Сөз өнерлі түрленді

16be193f-44a6-4308-a9cd-0d8175d135a2Айтыс өнерінің бір түрі – жазба айтыс қазақ поэзиясының көркемдік дәстүр тағылымының бір үлгісі. Қазақ әдебиетінің тарихында ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап ақындардың жазып айтысу дәстүрі айрықша дамып қалыптасты. Жазба айтыс – ауызша айтыстың заңды жалғасы ретінде ақындарды сауаттылыққа, тапқырлыққа, көркем бейнелеуге, ой ұшқырлығына тәрбиелейтін сөз өнерінің ерекше жанрларының бірі. Қазақтың кең жазирасының әр шалғайынан бір-бірлеріне хат жолдау арқылы апталап-айлап жыр-сайысқа түскен ақындар болған. Міне, осынау аталы үрдіс "айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызатын" бүгінгідей технологиялық мүмкіндіктер артқан заманда жалғасын тауып отыр. Республикалық масштабта интернет арқылы жазба айтыс өткізу жобасын Қостанай облысы алғашқы болып қолға алды. Мұндағы мақсат Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен тұсауы кесілген "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" және «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламаларының жүзеге асуын ілгерілету еді.
Жақсы бастаманың әрдайым өміршең болары, қолдаусыз қалмайтыны сөзсіз. Облыстық "Қостанай таңы" газетінің игі идеясын алғашында облыстық Мәдениет басқармасы қуаттап, жаңа жобаның тұсауы 2018 жылы кесілген болатын. Елордамыздың 20 жылдығына арналып, "Ел мерейі – Елорда" аталған жыр сайысы Тобыл-Торғай өңірінің ақындары арасында өтті. Ал 2019 жылдан бастап, "Жазба айтыс" жобасына қолдау көрсетуді облыстық Ішкі саясат басқармасы өз міндетіне алды. Оның үстіне, өлең бәйгесі респубикалық деңгейге көтеріліп, елдің әр түкпірінен дарынды ақындарды жинады. Олардың қатарында айтыскерлер де, поэзия өкілдері де болды. Жыр додасы Қостанай қаласының және халық ақыны Омар Шипиннің 140 жылдығына, көрнекті қаламгер Бейімбет Майлиннің 135 жылдығына орай "Құтты мекен – Қостанай" тақырыбында өткен еді.
Жыл сайынғы дәстүрге айналған жобамыз биыл да өз жалғасын тапты. Бұл жолғы айтысқа қазақ халқының бас ақыны, ұлы ойшыл Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы арқау болып, "Мен бір жұмбақ адаммын…" тақырыбында өтті.   Биылғы аламанға Қостанайды қоспағанда, Нұр-Сұлтан, Көкшетау қалаларынан, Алматы, Қарағанды, Қызылорда, Түркістан, Атырау облыстарынан сайдың тасындай іріктелген үздік ақындар өнерлерін ортаға салды. Жалпы, жоба басталғалы жазба айтыста бағы мен бабын сынауға 50 шақты үміткер ниет білдірген. Олардың ішінде тәжірибелі орта жастағы ақындармен қоса, студент жастар, тіпті талапты оқушылар да бәйгеге қосылды. Бұл да шын дарынның жас талғамайтынына айқын дәлел болса керек.
Дәстүрлі жобаның жаңа маусымында ақындарымыз нағыз дарын екендерін тағы да дәлелдеп, жырсүйер жұртқа тамаша тарту жасай алды. Жоба барысында бойларына табиғат берген ерек қабілеттерін ғана емес, ұлттық терең таным, жан-жақты білімдерін көрсетіп, алып Абайдың рухани мұрасын зерделеп, өрнектеп өлеңмен өре білді. Одан бөлек, әлемді жаулаған зауалға, қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты өзіндік пікірлерге, азаматтық ұстанымдарға куә бола алдық. Ақындарымыздың қаламдарынан туған жолдарға елдік мұрат-мүдде, Отанға деген сүйіспеншілік, ынтымақ-бірлік сынды құндылықтар арқау болғанын да аңғару қиын емес. Сондықтан сөз өнері сайысына мейлінше жауапкершілікпен қарап, жан салып үлес қосқандары үшін, оқырмандарды жырмен сусындатып, жазба айтыстың көрігін қыздырған  ақындардың барлығына айтар алғысымыз шексіз.
Дегенмен, жарыс болған соң  жүйріктен жүйрік озады. "Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы, Сонда да олардың бар таңдамасы", — деп дана Абайдың өзі айтпақшы, жанына ақындықты серік еткен кіл мықтының арасында жарқырай көріну нағыз жүйріктің ғана еншісіне бұйырса керек. Өткен жылғы айтыста жеңісті облысымыздың белгілі ақындары Абылай Мауданов, Батырлан Сағынтаев, Тоба Өтепбаев және Асылан Қанғожиндар иеленсе, биылғы айтыс қорытындысы бойынша Арқалық қаласының ақыны Батырлан Сағынтаев (1-орын), Нұр-Сұлтан қаласының ақындары Ұланбек Бақыт (2-орын) пен Нұрдәулет Ғалымжанұлы (3-орын) және торғайлық ақын Злиха Кенжеғозина (3-орын) жеңімпаз атанды.
Сонымен қатар, тәуір өнер көрсеткен ақындардың айтыстары "Жазба айтыс – жыр-жауһар" атты жинаққа еніп, қалың оқырманға жол тартып отыр. "Жазба айтыс" жобасы өңір әдебиетіне қосылған өлшеусіз үлес десек, бұл рухани қазына кітап күйінде ұлт өнеріне жанашыр қауымның сөресінде тұруға лайық деп білеміз. Бұл да болса өңір руханиятына қосылған ұпай.
Ұлттық өнердің туын құлатпай, дәстүрімізді дәріптеп жүрген жеңімпаз ақындарымызға лайым қаламдарыңыз қарымды, шабыттарыңыз арынды болып, шығармашылықтың шыңына өрлей түсіңіздер дегім келеді! Қанаттарыңыз талмасын, қоржындарыңыз жүлдеден босамай, табыстан табысқа жете беріңіздер!
 
Зәуре Байменова,
Қостанай облысы әкімдігінің
Ішкі саясат басқармасы басшысы

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓