Алғыс және ауқымды іс

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовке Татарстан президенті Рустам Миннихановтан алғыс хат келіп түсті. Хатта көрші ел делегациясының жақында болған іссапары туралы жазып, біздің тараптың қонақжайлығына риза көңілін білдірген.
BMD_6914-2«Құрметті Архимед Бегежанұлы! Татарстан делегациясының Қостанай облысына сапары барысында, «КамАЗ» шойын құймасын және жүк техникасына арналған құрамдас бөлшектер өндіру зауыттарының алғашқы іргетасын қалау рәсіміне қатысу кезінде көрсеткен қонақжайлығыңыз үшін шын ризашылығымды білдіремін. Бұл жобаларды іске асыру Татарстан Республикасының Қостанай облысымен ынтымақтастығын кеңейтуге ықпал етеді және Ресей-Қазақстан қарым-қатынасын одан әрі нығайтады деп сенемін», — делінген алғыс хатта.
3Айта кету керек, Қазақстан мен Татарстан арасындағы байланыс 1996 жылдан бергі келісім аясында нығайып келеді. Қазанда Қазақстанның Бас консульдығы мен сауда-саттық өкілдігі, Нұр-Сұлтанда Татарстанның Өкілетті өкілдігі жұмыс істеп тұр.  
Жалпы, серіктес екі ел көптеген мәселелер бойынша бір-бірімен үнемі тәжірибе алмасады. Мәдени-рухани байланыс та тұрақты. Мұның бір дәлелі – Қостанайда жыл сайын «Сабантой» мерекесінің ұйымдастырылуы. Осылайша бауырластар арасында барыс-келіс, алыс-беріс жағдайы жиіледі.
WhatsApp Image 2020-10-05 at 16.33.14Рустам Минниханов бір сөзінде атап өткендей, бүгінде Татарстанда бірлескен қырық шақты кәсіпорын бар. Ал біздің елде олардың «Татнефть», Қазан тікұшақ зауыты, Серго атындағы зауыт, «КЭР-холдинг» сынды тағы бірқатар кәсіпорындары ашылған.
Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы өндірістік кооперацияны дамыту саласындағы бірлескен іс-қимыл бағдарламасы шеңберінде Қостанай облысының аумағында Татарстанның ірі кәсіпорындардың бірі – «КамАЗ» компаниясымен бірқатар инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Шойын құю зауытын салу жобасын іске асыру үшін «KamLit KZ» ЖШС бірлескен кәсіпорны құрылды. Жылына 40 мың тонна құйма шығаратын зауыт Қостанай қаласындағы индустриялық аймақтың аумағына салынады. Құйылуы тиіс инвестиция көлемі шамамен 80 млрд теңге. Зауыт 2024 жылға қарай іске қосылып, бес жүзден астам адам жұмысқа қабылданады.
Жүк көліктерінің сексен мыңнан астам редукторын шығаратын зауыт құрылысының екінші жобасы да «КамАЗ» компаниясымен бірлесіп іске асырылады. Жобаның операторы – «Tobolkz» ЖШС. Жалпы құны 70 млрд теңгеден асатын кәсіпорында төрт жүзге тарта жұмыс орны құрылуы мүмкін. Зауыт индустриялық аймақтың аумағында 2024 жылға қарай іске қосылады.
Аталған жобалар сәтті жүзеге асса, Қазақстан ТМД-дағы жүк техникасын шығарушы ірі елдер тізіміне енеді. Сондай-ақ, өнімдерді батыс мамлекеттеріне экспорттау мүмкіндігі ашылмақ.
WhatsApp Image 2020-10-05 at 16.33.11Жобалардың әлеуметтік-экономикалық тиімділігі айқын. Зауыттарды пайдалануға берудің арқасында өңірдің салық базасы толықтырылады, қосымша жұмыс орындары ашылады. Өнім шығаруға шағын және орта бизнес субъектілері де тартылуы тиіс. Бұл ретте мамандарды даярлау мәселесіне ден қойылып отырғанын атап өткен жөн. Бұның бір айғағы – жақында үш тарап қол қойған келісім. Дәлірек айтқанда, ҚР Білім және ғылым министрлігі, Қостанай облысының әкімдігі және «КамАЗ» компаниясы арасында машина жасау саласына кадрлар даярлау және ғылыми-зерттеу мен тәжірибелік-құрастыру жұмыстарын ұйымдастыру мәселелері жөніндегі меморандум.
Көзделген мақсатқа сәйкес, Қостанай автомобиль көлігі колледжіне 1 млрд 115 млн теңгеге бөлінетін болды. Осы қаражатқа аталған оқу орнында үш зертхана, екі шеберхана және бес арнайы пәндер кабинеті салынбақ. Оларды жабдықтауға қосымша 795 млн теңге қаралып отыр. Ал, кадр даярлау үшін «Жас маман» жобасы аясында 320 млн теңге бөлінді.
Болашақ зауыттарды мамандармен қамтамасыз ету үшін колледжде тағы алты мамандық ашылуы қажет. Осыған байланысты оқу процесін ұйымдастыру үшін жұмыстар басталып та кетті.
Қазіргі уақытта колледж бен «СарыарқаАвтоПром» ЖШС, сондай-ақ «АгромашХолдинг» АҚ арасында осы кәсіпорындардың өндірістік алаңдарында жаңа мамандықтар бойынша студенттердің өндірістік оқуы мен кәсіптік практикасын өткізу туралы шарттарға қол қойылған. Бұл жөнінде таяуда өңір басшысы колледжге бас сұққанда айтқан еді.
Осы жылдың маусым айында колледжде 144,5 млн теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары басталды. Оның аяқталуы қазан айына белгіленген.
Жұмыспен қамту жол картасы аясында 500 орындық жатақхана құрылысы жүріп жатыр. Ол 2021 жылы маусым айында салынып бітеді. Жобаның құны – 1,3 млрд теңге. Қазір жертөле құрылысы аяқталып, бірінші қабаты бой көтеріп қалды.
IMG_8866
Аслан ҚАНҒОЖИН

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓