздар өзіндік қолтаңбасы бар күйшілік мектептерін қалыптастырып, күй өнерінің дамуына зор үлес қосты. Ел ішіне кең таралған домбырашылық Торғай өңірінде де ерте заманнан тамыр тартқан өнер. Біз бүгінгі мақаламызда осы өңірдегі өмір сүрген күйші-домбырашылар жайлы сөз қозғамақпыз.куй
Торғай өңіріндегі ерте заманнан аты жеткен күйші – Қарабас Көшейұлы. Қарабас Есім хан заманында қол бастаған Арғын Шақшақ батырдың немересі. Ел арасында көне күннен жеткен өлеңнің бірінде:
Батыры Шақшақ екен Есім ханның,
Қорғаны болып жүрген жалғыз жанның.
Қорсының Есім жетіп басын алды,
………………………………………………
Бар екен Тұрсын ханның жалғыз қызы,
Шақшаққа берейін деп есін алды.
Тұрсынның қызын қосып баласына,
Ер Шақшақ нақсы арын кесіп алды, — деп айтылады.
Шәкәрім өзінің «Қазақтың қайдан шыққаны» туралы еңбегінде Есім хан 1628 жылы Тұрсын Мұхамед ханды өлтіріп, Қатаған елін шапқанын, Тұрсынның Айбике, Нұрбике, Қоңырбике атты қыздарын қазақ батырлары олжалап, Қоңырбикені Тобықты Сары батыр алғанын жазған. Бұл Шәкір Әбенов, Әбділдә Тұтқышұлдары жырлаған «Таңшебер-Жапал» жырындағы Сары батыр. Қазақ ішіндегі көп аңыздың бірі Тұрсынның Нұрбике атты қызын Шақшақ батыр өзінің ұлы Көшейге қосқандығын айтады. Әрі батыр, әрі би, өзі дәулескер күйші Қарабас осы Көшейдің ұлы. Жасынан батыр болып өскен Қарабас жайлы ел ішінде аңызда көп. Ұзақ жасаған батыр тоқсаннан асқан шағында жау қолынан қаза тапқан. Батырдың өміріне қатысты құнды деректерді А.Сейдімбек, Ә.Кекілбаев, С.Мырқалиевтің шығармалары мен зерттеулерінен табуға болады. Қазіргі күні Қарабас батырдан тараған Құдайберген, Есберлі, Қожамқұл, Қойбағар ұрпақтары үлкен рулы елге айналып Торғай өңірінде әлі де өмір сүріп жатыр.
Торғай өңіріне аты шыққан белгілі ақын, шежіреші Ахметхан Әбіқаев Қарабас Көшейұлының «Қарабас», «Қаражорға» атты күйлері болғандығын атап көрсеткен. Ахметханның өзі күй шығармаса да шебер домбырашылығымен танылып, 1937 жылы Алматыда өткен көркемөнерпаздардың байқауында республика көлемінен жиналған сексен күйшінің ішінен Дина Нұрпейісовадан кейінгі екінші орынға ие болған. Өкініштісі Ахметхан айтып, орындап жүрген осы күйлер жазып алынбаған. Кейбір зерттеушілер А.Затаевичтің Махамбет Бөкейхановтан жазып алып, «Қазақтың 500 әні мен күйі» кітабына енгізген «Қарабас» күйін осы Қарабас Көшейұлына теліп келеді. Тіпті қазақ күйшілері жайлы құнды зерттеу жасаған А.Сейдімбекте «Қазақтың күй өнері» кітабында А.Затаевич жазып алған күйді Көшейұлы Қарабастың күйі деп көрсеткен. Бірақ А. Затаевич жасаған Бөкей ордасында өмір сүрген майталман домбырашылар тізімінде Дәулеткерей, Әлікей, Түркеш, Баламайсан секілді дәулескер күйшілермен бірге Қарабас атты күйшінің де есімі жазылған. Махамбет Бөкейхановтан жазып алынған күй осы Қарабасқа тиесілі туынды.
Торғай өңірінде аты шыққан дәулескер күйшілердің бірі – Қапақ сал. Қапақтың шын есімі Амантайұлы Жүсіп. 1879 жылы Торғай уезінің Шұбалаң болысында дүниеге келген. Жасынан ат баптап, құс салып, серілік құрып өскен Жүсіпті жеңгелері Қапақ деп атаған. Кейін ел ішінде осы атымен Қапақ сал атанған. Ол домбыра тартуды нағашы Жаппас Сейдалы күйшіден үйренген. Домбыра тартуда үлкен шеберлікке жетіп, Кіші жүздегі атақты бай Самыраттың (Шаһмұрат Алматұлы) ауылында өткен күйшілер додасында башайымен күй тартып жеңіске жеткен. Ұрпақтарының айтуынша Қапақ салдың 100-ден аса күйі болса керек. Өзі шығарған «Сайлау», «Жеңіс», «Солдат маршы», «Төңкеріс», «Қуаныш», «Сарбас» т.б. күйлермен бірге Құрманғазы, Дәулеткерей, Қазанғап күйлерін мүлтіксіз орындаған. Көне заманнан жеткен «Ел айрылған», «Бозінген», «Сарықасқа», «Тәнтән қыз», «Сарай» секілді күйлерді тартқан. Кенесары-Наурызбайдың «Жорық» күйінің бес саласы мен «Ақжелеңнің» бірнеше тарауын тарқатып тартқан Қапақ қобызбен тартылатын Қорқыт күйлерінде домбыраға салып орындаған. Күйшілік өнерімен елге танылған Қапақ сал 1930 жылдардың шамасында Алматыда өткен халық көркем өнерпаздарының байқауына шақырылған. Бірақ Алматыға бара жатқан жолда ауырып, Қостанай ауруханасында екі айға жуық емделіп, елге оралған.
Қапақ күйшілігімен бірге өз жанынан өлең шығарып, шежіре таратып айтқан кісі. Оның жазған үш дәптер өлең-жырын кезінде Торғай аудандық «Ауыл» газетінде редактор болып істеген Хасен Өзденбаев алғандығы туралы деректер бар. Сонымен бірге Қапақ сал жаратып, бәйгеге қосқан Қапақ күрең, Торы арғымақ, Көкторғай атты жүйріктері дүбірдің алдын берген емес.
Оның ұлы Назарда арқалы күйші болып, өз жанынан біршама күйлер шығарған. Қапақ сал 1968 жылы өзінің туған жерінде өмірден өтті.
Қапақ салдың біздің күндерімізге дейін сақталып жеткен күйі – «Кекілік». Біз мұны Қапақтың немересі Нұрбек Әмірбекұлының орындауында тыңдадық. Күйдің шығу тарихы белгісіз. Бірақ көлемі шағын ғана бұл күй марш есебіндегі туындылардың бірі ме деп ойлауға келетіндей. Қара қағыста (кейде тентек қағыс аталады) орындалатын Құрманғазы дәстүріндегі күйлермен туыстығы да байқалатындай. Қапақ сал Кенесары-Наурызбайдың «Жорық» күйінің бес саласын тарқатып тартқанында атап өткен едік. Әдетте шеру тартқан қосын мен шеп құрған жасақтың қимылын-қозғалысын бейнелеп марш қалпында келетін жорық күйлерін орындап жүргені оның өзінің де шығармашылығына ықпалын тигізген секілді. Қапақтың «Кекілік» күйінен басқа, бізге заты жетпегенмен аты жеткен «Солдат маршы» атты туындысының болуы бізді осындай тұжырымға жетелейді.
Қазақ арасында тараған күйлердің көпшілігіне сол туындының шығу тарихына, орындалуына тағы басқа жағдаяттарына қатысты күй аңызы ретінде түрлі әңгімелердің ілесе айтылып жүретіні белгілі. Бұл музыкалық туындымен сабақтасып жататын біртұтас рухани құбылыс. Ауыздан ауызға тарап, түрленіп айтылып келе жатқан мұндай әңгіменің бірі Қапақ салдың күйіне де қатысты баяндалады.
Қапақ салдың шыққан тегі Арғынның Мерген деп аталатын руы. Осы Мерген руынан шыққан Қапекеңе туыс Мырзағали Өтегенов деген білікті азамат Қостанайдың Меңдіғара ауданындағы Заря атты колхозды басқарып тұрған шағында, 1937 жылдың зұлматына ілігіп, «Халық жауы» деген жаламен атылып кетеді. Мырзағали ұсталғаннан кейін оның Халық атты ұлын Қостанайдағы балалар үйіне тапсырған. Мырзағалидың жары Ұлыш Торғайдағы туысқандарға барып паналап, арада біршама уақыт өтіп Қостанайға қайта келген кезінде баласын таба алмай қалады. Кейін 1970 жылдардың шамасында Қонарбаев Бидаш атты азамат осы балаға іздеу салып, Қарағанды облысында тұрып жатқан жерінен тауып алған. Іздеу салған кезде жазылған барлық белгілер мен өз есінде қалған еміс-еміс деректер сай келсе де Халық Ұлыштың өз анасы екендігіне сеніңкіремей: — Менің анам күй тартушы еді, сіз күй тарта аласыз ба — деп сұрақ қояды. Ұлыш күй тартқан кезде, күй әуенін зер салып тыңдап отырған Халық еңіреп жылап келіп: — Осы күйдің әуені үнемі менің құлағымда тұрды. Радиода күй тартылып жатса, тұра қалып тыңдаушы едім. Өйткен сәби шағымда әкем мен анам үйде отырған кезінде күй тартатыны есімде. Сонда осы күйді тартушы еді, сіздің менің анам екендігіңіз рас екен, — деп анасын құшақтапты. Осылайша бір күйдің арқасында тар заман талқысында ажырап кеткен ана мен бала қайта қауышып, Мырзағалидың ұлы Халық (балалар үйінен асырап алған адам Жұмаш деп атап кеткен) өз туыстарын тапқан екен. Сондағы Ұлыштың тартқан күйі Қапақ салдың «Кекілік» күйі деп айтылады.
Біз бұл әңгімені Қостанай қаласында тұратын Қабылахат Сейдахметов ағамыздан естіген едік. Бізге «Кекілік» күйін орындап берген Нұрбек Әмірбекұлы болса, бұл әңгімеден бейхабар екендігін жеткізді. Сондықтан айтылған жайдың қаншалық шындық екендігі бізге беймәлім. Бірақ «Кекілік» күйіне қатысты айтылған осы бір баянының ең болмағанда күй аңызы ретінде өмір сүруіне хақысы бар ғой деген оймен мақаламызға қосып отырмыз.
Қыпшақтың Қитаба руынан шыққан күйші Баспақұлы Уәлі Торғай уезі Аққұм болысында дүниеге келген. Уәлі жас күнінде Ресей қалаларының бірінде оқып, европалық сауат алған, бірақ денсаулығына байланысты оқуды толық аяқтай алмаған деседі. Өкінішке қарай мұны дәлелдейтін архивтік құжаттар әлі де болса кездескен емес. Дегенмен Уәлінің көзі ашық, сауатты болғандығы анық. Оның 1916 жылы қазақ жігіттерін майданның қара жұмысына алу туралы маусым жарлығы шыққанда Смағұл Төкеұлы, Смайыл Тоқмұхамедұлдарымен бірге патша үкіметіне жазған хаты көтеріліс тарихына қатысты жинақтарда жарық көріп жүр. Аймақта Кеңес үкіметін орнағаннан кейін халық соты болып қызмет атқарған. Жасынан дімкәс болып ауырған Уәлі күтініп, қымыз бен борсық майын ішіп, құмбұлауға түсіп емделіп жүрген кезінде баласы өмірден өтіп, соған арнап «Кем дүние» күйін шығарған. 1916 жылғы көтеріліске арнап шығарған «Дүрбелең» атты күйі де болған. Оның Ұлытау өңірінің күйшілерімен жақсы араласып, күй тартысқандығы туралы деректер бар. Күйшілігіне қоса, ақындығымен танылған Уәлінің Ахмет пен Міржақыпқа арналған «Айдау көрді-ау асылым» атты толғауы мен «Тоймағамбетті жоқтау» атты шығармалары сақталған. Уәлінің күйлерінің соңғы орындаушысы Әбдікерұлы Имағамбет атты домбырашы 1988 жылы 98-99 жастың шамасында Торғайда қайтыс болды. Уәлінің өзі 1927 жылы жіңішке ауруынан дүниеден өткен.
Ахмет Байтұрсынұлының есімі қазақ баласына Алашорда көсемі, ақын, қазақ тіл білімі мен әдебиетінің негізін салушы ретінде белгілі. Ахаңның музыкалық мұрасы жайлы тек тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде ғана еміс-еміс естіліп, айтылып қалып жүр. Өзінің аса дарынды музыкалық қабілетімен де ерекшеленген Ахмет А.В. Затаевичке «Есенжол жыршының әні», «Шырқау», «Дауыс», «Ай-хай», «Ғазиза», «Қаракөз», «Кәмшат бөрік» әндерімен бірге Торғай өңірінеде ертеден тартылып келе жатқан «Айда былпым», «Тепеңкөк» күйлерінде жазғызған. Ахметтің өзі шығарған «Екі жирен», «Қарғаш» атты әндері де бар. Сонымен қатар «Арман» атты күйі сақталған. Ахаңның бұл күйін халық ақыны Нұрхан Ахметбеков сақтап, жеткізіп 1960 жылы белгілі домбырашы Жалмышев Сағынға үйреткен. Бұл жайында Сағынның өзі «Қайта оралған күй» мақаласында былай деп жазады:
«Әнге маужыраған ақын бір кезде басын көтеріп, «Күміс көмей әншілер мен бал бармақты күйшілер ғой осындай ғажайып әндер мен күйлерді шығарған, солардан қалған мұраны есте сақтап, халық арасына таратып, кейінгі ұрпаққа үйрету – бұл баға жетпес еңбек болар еді, — дей келіп: — айтпақшы, еске түсіп кетті, менде жасырып жатқан, жарыққа шығаруға қорқып жүрген, аты мен затын айтуға болмайтын бір тамаша күй бар. Ол түбінде сендерге керек болар, соны үйретейін, — деді…
— Бұл күй, — деп бастады Нұрекең сөзін, — бұрмалаушылықтың шырмауында
кеткен Ахмет Байтұрсыновтың «Арман» атты күйі. Ол кісі ғұлама ғалым, аудармашы, ағартушы, қоғам қайраткері болған, халқының болашағы үшін көп жұмыс істеген, халқы үшін талай жақсы істің басын бастағанымен, сол кездегі саясат, тар заман Ахаңды еркіне жібермей, қолын байлаған. Ойындағысы жүзеге аспаған соң «Арман» деп күй шығарған.
Бұл күйді мен жас кезімде Ахметтің туып өскен жерінде тұратын Әлімбет руынан шыққан Ғаббас деген ақсақалдан үйрендім. Ғаббас деген ақсақал «Арман» күйін Ахаңның өз орындауында естіген… [ И.Ағытайұлы. Ортақ өмір арнасы. 206-207 б.].
Шыныменде “Арман” күйін тыңдаған адам запыранды замандағы кіреуке тартып, кірбің шалған көңілдің өкінішін, ойындағысына қолы жетпеген жанның шер-наласын ұғынғандай болады. Бұл төкпе күй қалыбында шығарылғанымен, болмыс-бітімі адамның жан дүниесіне шым-шымдап тарап, тамыр жаятын терең сезімге құрылған, өзінің нәзік әуезділігімен ерекшеленетін, лирикалық сарыны бар күй.
Нұрханнан үйренген күйді Сағын отыз жылдан артық сақтап келіп, 1991 жылы өткен Ахаң мен Жақаңа арналған үлкен тойда жарыққа шығарған. Кейін Тұрар Әліпбаев нотаға түсіріп, қазір облыс, республика көлеміндегі домбырашылар сиректе болса сахнаға алып шығып жүр.
Ахмет секілді Міржақып Дулатұлының музыкалық мұрасы жайлы да кейінгі уақытта ғана сөз бола бастады. Міржақыптың 1916 жылы жазылған «Зар заман» атты өлеңі сол заманда-ақ «Заман-ай», «Елім-ай», «Кер заман» деген атаулармен кең тарап А.Затаевичтің жинағына енген. Міржақыптың бұдан басқа әндері бар. Мысалы «Азамат» жинағында жарық көрген «Таза бұлақ» өлеңі мен «Қазақ» газетінде жарияланған «Сағыну» атты өлеңдерінің романс қалпында музыкасы бар. Міржақыптың қызы Гүлнардың жазуы бойынша Жәйрем қаласының тұрғыны Сейілбек Смайылбеков Жақаңның 1911-12 жылдары Жанима атты қызға арнап жазған «Балдызға» атты үш хат-өлеңінің және 1919-20 жылдары, аласапыран кезінде шығарған «Қанатталды» өлеңінің әні бар екендігін жеткізген. Бүгінде Міржақып Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақ қалпы» атты өлеңіне де ән шығарғандығы белгілі болып отыр. Белгілі әнші Келденбай Өлмесеков Ақсуат ауданында тұратын Қарпықбай Егізов деген кісіден Міржақыптың «Мұң» атты әнін үйренсе, Семейдегі Әміре атындағы филармонияның әншісі Бақыт Үдербаева 1991 жылы Германияның Мюньхен қаласына барған сапарында қоғам қайраткері, жазушы Хасен Оралтай қонаққа шақырып, сол жолы Міржақыптың «Қайда едің» әнін үйреткен. Жалпы Жақаңның музыкалық мұрасы жайында Ілия Жақановтың «Ән тағдыры» мақаласында жақсы жазған. Мақала 1992 жылы «Жұлдыз» журналының жаңа жылдық алғашқы санында жарияланған. Міржақыптың ән мұрасы жайлы айтылып келгенімен, оның «Әуез» атты күйі болғаны тек кейінгі уақытта ғана мәлім болды. Бұл күй Түркия қазақтарының арасынан табылды. Түркия қазақтарының арасындағы күйлер негізінен Сарымолла (Нұртаза Садықұлы) мен оның шәкірті Жармұхамед күйшіден жазып алынған. Олардан жазып алынған қырыққа жуық күйдің ішінде Міржақыптың «Әуез» атты күйі де бар. Күйді жеткізген Жармолла (Жармұхаммед) күйші. Күй мұстафатанушы Әбдіуақап Қара мен музыкатанушы маман өзі де күйші Нұрлан Бекенов бірлесіп шығарған «Түркия қазақтарының ән-күйлері» атты жинақта жарияланды. «Әуез» Арқа күйшілік мектебінің үлгісінде шығарылған.
Ахметтің «Арман» күйін жеткізген халық ақыны Нұрхан Ахметбеков өзі де дәулескер домбырашы, тамаша күйші болған. 1936 жылы Амангелді ауданында ауданаралық халық театрын ұйымдастырып, мәдениеттің ұйытқысы бола білген Нұрхан 100 қаралы әнді орындап, 80-нен аса күйді тарта білген. Әсіресе Құрманғазы, Арынғазы, Дәулеткерей, Қазанғап, Тәтімбет, Дина күйлерін шебер орындаған Нұрекең өзі де ән мен күй шығарған. Нұрханның «Күй басы», «Июнь толқыны», «Жеңіс» күйлері бүгінде орындалып жүр. Бұлардан басқа Сырбай Мәуленов 1945 жылы «Большевиктік жол» (№216) газетінде жариялаған «Нұрхан ақын» мақаласында «Естай» атты әні барын жазса, Тұрсынбек Тасқожин, Аңсаған Атымтаевтар жазған «Ақын Нұрхан Ахметбеков» мақаласында («Коммунизм жолы», №241, 1958 жыл) «Желдірме» атты күйі бар екендігін атап көрсеткен. Нұрхан күйлері тыңдаған адамға батыстың күйшілік мектебі үлгісін еске салады.
Қондырып құлағына бозша торғай,
Күй төкті Құрманғазы он бармақтан.
Сазына сандуғаштың сақ-сақ күлген,
Күй алдым күй атасы Қазанғаптан, — деп жырлаған
Нұрекеңнің Батыс Қазақстандағы Құрманғазы, Дәулеткерейлердің күйшілік мектебінен үйренгені көп болса керек. Осы жерде бір айта кететін жай Торғай өңірінің Арқа мен Батыс, Сібірмен мен Сыр өңірінің аралығында жатқандығы оның музыкалық мұрасына да өз ықпалын тигізген. Мысалы ХІХ ғасырда дүниеге келген белгілі әнші-ақын Мұхамеджан Өтелбайұлының шығармаларынан Арқа әншілік мектебіне тән дәстүрлермен бірге кей әндерінің бастауы мен аяқталуынан Сырдағы жыраулық өнерге тән созылмалы сазды да байқауға болады. ХХ ғасырда өмір сүрген Жүргімбеков Меңдібектің мақам-саздарынан да Арқа мен Сырдың әуендерін қатар байқалады. Бұл үрдіс Торғай өңірінің күйшілерінен де көрінеді. Мұны ертеде өткен Нұрхандардың күйінен ғана емес, бүгінгі ортамызда жүрген Айтбай Мұздаханов, Айтан Сейітахметов секілді күйші-домбырашылардың шығармашылығынан көре аламыз. Мысалы Айтан ағамыздың «Аққулы Астана» күйі шертпе күй дәстүрінде орындалса, «Назым» күйінен Дәулеткерейдің «Жеңгемсүйер» күйінің әуезі көрініс береді. Бүгінде елімізге танымал жазушы Төлен Әбдіктің шығарған күйлерінде де төкпе күй мектебінің ықпалы бар екендігін сеземіз. Осыған қарағанда Торғай өңіріндегі күйшілік мектептің дамуына әсіресе Батыс Қазақстанда қалыптасқан төкпе күй мектебінің әсері күштірек болған секілді.
Әрине, Торғай өңірінде ерте заманда өткен күйшілердің сақталған бірлі-жарым туындыларына қарап олардың жеке шығармашылық тұлға ретіндегі күйшілік өнердегі орнын, стилі мен көркемдік тәсілдерін, өзіндік ерекшеліктерін анықтау өте қиын. Бұл күрделі сараптауды, іргелі зерттеуді қажет ететін шаруа. Бірақ Ахмет Байтұрсынұлы, Қапақ сал, Баспақұлы Уәлі секілді өнерпаздар туған ХІХ ғасырдың 70-ші жылдарымен бүгінде ортамызда жүрген Айтбай Мұздаханов, Айтан Сейітахметов ағаларымыздың арасындағы 70-80 жыл көлемінде Торғай өңіріндегі дүниеге келген күйлердің барлығы дерлік батыс Қазақстанда қалыптасқан төкпе күй мектебінде шығарылған. Кейінгі уақытта табылған «Әуез» (авторы – Міржақып) күйі ғана Арқа күйшілік мектебіне тән. Біз тыңдап білген басқа күйшілердің туындыларының басым көпшілігі тартылу мәнері мен әуендік құрылымына байланысты «төре қағыс», «төре тартыс» атанған лирикалық әуезділігімен ерекшеленіп тұратын Дәулеткерей қалыптастырған күйшілік мектептің үрдісінен табылып жатады. Тек Қапақ салдың «Кекілік» күйі Құрманғазы дәстүріндегі қара қағыста орындалады. Осы ретте бір қызықты деректі айта кетсек, ел ішінде Құрманғазы күйші Торғай өңіріне аты шыққан Дәуренбек, Қорғанбек билердің үйінде болып, атақты «Сарыарқа» күйін сол жолы шығарған екен деген әңгімелер кездеседі. Бұл әңгіменің шындығына жету әлі де болса зерттеуді қажет етеді. Дегенмен мұндай әңгімелердің ел арасында тарауы бекер болмаса керек. Тағы бір қызық жай, Қостанай қаласында тұратын 95 жастағы қарт ақын Қасымхан Алдабергеновтің өзі батасын алған Нұрхан Ахметбековке арнаған «Нұрхан сазы» атты күйі бар. Бұл Нұрхан ақынның мақамдарының негізінде шыққан күй. Сыр бойы мен батыс күйшілік мектебінде кездесетін ерекше күй үлгісінің бірі жыр күйі екендігі мәлім. Бірде жыр мақам ретінде қолданылып, бірде күй ретінде орындалатын мұндай күй Қазанғапта, Жаңаберген мен Әкімгерейде т.б. кездеседі. Кейінгі уақыттарда осы күйлердің негізінде кейбір күйлерді мақам ретінде қолдану үрдісі бел алып келеді. Мысалы Қазтуған жыры Қазанғаптың «Көкіл» күйінен алынған, өзіміз жоғарыда атап өткен Айтан ағамызда Файзолла Сатыбалдыұлының Міржақыпты жоқтау өлеңін осы күй негізінде жасалған мақаммен орындайды. Ақтамберді жырының әуенімен Сүгірдің «Ыңғайтөкпесінің» әуезі келеді. Бірақ бұлар саздан сөзге ыңғайластырып келтірілген, Қасымхан ақсақал болса әдетте музыкалық-эпикалық дәстүрге тән речитативті айтыс пен жыр айтуға лайықталған мақамдардан күй жасап шығарған. Бұл қызықты құбылыс Тобыл-Торғай өңіріндегі күйшілік дәстүрінің әлі де жалғасын тауып жатқандығының көрінісі. Өңірімізден шыққан бүгінде елімізге танымал Айтбай Мұздаханов, Қайыржан Мақанов секілді алдыңғы буынмен бірге Кенжеболат Ахметов секілді кейінгі буын өкілдері де дәстүрлі күй өнерінің дамуына өз үлестерін қосып келеді. Әсіресе, Молдаш, Мұздахан домбырашылардың жолын жалғаған Айтбай ағамыздың қызы Анар Мұздаханованың да аталарынан қалған үрдісті үзбей, күйшілік дәстүрді сақтағаны бұл өнердің мұрагерлік сипат ала бастағанында көрсетеді.
Сағынтаев Батырлан
("Фейсбук" желісінен алынды)

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓