АҚЫНДАР АЛАМАНЫ АЯҚТАЛДЫ

Қостанай облысы әкімдігінің  Ішкі саясат басқармасы және облыстық "Қостанай таңы" газеті бірлесіп, "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арнап, "Мен бір жұмбақ адаммын…" тақырыбында өткізген республикалық ашық жазба айтыс аяқталды. Ақындар алты ай бойы интернет арқылы аламанға түсті. Араларынан үздіктері іріктеліп, шын жүйріктері алға суырылып шықты. Бір айта кетерлігі, биыл пандемия жағдайына, карантиндік шектеу шараларына байланысты, жылдағыдай жүлдегерлерді марапаттау рәсімі өткен жоқ. Жеңімпаздар есімі газет және ресми сайт арқылы жария етіліп отыр. Олай болса, үш кезеңді қамтыған өлең додасының өту барысына қысқа-нұсқа тоқталып өтпекпіз.200207131144211e
            Дәстүрлі жоба биыл ақпан айының аяғында басталып, тамыз айына дейін жалғасты. Осы жылы жыр сайысында қабілетін сынға салып көруге Қостанай, Алматы, Қарағанды, Атырау облыстарынан және Нұр-Сұлтан қаласынан ұзын саны 18 ақын өтініш жіберді. Қай-қайсысы да "талаптың тұлпарын мінген, тас қияға өрлеуге ұмтылған" дарын иелері. Дәмелілер қатарында жазба айтыстың тұрақты қатысушылары да, жобаға жыр-күлігін жетелей келген жаңа есімдер де бар. Айтыс ережесі әдеткідей – ақындар екеуара "What's App" желісі арқылы сөз-сайысқа түседі, әр жұп еншілеріне берілген апта шамасындағы уақытты пайдаларына жаратуы керек. Шарт бойынша, жеңілген ақын жобадан шығарылады. Кімнің бәсі басым болып, қайсысының "тізе бүккені" әр айналым аяқталған сайын жарияланып отыруы тиіс… Қош, сонымен, ақындар алғашқы айналымда төмендегідей жұпталды: Балтасар Ізтілеуов (Амангелді ауданы) — Нәрия Ақбаба (Нұр-Сұлтан), Ғалымгерей Кенжеғозин (Рудный) — Нұржол Хурма (Қарағанды), Байбатыр Ахметбеков (Жангелдин ауданы) — Дина Бөкебай (Алматы), Аслан Қанғожин (Қостанай) — Әнет Жұмабек (Амангелді ауданы), Әсет Ақылжан (Қамысты ауданы) — Злиха Кенжеғозина (Жангелдин ауданы), Жауынбай Жылқыбайұлы (Қостанай) — Ұланбек Бақыт (Нұр-Сұлтан), Серікболсын Әбікенов (Арқалық) — Нұрай Талап (Атырау), Батырлан Сағытаев (Арқалық) — Нұрдәулет Ғалымжанұлы (Нұр-Сұлтан), Мамай Ізтілеуов (Б.Майлин ауданы) — Дания Сәтбекқызы (Арқалық).айтмини
            Ақындарды жұптап, олардың айтыстарын сын-сараптан қазылар алқасы өткізіп отырды. Жыр бәсекесіне "Қостанай таңы" газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының Қостанайдағы филиалы төрағасы, әдебиет сыншысы Жанұзақ Аязбеков, белгілі ақын, "Егемен Қазақстан" газетінің Қостанай облысындағы меншікті тілшісі Нұрқанат Құлабаев, танымал ақын, "Қостанай" телеарнасы директорының орынбасары Абылай Мауданов төрелік жасағанын айта кетейік. Сөйтіп, алғашқы кезең қорытындысы бойынша, қазылардың шешімімен екінші айналымға Нәрия Ақбаба, Ғалымгерей Кенжеғозин, Дина Бөкебай, Аслан Қанғожин, Әсет  Ақылжан, Злиха Кенжеғозина, Ұланбек Бақыт, Батырлан Сағынтаев, Нұрдәулет Ғалымжанұлы, Мамай Ізтілеуов – жалпы саны 10 ақын өтті. Серікболсын Әбікенов пен Нұрай Талап жобаны жалғастырудан өз еріктерімен бас тартты. Аталған жұптардың айтысы туралы қазылардың егжей-тегжейлі сараптамасы газетке де, ресми сайтқа да жарияланған еді. Сондықтан, оны қайталап жазуды жөн көрмедік. Кезекті кезеңге өткен ақындарды төрешілер былайша жұптады: Нұрдәулет Ғалымжанұлы — Злиха Кенжеғозина, Батырлан Сағынтаев  — Дина Бөкебай, Аслан Қанғожин — Әсет Ақылжан, Мамай Ізтілеуов —  Ұланбек Бақыт, Ғалымгерей Кенжеғозин — Нәрия Ақбабақызы.апр
            Қазылардың тұжырымы бойынша, алғашқы жұп – Нұрдәулет пен Злиханың айтысы деңгейлес болып, тең ұпай беріліп, екеуі де үшінші айналымға өтті. Батырлан алматылық қарсыласы Динадан басым түсті. Аслан қамыстылық оқушы ақын Әсетті жеңді. Мамай Ізтілеуов елордалық Ұланбек Бақыттан айласын асыра алмады. Ал Нәрия ағасы Ғалымгерейге жолын берді. Қазылар екінші кезең айтысын да сын-сүзгіден өткізіп, кімге не үшін жеңіс берілгенін талдап-жіктеп жазды. Сарапшылардың ортақ келісімімен, үшінші кезеңде Ұланбек пен Аслан, Батырлан мен Злиха, Ғалымгерей мен Нұрдәулет жұпталды.
            Үшінші айналымның алғашқы жұбының айтысы тәуір басталып, тәмамсыз қалды. Асланның кезегі келе тұра жауапты кешіктіргені үшін, жоба ережесіне сәйкес, жеңіс Ұланбекке берілді. Қазылар шешімімен Батырлан Злихадан басым деп танылды. Ал Нұрдәулет Ғалымгерейден бір мойын алда болып, ағасынан ат оздырды. Бұдан кейін, төрешілер қос елордалық – Ұланбек пен Нұрдәулетті айтыстыру шешімін қабылдады. Олар, сөзсіз, деңгейлі айтыс жасап, екі ақын да жақсы бағаланды. Бірақ қай жағынан да Ұланбектің қабілет-қарымы қарсыласынан артық екені айқын көрінген еді. Мінекей, бұл жұп өнерінен соң қазылар алқасы соңғы төрт ақынға лайықты орындарды тағайындауды ұйғарды. Сонымен, жалпы сайыс басталғалы жазған өлеңдері салмақтала отырып, көркемдік, мазмұндылық тұрғысынан жазбасы бір ауыздан жоғары бағаға ие болып, 1-орын арқалықтық Батырлан Сағынтаевқа берілді. 2-орын жазба айтыстың жақсы үлгісін жасап, әсіресе соңғы айтысында жарқ ете көрінген елордалық Ұланбек Бақытқа бұйырды. Ал 3-орынды екінші кезеңде деңгейлес өнер көрсеткен Нұрдәулет Ғалымжанұлы мен Злиха Кенжеғозина бөлісіп отыр.
            Жалпы, үміткерлердің қай-қайсысы да қал-қадірлерінше Абайды жырмен әспеттеп, тереңіне бойлап, биігіне құлаш ұрды. Оның рухани бай мұрасынан сыр шертіп, жауһар сөздерін үлгі етіп үгіттеді, алып ақынның арман-мұраты мен қазақтың бүгінгі бет-бейнесін астастыруға ұмтылды. Дарындар тақырыпқа дендеп қана қоймай, қоғамның "аяқ алысы, жүрек қағысын" аңдап, елдің мұңы мен мұқтажын түгендеді, өзегі удай мәселелерді толғады. Елдік, ұлттық, рухани құндылықтарды өлеңге қосып, жазба айтыстың табиғатын жан-жақты аша білді. Осы орайда "Қостанай таңы" газетінің ресми сайтынан кез келген жұптың жазба айтысын қалаған уақытыңызда оқуға мүмкіндік бар екенін есіңізге саламыз.a1cbcf03-cce4-4d8b-af4c-9c91bcf93730
            Жобаның биылғы басты жаңалығы – үш жыл бойы өткен өлең сайыстары жеке жинақ болып шықты. "Жазба айтыс – жыр-жауһар" атты етжеңді кітапқа үздік айтыстар енгізіліп, қалың оқырманға жол тартып отыр. Жинақтың жарық көруіне де облыстық Ішкі саясат басқармасы қолдау жасағанын айта кету керек.
 
Ұлт өнері өрістей берсін
         НұрқанатҚазақ газеттерінің арасынан бірінші болып жазба айтысты қайта жаңғыртуды қолға алған «Қостанай таңы» биыл осымен дәстүрлі сөз сайысының үшінші маусымын  аяқтап отыр. Осыдан екі жыл бұрын алғаш рет облыс деңгейінде ұйымдастырылған жазба айтысқа өзім де қатысып көрдім. Одан кейінгі айтыстар республикалық деңгейде жарияланды. Қазылар алқасының мүшесі ретінде оларды да қалт етпей қадағалап, үзбей оқып отырдым. Әр ақын өз шама-шарқынша жырлап, біраз қоғамдық-әлеуметтік мәселелердің бетін аша  білген сияқты. Ал Нұр-Сұлтан қаласынан қатысқан екі ақын көркем айтыс жасаудың үлгісін көрсетті. 
Амандық болса, «Қостанай таңы» газеті айтысты алдағы жыл да жалғастырады деген сенім бар. Жазба айтыстың мүмкіндігі мол ғой. Ақындарға уақыт та жеткілікті. Тақырыпқа да шектеу жоқ. Тақырып демекші, алдағы айтыстар бір сарынды болып кетпеу үшін тақырыпты да түрлендіріп отыру керек сияқты. Мәселен, «Ауыл мен қаланың», «Көкше мен Қостанайдың, «Билік пен бұқараның», «Ана мен баланың», «Жас пен кәрінің», «Халық пен нарықтың», «Оқушы мен мұғалімнің»  айтысы деген сияқты. Ақындардың қайсысы «Қала», қайсысы «Ауыл» болатыны  жеребе арқылы анықталады. Сонда сөз де ширығып, тақырып та жалпылықтан арылып, «Жазба айтыс» айдары қоғамда қордаланып жатқан қарама-қайшы көзқарастар көрініс тауып, жан-жақты талқыға түсетін ашық пікір  алаңына айналар еді.  
Айтпай кетуге болмайтын тағы бір мәселе бар. Өкінішке қарай, осы жазба айтыс басталғалы қолына қалам алған бірсыпыра ақынның еңбегі ескерусіз қалып жатыр. Әрине, жүлде қорын бәріне жеткізу мүмкін емес. Бірақ қыруар уақытын шығындап, түн көз ілмей қараңғыдан ой сауған қаламгер ақындардың еңбегі өтелуі тиіс. Сондықтан алдағы жылдан бастап қаламақы мәселесінің шешілгені дұрыс. Яғни, айтысқа қатысқан әр ақынға қаламақы төленуі керек. Ал жүлденің жөні басқа. Енді бұл менің жеке пікірім. Бәрі қаржыға келіп тіреледі ғой. Бірақ ұйымдастырушылар ұлттық өнерге жанашыр қалталы азаматтардан көмек сұраса, олар да қолдаудан бас тарта қоймас. 
Нұрқанат Құлабай,
ақын, қазылар алқасының мүшесі
 
Жазба айтыстың жүгі ауыр
             Abyilay«Қостанай таңы» газеті ұйымдастырған жазба айтыс жыл сайын қанатын кеңге жайып келеді. Облыстық ішкі саясат басқармасының қолдау білдірген жыр додасына өзге аймақтардан да қатысушылар көбейе түсуде. Биыл айтыс ауқымы республиканың көп көлемін қамтыды деуге болады. Айталық, осы жылғы сайысқа үміткерлер Алматы, Қарағанды, Атырау облыстарынан және Нұр-Сұлтан қаласынан өтінім жіберген. Оның үстіне, бұған дейін жүлдені қостанайлық ақындар иеленсе, биыл жеңімпаздар географиясы кеңейіп, қос бірдей елордалық дарын үздіктер қатарынан көрініп отыр.
Жазба айтыстың көтерер жүгі ауыр. Қоғамдағы мәселелерді поэзияның талаптарын сақтай отырып жеткізу оңай емес. Оның үстіне биылғы тақырып та аса күрделі болды. Ақындар Абайды темірқазық ете отырып, оқырманға ой салар көп дүние айтуға тырысты.
Абылай Мауданов,
ақын, қазылар алқасының мүшесі
 
Сүлейлерден қалған мұра
            БатырланҚостанай облыстық Ішкі саясат басқармасы облыстық «Қостанай таңы» газетімен бірге жазба айтысты өткізіп келе жатқанына бірнеше жыл болды. Қазақ әдебиетінде жазба айтыс дәстүрі ХІХ ғасырдың екінші жартысымен ХХ ғасырдың басында қалыптасып, дамыған еді. Әсіресе Сыр бойындағы сөз сүлейлерінен қалған жазба айтыс мұралары бүгінде көпшілікке жақсы таныс. Біздің өңірімізде өмір сүрген Нұржан Наушабайұлы, Байжан Бейсенұлы, Алтыбас Ақмолда секілді ақындардың жазба айтыстың дамуына өз үлестерін қосқандығы мәлім. Кеңес үкіметі орнағанннан кейін 1940 жылдары Омар Шипин, Өтеміс Қалабаев, Ақілгек Жұмабековалар, 1970 жылдары Мизам Жарасқанов, Әбдірахман Байғабылов, Ғали Әбішов, Бақытжамал Оспановалар облыстық баспасөз беттерінде сөз сынасты. Бірақ кейінгі кезде ұмыт бола бастаған осы дәстүрді қайта жаңғыртқан ұйымдастырушыларға біздің алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Әрине, жазба айтысқа түсу ақындарға оңай емес. Мұнда суырыпсалма айтысқа қажетті қиыннан қиыстырып сөз тапқыштықтан басқа, ойдың тапқырлығы мен сөздің өткірлігі, жазған өлеңнің келісті, көркем болуы керек-ақ. Бұл талапқа сай келетін өлең жазу жазба айтысқа қатысқан ақындардың әрбірінің ойында болғаны да анық. Бірнеше жыл үзбей болып келе жатқан айтысымыздың таңдаулы үлгілерінің кітап болып басылып шығуы да бізге жағымды жұмыс, жақсы хабар. Бұл дәстүр алдағы уақытта да жалғасатын болса, өлке әдебиетіне қосқан үлесі, тигізер ықпалы жақсы жағынан ғана көрінетініне сенімін мол.
Батырлан Сағынтаев,
жазба айтыс жеңімпазы
Ақжолтай жобаға алғысым көп
Ұланбек"Жазба айтыс" мен бұрын-соңды қатысып көрген ерекше жоба болды. Бірнеше айға ұласқан бәсекеде елдің әр түкпіріндегі ақындармен ғаламтор арқылы жыр-жарысқа түстік. Әрқайсымызға ойымызды асығыссыз байыптауға, өлеңімізді жақсы деңгейге лайықтауға кең мүмкіндік берілді. Осы жобаға бір кісідей жауапкершілікпен қарап, көп ізденіске бардық. Әрине, Абай аса ауқымды тақырып. Дей тұрғанмен, оны оқырманға өлеңмен тартымды әрі мінсіз етіп жеткізу, айтар ойды анық, ұғынықты етіп беру қай ақынға да оңай шаруа емес деп білемін. Дананы қандай деңгейде жырлай алғанымызды патша көңіл оқырман салмақтай жатар. Мұның сыртында, осы жобаны өткізіп отырған Тобыл-Торғай өңірі туралы да ізденіп, көп дерекке қанығып қалдым. Топырағына табаным тимесе де, ұлттың бағына туған талай ұлыларды тудырған тұңғыштар мекені екенін білдім. Әдебиеті әуселелі, мәдениеті мәуелі өңір деп таныдым. Өзіммен жыр сайысына түскен қостанайлық ақындардың дарынына да тәнті болдым. Жалпы, меніңше, жазба айтысқа қатысушылардың осалы кемде-кем болды. Әйтсе де, маған жүлдегерлер қатарынан көріну бақыты бұйырыпты. Қуанышым да, айтар алғысым да шексіз.
Жыр-өлеңді жанына серік еткен өнерпаздарға демеу жасап, қолдау көрсетуді көздеген ақжолтай жоба жалғасын тауып, елдің рухани игілігіне қызмет қыла берсін деген тілек айтқым келеді!
Ұланбек Бақыт,
жазба айтыс жүлдегері  

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓