ЖАЗБА АЙТЫС: Ұланбек пен Нұрдәулет

Ұлы Абайдың 175 жылдығына арналған "Мен бір жұмбақ адаммын…" республикалық жазба айтыстың келесі жұбымен таныс болыңыздар. Олар – Ұланбек Бақыт пен Нұрдәулет Ғалымжанұлы. Екеуі де жобаға Нұр-Сұлтан қаласының атынан қатысып отыр. Дода басталғалы ерек дарындарымен көзге түсіп, жырсүйер қауымның ықыласына бөленген жас өнерпаздар. Қос жүйрік көмбе таяған шақта шабыттарына қамшы баса түсіп, жақсы бір айтыс жасай алды деп сенеміз!айт
 
ҰЛАНБЕК:
Бісміллә! –
бастапқы сөз сұрағанға…
Ардақты арда қазақ, дін-аман ба?
Тарықпай, жүгің аумай келемісің
Тар өткел тағдыр дейтін бұралаңда?
 
Кеудеңнен күрсініс пен кемсең шығып,
Еш уақ болмасқа деп еңсең сұлық,
Қазағым, қалың елім, қайран жұртым,
Жаныңа жыр-жалынмен берсемші үміт…
 
Көз жасын жүргенінде халқы бұлап,
Кетсейші мейрампазды ант ұрып-ақ!
"Той емес, ой қуар кез" деп жүрміз ғой,
Жыр құрар сәт те емес бұл, жалпыға ұнап.
Езілмек ет жүрегі, ел қайғырса –
Ақынның әлімсақтан салты бірақ.
Шынында, біз жазатын өлең-тілек,
"Жұбату салютінен" артығырақ!
Шенеуге шенеуніктер іліксе де,
Дағдарған ешбірі жоқ, даңқы құлап.
…Жұмылған дәл сол түні жанарлар-ай,
жалғанның ең ақырғы жарқылын ап…
 
Тәжтажал қаралы елге у жұттырды,
Тәжтажал қара жерге ту жықтырды.
Барады селдіретіп талдап жұлып,
Қалың жұрт – қара орманды, ну жықпылды…
 
Тәжтажал көп кәріні зар қақтырды,
Тәжтажал жоқ дәріге "талғақ" қылды.
Ажалдың жастығына алып ұрды
Қаншама аяулы қыз, ардақты ұлды…
 
Тәжтажал көбейтуде көр-зиратты,
Көбейтті көз сорасы көл бейбақты.
Алыптың қалқасынан ық таптыртпай,
Халықтың қалтасынан қор жинатты…
 
Тұрса да мүшкілдікке түсіп хәлім,
Тәңірдің бұл бір сынақ ісі, ұққаным.
У бар ма біз ішпеген бұл фәниде? –
Ұлтымды ұлы үмітпен ұшықтадым!
 
Былғанып өсекпен де таза санам,
Адамның адамды атты назасы әман…
Жалмауыз тырнағынан тәжтажалдың
Бір өзің құтқара гөр, а, Жасаған!!!
 
Ассалаумағалейкум, ал, Нұрдәулет,
Сөкпессің бастай сала зар қылды-ау деп.
Құсаға көкейімді толтыруда
Қауламай, қара басып қалғыр нәубет!
…Ендеше, төпеп-төпеп жыр төгейік,
Аянбай кезекті рет сал бір қаумет!
 
Қалғанда көмбе жақын, жұп шамалы,
Тосын-ақ "таңбамыздың" ұқсағаны:
Нұр-Сұлтан қаласынан – сен де, мен де,
Намысқа келтірмеген нұқсан әлі.
Қарсылас деуге сені қарсылық бар,
Жерлеске бұрды деме түпсананы.
Қарсылас – жақсы-жаман боп таласу,
Екпінді Абай бұған нық салады:
Ізгілік һәм зұлымдық, достық-қастық –
мысал бұл дәйегі көп, ықшам әрі;
Надандық-білімділік, шәргез-жөнді –
дәл таңдар жанның басын құт шалады;
Қарсысы махаббаттың ғадауат бар –
жүрекке ықылымнан жүк сол әлі,
Сайтан мен періштенің майдандасар
алаңы – адам жаны… ұқса бәрі;
"Өмірдің қай қызығы татиды?"- деп,
Жорта Абай татулыққа "жік" салады…
Біз бірақ арпалыстан шет болалық,
Бұл сайыс бірімізді жықса-дағы.
Ләзімі – аға ініні толықтырып,
Інісі қастер-құрмет тұтса ағаны!
…Бір жырды ұнататын екі адамдай
Бір жерден талғамымыз шықса, кәні!
 
Ендеше, тартыс емес, сыр басталық,
Ел-жұрт та мұны мадақ қылмас па анық.
Өрнекті өлең өру – бөлек мұрат,
Тәнті ету оқырманды – бір басқа үміт.
Жырғайық, Тобыл-Торғай қауымының
Жадында екеумізден үр нәш қалып.
Бұл өлке – талай қыран түлеген жер,
Шеңгелі "шабыт" атты шыңда ұшталып.
"Шалдары өлеңменен намаз оқып,
Жастары күнелтетін жыр жастанып".
Әспеті әсем жырға әркез дайын,
Бостекі сөзге мойын бұрмас халық!
Сондықтан, Нұрдәулетжан, сөз сұйылса,
Қайтпекпіз өзімізді тұлға ұстанып?!
 
НҰРДӘУЛЕТ:
Ісіміз болмаса да үйреншікті-ай,
Тартысып бір көрейік үйден шықпай.
Суық хабар күн сайын сыздатып жүр,
Жаздыкүн табаныма тиген шықтай.
 
Жаратқан енді ерекше назар бұрды,
Бұл дүниеде-ақ мойныма жазамды ілді.
Босаңсып кетіп едім бостандықта,
Босағамнан түнеріп тажал кірді.
Әлемді дірілдетті-ау дауасыз дерт,
Көзге де көрінбейтін тозаң құрлы.
Қара жердің қарынын тойдыра алмай,
Елдің ішін азан да қазан қылды.
Қара қайғы жамылып қара қазақ,
Күтіп жүр маңдайына жазар күнді.
Қимаймын жақсыларды, жақындарды,
Алайда аяушы еді ажал кімді?
Көңіл айтып хат жаздым ел-жұртыма,
Жүрегімнен бүр жарған ғазал құнды.
Қозғатып көңілдегі мұң мен шерді,
Боздатып жүректегі бозаң жырды.
 
Бөрі етегін, алғанда жау жағасын,
Иместен қасиетсіз ханға басын,
Жыр десе бар қайғысын ұмытатын,
Ассалаумағалейкум, ар ма, Алашым?!
Алла қалап, тағы да топқа түстік,
Қалың елдің айызы қанбағасын.
Әп сәтте өте шығар бұл ғұмырда,
Одан асқан жоқ менде арман асыл –
Жұмыр етті кеудемде бір тулатып,
Жұртымның жырмен жазсам жан жарасын.
 
Уағалейкумассалам, ал, Ұланбек,
Жыр оғын нысанаға ат, кәні, дәлдеп.
Жұтылған ел-жұртыма жұбаныш бол,
Түскенде басымызға тағы нәубет.
Қара өлеңнен тапшылық туғызбайық,
Таусылып жатқан кезде дәрі-дәрмек.
Халықтың қажетіне жарай алса,
Өнер бұл – әрі бақыт, әрі дәулет.
Құшағын айқара ашып тұр бізге де,
Айтыс дейтін ардақты, алып әулет!
 
Сиясын сылдыр сөздің көп сапырмай,
Сүбелі сөзді бүгін төкші, апырмай.
Халық бізге үмітін артып отыр,
Төрінен орын беріп жақсы ақындай.
Ел іздеген өлеңді біз айтайық,
Жанға сая Жәннаттың бақшасындай.
Ысырап қып қайтеміз ұлы өнерді,
Шенділер шашқан елдің ақшасындай.
Жердің беті қан жылап жатқан кезде,
Көкке қарап атылған отшашудай.
 
ҰЛАНБЕК:
Күй-саздың иіріміндей сәндеп терген,
Әдіпті құранды ердей қалдектелген,
Кебістей бауырдақпен нәлдеп берген,
Қамшыдай бипаздалып хан-бекке өрген,
Байыптап қараған көз дамыл алар
Азбанның мимыртындай аң бөктерген,
Әдемі жыр жазыпсың, әуезді етіп,
Әсері кем түспейтін әндеткеннен.
 
Қамсыздау қашықтатқан базарымнан
Сұм дертті… аза бойды қаза қылған,
Мұңды өртті жүрек түбін шарпып жатқан,
Қаперден, қалдырмапсың назарыңнан.
 
Күнбе-күн құт-зәрені тонап барған,
Қайыстық қайғы-мұңға толы ақпардан.
Ол аздай, дерт үстіне дерт жамайтын
Қазақта кесір-қайғы көп-ақ, қарғам…
Не пайда оның бәрін жіпке тізіп,
Не пайда екі көзден сора аққаннан?
Ұлт қой бұл жазмышынан ғана емес,
Доқ көрген адамдыққа олақтардан.
Қашаннан қазақ-қайғы егіз сынды,
Айрылмас шолт еткенше шолақ жалған.
Қартайтқан Абайды да қайғы еді ғой,
Зар сыққан әуселесі зор атпалдан.
Көргені бұл дүниеден – иттің арты,
Соңында шер-шеменді сорап қалған.
Көп күні құсалықпен өткен Махаң
Ер еді дей алмассың жолы ақ болған.
"Сұм өмір абақты, — деп, — саналыға",
Мағжан да жан азабын көп ақтарған.
"Қалтылдақ қайық мінген еспесі жоқ"
Қазақы қалыпқа Ахаң жолап барған.
Жалтылдап ғапыл дүние бедерінде,
Пенде атты жеткізген бе қонаққа арман?
Қазақпыз Асан болып фәниге кеп,
Бақиға Асан қайғы боп аттанған…
 
Жігері отыр деме ұнтақталып,
Қайғыны қағажулап, бұлтақ қағып.
Көңілді дал-дұл етер аярлық көп,
Онсыз да жүргеніңде сырқат бағып.
Көз көріп, ішің біліп тұрған жайға
Біз бекер ермек үшін мін тақпадық..
…Жә, жарар, жақсылықтан дәмелі боп,
Күдерсіз хәл туралы тіл қатпалық.
Өнердің бір міндеті – соқпақ салу
Өнеге бола алатын ұрпаққа анық.
Өлеңім тапсын онда басқа бағыт,
Өң-түрі өзгешелеу тұрпаттанып…
Өлкесі тектілердің – Қостанайға
Өтейін өз шамамша бір тоқталып.
 
Тарихы – татсаң шөлің қанбас тұнық,
Тән екен Қостанайға алғашқылық:
Жәнібек Шақшақ тегі – тұңғыш Тархан,
Сөз алған хан төрінде малдас құрып.
Ыбырай тұңғыш мектеп ашқан жер бұл,
Кетпеске сауатсыздық мәңгі асқынып.
Ахмет Байтұрсынов әліппесін
Алғашқы санамаққа қалмас күдік.
Алғаш боп "бас ақын" деп атады Ахаң
Абайды, асқақтықпен салғастырып.
Міржақып тұңғыш роман жазғанын да
Дәлелдеу қиын емес дәл, рас қылып.
Алғашқы ұлт киносы – "Амангелді",
Мұны да айғақтар ем, ал, бәс тігіп.
Тұңғыштар Тобыл-Торғай төсіндегі
Түлепті бірін-бірі алмастырып.
"Қостанай таңы" дағы тұңғыш дер ем,
Қолға алған Жазба айтысты қамдастырып:
Оятып өткен ғасыр қойнауынан,
Жаңғыртқан үр ғасырда жалғастырып.
 
Нұрдәулет, танытпастан егесер кеп,
Ойымды ұстамаспын неге сергек!
Бақталас, қараулықтан қашпақ абзал
Өнердің жүзуі үшін кемесі өрлеп.
Тәнті боп дарыныңа, үміт еттім
Танбайтын жыр жолынан ер өсер деп.
Ықылас, ықтиқаттан ада болсақ,
Осылай иініміз теңесер ме ед?
Шалқұйрық-шабытыңа қамшы бассаң,
Тағы да айдарыңнан жел есер деп,
Өзіңе уақыт созбай кезек берем,
"Сағаттың шықылдағы емес ермек".
 
НҰРДӘУЛЕТ:
Кеш қылып отырмастан ерте күнді,
Ойнатып бір көрейін ерке жырды.
"Сағаттың шықылдағы емес ермек",
Жалғайтын кешегім мен ертеңімді.
Бала көңіл қазақты оятпасам,
Айтуға келгенім жоқ ертегімді.
Жұртымның ойындағы сөзді айтайын,
Өлеңмен желбіретіп желкенімді.
Күн ұзақ жырлағаннан пайда бар ма
Онсыз да қысқа жалған, келте өмірді?
 
Бұл ғұмыр кімге бақыт, азап кімге,
Бұйырар кімге Жәннәт, Тозақ кімге?!
Қазақ-қайғы қашаннан егіз ғой деп,
Жырымды бөтен ойдан тазарттым де.
Қайығын терең көлге жүздіргелі,
Қайғыдан көз ашпады-ау қазақ мүлде.
Келіспеуге бола ма бұл сөзіңмен,
Байланысып бұ жақ пен о жақ бірге,
Қорқыттың күңіренген қобызындай,
Аза тұтып жатқанда азат күнде.
 
Шабыт-шырпы қайнатса жыр қазанын,
Жұртымның жүрегінен мұң қазамын.
Қарахан кезінен-ақ ата-бабам,
Исламға бұрған еді бұл назарын.
Салт-дәстүр, ғұрыптарын соған сайлап,
Құраннан жиып-терген кіл ғазалын.
Дінін толық, парызын түгел қылды,
Мешіттерден үзбестен мүлде азанын.
Ал бүгінде сенімнен күдік басым,
Сөзін сынап бір молда, бір қожаның.
"Мұндай дәстүр қазақта болмаған" деп,
Еуропаның қайнаттық дүр базарын.
"Бұрын бізде орамал тақпаған" деп,
Аналардың кетірдік нұрлы ажарын.
Құдайға құлдық қылу естен шығып,
Биік ұстап жүрміз біз тұлға заңын.
Нәпсінің айдауымен жүре берсек,
Күн сайын шыға берер түрлі азабың.
Исламды өзіңе бұрып алмай,
Өзіңді Исламға бұр, қазағым.
 
Өлеңді өрелі елге жазып арнап,
Көңілде әсем күйдің сазы қалмақ.
Жыр сүйетін халықтың маңдайына,
Шайырдың қаламымен жазылар бақ.
Қасиетін танытсаң қара өлеңнің,
Бір-ақ сәтте кетпекші қозып әруақ.
Сөз тізгінін өзіңе тағы ұстаттым,
Жаратқаным жолыңды қазір оңдап,
Базынаңды жұртыңа ақтарып бер,
Базарлығың болсын бір азын-аулақ.
 
ҰЛАНБЕК:
Әсерлі әсемдіктей жан қозғаған,
Шебердің сәулетіндей шандоздаған,
Шымыр сөз шымырлатса өне бойды,
Шанақтан тәрізденер ән боздаған.
Айтыстың бітпеуін-ақ тілер ме еді,
Дәл біздей сезсе жырдан дәмді өзге адам…
 
Сөзімді сәнді-ақ етіп сабақтапсың,
Үкілі үмітімді тағы ақтапсың.
Талаптың хас тұлпарын таңдап мінген
Өзіңнен ағаң қандай ағат тапсын?!
Әлбетте, әділетке жақ болмаса,
Шабытты не мақсатқа жаратпақсың?
Баптауға илікпейтін ителгіше
Өлең-құс еркіндікте қанат қақсын!
 
Жазбағың болмақ үшін басым құнды,
Үгіттеп сөз етіпсің асыл дінді.
"Алланың өзі де рас, сөзі де рас",
Абайша жөн таныттың рас үлгіңді.
"Бәрі боқ – шектен шықса" дейтін де Абай,
Пенделік әшкере етіп аш ындынды.
Әсершіл, әсірешіл көп қаракөз,
Жасырман, дүмшелікке басын бұрды.
Дін емес, арабтардың ділін жаттап,
Қаптады іс көргендер бос ырбыңды.
"Салт-дәстүр, ұлттық өнер – харам" деуші
Көп көрдім өз маңымнан тасыр құлды.
Кей делбе ержеткізген ата-анасын
"Намазсыз немелер" деп "масыл" қылды.
"Сақалды біз надан боп өсірдік", — деп
Ыбырай бәлкім хәлдің расын білді.
Арамза, Алла есімін жамылғандар
Жиһадшыл сыртқа қанша қашырды ұлды.
"У ішсең, бір кесе май жұтқызам" деп,
Қаншама қандасымның басын жұлды.
"Жаман менен жақсыны айыра алмас"
Ойлантпақ өренім мен жасым кімді?
Болғанмен жақтағаным дәстүрлі дін,
Ғазалға мәрбүрледі ғасыр мұңды:
Жұмақты көксей жүріп,
Жер бетіне
Жаһаннам орнатқыштар ашындырды…
 
Сөз қалса сен екеуміз сарқымаған,
Ой қалса сен екеуміз қамтымаған,
Мұң қалса сен екеуіміз малтымаған,
Жыр қалса сен екеуміз қарпымаған,
Әлі де, Алла жазса, мезет туар,
Тартынбай топ алдында талқылаған.
Маңдайға жазған болса, қайыра кеп,
Шабыттан – сусындармыз бал тұмадан.
Әзірге осы тұстан дамылдайық,
Арынға бөгеу салып арқыраған.
"Тілде сүйек, ерінде жиек бар ма?"
Сайыстың берген абзал шартына мән.
Нұрдәулет, қош есен тұр, жақсы бауыр,
"Ұландай, — деп жүргейсің, — бар-тын ағам".
Абайдың аруағын бір аунатқан
Газеттің мәлім енді даңқы маған.
Қостанай жұртшылығы, сау тұрыңдар,
Қай сыйдан қадірлерің артық әман.
Құтылып қара дерттің құрсауынан,
Көрсем ғой жүздеріңді жарқыраған!..
Доданың талайында қауышармыз,
Болса егер елім тыныш, халқым аман!
 
НҰРДӘУЛЕТ: 
Дін үшін бөлінердей көп тарапқа,
Қазір бізде әділ би, жоқ па датқа?
Арабтың ділін жаттап жүргендердің,
Күн сайын қала берер соқпағы артта.
Мазхабым бар, мемлекет, муфтиім бар,
Сай болып жүру қалды тек талапқа.
Калимасын айта алған бақытты елміз,
Бұл бақыт бұйырған жоқ көп қонаққа.
Жамағаттың қатары көбейсе екен,
Арман жоқ үйірімен жортқан атта.
Ата діннен қол үзіп қалсаң, елім,
Асыл көшің осымен тоқтамақ па?
Жетпіс жыл бодандықтан құтылдың ғой,
Құранды еркін ашып жат та, жатта.
Адасқандар жөнімен кете берсін,
Оларға көзіңді енді босқа алартпа.
Өзгенің шеңгелінен қашамын деп,
Өз жолыңнан адасып боққа батпа.
Ұрпағыңның кеудесін жылытатын,
Тоныңды битке өкпелеп отқа жақпа.
 
Ойлай берсең таусылмас уайым-қайғы,
Тойлар берсең алардай тайың бәйгі.
Ауруын жасырған жан өлер, бірақ,
Емін тапсаң, денеңе жайылмайды.
Батысқа еліктеумен көп қарындас,
Жақсы менен жаманды айырмайды.
"Ар-ұят киімде емес, жүректе" деп,
Жолды көздеп айтады жәй, ыңғайлы.
"Ең бастысы, тура жол – жүргенім" деп,
Санасы жеткен жермен пайымдайды.
Бірақ, қазақ мұны да айтып кеткен,
Қайғының бұлты әйтпесе қоюлайды.
Шешенсініп қайтеміз бостан босқа,
Шешінген адам судан тайынбайды.
 
Білмеймін, дауасыз дерт кірді қайдан,
Жете алмай қалды, міне, күллі майдан.
Қара жер дерт жамылып жатқан кезде,
Көгінде бұлт түнеріп, күн мұңайған.
"Мен ішпеген у бар ма?" дегендейін,
Жеңілер жұртымнан да бір күні ойран.
Әлімсақтан рухты жұрт, батыр халық,
Өзіне қалдырмады кімді қайран?
Аман-есен жетсе екен келер жылға,
Арылып шырмалған сол құрғыр ойдан.
Жердің бетін топан су қаптаса да,
Үмітін үзбейтін ел бір Құдайдан.
 
Аман болсын бұл ағам Ұланбектей,
Жырлағанда сөзінен құнар кетпей.
Ел қуанып, бақытты күн жеткенде,
Қайтпаспын өзіңізбен бір әндетпей.
Ағам деп биігіме көтерейін,
Інілік ізетімді күмәнді етпей.
Көкке қарай қақсам да қанатымды,
Өзіңізге бір елі тұрам жетпей.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓