«Кейбіреулер «гендер мен тендерді» шатастырады»

сайт1

Әйел – ана, әйел – жар, әйел – қайраткер. Бүгiнгi таңда қазақ әйелiнiң осы үш жүктi бiрдей арқалап жүргенi шындық. Алайда, кейiнгi кезде «Гендерлiк саясат» деген батыстық мәдениеттiң үлгiсi белең алған сыңайлы. Жалпы, осы саясаттың қазақ әйелiне әкелер пайдасы бар ма деген ой туады кейде. Қоғамда қызу талқыланып жүрген осы мәселе төңірегінде Қостанай облысы іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі, ана, асыл әже, көп жыл мемлекеттік қызметте басшылық міндетін атқарған Балбөпе Ертаевамен сұқбаттасқан едік.

-Балбөпе Ғалымжанқызы, біздің өңірде іскер әйелдер қауымдастығы бар. Сіз сол ұйымның белді мүшесісіз. Біраз жұмыстар атқардыңыздар? Осы ұйымның өмірге келген сәтінен бергі тарихына қысқаша тоқталып өтесіз бе?

-Қостанай облысында іскер әйелдер қауымдастығы 1996 жылы құрылды. Оның басы-қасында Римма Бектұрғанова жүрді. Жаңа құрылған ұйымға қыз-келіншектер жинала бастады. Себебі, сол кезеңнің өзі әйелдердің саясатқа, бизнеске, экономиканың әрбір саласына қатысуын, қоғамдық өмірге араласуын талап етті. Заман талабына сай іскер әйелдер қауымдастығы гендерлік саясаттың қағидаларын, Қазақстан Республикасының Конститутциясына сәйкес әйелдерге берілген кепілдіктерді, заңды мүдделері мен бостандықтарын әйелдер арасында оқу желісі арқылы таныстырыла бастады. Көптеген әйелдер қауымы «Саяси көшбасшылар мектебіне» жазылып, өздерінің саяси, экономика, құқық саласындағы білімдерін жетілдірді. Мен өзім де іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі ретінде, әйелдердің отбасылық-тұрмыстық қатынастары, еңбек саласындағы заңды мүдделері мен құқықтарын қорғауға үлесімді қостым деп айта аламын. 35 жыл кәсіподақ саласында қызмет еттім, үш рет облыстық мәслихаттың депутаты болдым, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесімін. Қазіргі таңда «Мукарама Ана» ауыл әйелдерін қолдау қоғамдық қорының атқарушы директорымын.

Келесі жылы іскер әйелдер қауымдастығының құрылғанына 25 жыл толады. Осы уақыт арасында гендерлік саясатты іске асыру жөнінде біраз күш-жігер жұмсалды, мол тәжірибе жиналды. Қыз-келіншектерді бизнеске бейімдеуге арналған семинар-тренингтер өткізілді, отбасы құндылықтарын насихаттайтын, әке мен ананың отбасындағы рөлі, гендерлік теңдігі жөніндегі жобалар қолға алынды. Халқымыз «жетім көрсең жебей жүр» деген емес пе. Біздің қауымдастықтың қолдауымен тұрмысы төмен отбасыларға көмек беріп тұрамыз. Биыл жоспарымызда мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша Денисов ауданында «Гендер, қоғам, отбасы» жобасын өткізбекшіміз. Іскер әйелдер қауымдастығының 25 жылдығына арнап «Еңбегі жанған арулар» форумын өткізу де жоспарда бар.

-«Гендерлік саясат» термині көпшіліктің түсінігінде әйелдің билікке таласуы деп қабылданады. Бұл дұрыс па?

-Гендерлік ұғым бірден өз дәрежесінде түсіндірілген жоқ. Содан барып кейбіреулер «гендер мен тендерді» шатастырды. Көпшілік гендерлік саясатты тек қана әйел мәселесі, әйелдің билікке таласуы деп қабылдады. Әрине, ондай ұғым дұрыс емес. Гендер — ағылшын тілінен  аударғанда жыныс «gender» (еркек, әйел)  дегенді білдіреді. Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің барлық салаларында ерлер мен әйелдердің теңдігіне қол жеткізуге бағытталған мемлекеттік және қоғамдық қызмет. Гендерлік саясат қоғам өмірінде өте маңызды. «Гендерлік теңдік» деген ұғым әйелдердің ер адамдардан асып түсуі емес, олардың жолын кесу емес, керісінше әйелдердің мәртебесін көтеру.

Қазіргі әйелдiң қоғамдағы орны қандай, ойыңызды білсек бола ма?

-«Отан отбасынан басталады» десек, отбасының ұйытқысы – әйел. Әйел – жар, ана, әже! Ерін сыйлайтын, төрге тартатын да – әйел. Үй шаруасымен, бала тәрбиесімен де негізінде айналысатын – әйел десек артық болмайды. Қазіргі заманда әйел затының қоғамдағы орны өте ерекше. Саясатта болсын, денсаулық, білім, мемлекеттік қызметтік саласында, үкіметтік емес ұйымдарды басқару жолында тәжірибесі  мол көптеген қыз-келіншектер қызмет етуде. Олар өзінің іскерлігімен ерекшеленген әрі қоғамның дамуына үлес қосып келе жатқан, еңбегімен ел көзіне түсіп жүрген арулар. Қоғам, әйел, отбасы ұғымдарын бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Елімізде халық санының көпшілігін нәзік жандар құрайды. Қоғамның, отбасының қалыптасуында әйелдердің рөлі ерекше. Өкінішке қарай, қоғамда әйелге қол жұмсау, қысым көрсету жиі көрініс алып жатыр. Сол үшін заңнамаларға өзгерістер енгізіп, әйел құқығын қорғауды, оларға қатысты кемсітудің барлық нысандарын жою қолға алыну керек.

-Жалпы, осы гендерлік саясаттың қазақ әйелiне берген пайдасы бар ма?

-Әйелдердің саясатпен айналысуына бар мүмкіншілік жасалған. Тарихтан қазақ әйелдерінің жерін, өз құқығын қорғауда аты әлемге тараған ана, апаларымызды білеміз. Өздерінің батылдығымен, даналығымен, білімділігімен, мәдениеттілігімен танылған Бопай ханым, Фатима ханым, жұбайларымен, әкелері мен ағаларымен бірге жоңғарларға қарсы күреске шыққан қазақ қыздары аз емес. Кейінгі замандағы ержүрек батыр Мәншүк, Әлия, Хиуазымыз бар. Қазақ әйелі саясатпен айналысса, тек өзі үшін емес, ол отбасы бақыты, балаларының болашағы, Отанның тыныштығы үшін айналысады.

Гендерлiк саясат: не ұтамыз және неден ұтыламыз?

-Гендерлік саясат – қазіргі уақыттағы өзекті мәселердің бірі. Осыған байланысты мемлекет, үкіметтік емес ұйымдар көптеген  іс-шараларды қолға алуда. Гендерлік саясат «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» және «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заңдарымен реттеледі. Заманның талабына қарай, қазір бұл заңдарға өзгеріс енгізу туралы ұсыныстар түсіп жатыр. Заң арқылы әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын өткізу қажет. Еңбек саласына келетін болсақ, бұл жерде де әйелдер мен ерлердің тең құқығы мен еркіндігін сақтай білу. Гендерлік саясаттан  неден ұтыламыз десек, отбасы құндылықтарымызды жойып алмау, салт-дәстүрімізді қадірлеуді ұмытпау. Мен басшымын демей, әйелдік міндеті – ерін сыйлау, бала тәрбиесін, әсіресе қыз бала тәрбиесіне баса көңіл бөлу.

Бұл саясат тек біздің қоғам үшін керек деп айтпас едім. Қоғамда болып жатқан саясат болсын, басқа да өзгерістерден оқшау қала алмаймыз. Гендерлік саясаттың дамуы тарихи қозғалыс. Ерлер мен әйелдер арасындағы теңдік бірдей болған емес, болмайды да. Біздің гендерлік ерекшелігіміз бар. Сонымен қатар қазіргі әйелдердің қоғамдағы белсенділігі, білімділігі, қабілеті, көзқарастары өзгеше. Өмірдің өзі әйелдерді саясатпен айналысуға алып келді.

-Әңгімеңізге рахмет!

сайт2

           

            Тақырыпқа орай

8 баланың анасы, «Алтын алқа» иегерi Гүлжиһан АЙТБАЕВА:

Мен осы уақытқа дейін іскер әйелдер қауымдастығы бар екенін естімеппін. Болмаса олардың немен айналысатынынан да бейхабармын. Жалпы сіз маған жаңа сауал қойып отырсыз ғой. Гендерлік саясат, теңдік деп. Оның біреуін де білмейді екенмін. Жалпы мен сегіз бала тәрбиелеп отырған анамын. Үй шаруасындамын. Менің ойым, осы іскер ханымдар біз сияқты көп балалы аналар мәселесін көбірек қозғаса екен деген ұсынысым бар.

сайт3Іскер әйел, ғалым Марияш ҚАДЫРАЛИНОВА:

Біз өз қазақы салт-дәстүрімізден алшақ кетпей, тарихына тартып, бұл саланы терең зерделеуіміз керек. Әр ұлттың өз менталитеті бар, біздің де өз менталитетіміз бар. Жалпы, гендер деген әйел адам мен ер адамның қарым-қатынасы ғой. Ал қазақта ер мен әйелдің қарым-қатынасы қандай болған, ер адамды сыйлау, үлкен адамды құрметтеу, қыз тәрбиесі тағы басқа да құндылықтарды осы этногендерология арқылы көрсетеміз. Негізі көпшілік гендер деген нәрсені ер адамға қысым сияқты қабылдайды. Меніңше, олай емес, айтайын дегенім қазақ халқының өз гендері бар. Біздің мақсатымыз соны зерделеу. Ал ол өз кезегінде отбасы құндылықтарын сақтауға зор көмек болмақ.

 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓