Жазба айтыс: үшінші айналым аяқталды

Қостанай облысы әкімдігінің Ішкі саясат басқармасы мен облыстық "Қостанай таңы" газетінің ортақ жобасы – республикалық ашық жазба айтыстың 3-айналымы да мәресіне жетті. Дәстүрлі жоба биыл Абайдың 175 жылдығына арналып, "Мен бір жұмбақ адаммын" атаумен өтіп жатқанын естеріңізге саламыз. Сонымен, бұл айналымда 6 ақын, 3 жұп өлең-сайысқа түскен болатын. Назарларыңызға қазылар алқасының әр жұптың айтысына жасаған сараптамасын ұсынамыз.
 
1- жұп – Ұланбек Бақыт (Нұр-Сұлтан қаласы) — Аслан Қанғожин (Қостанай қаласы)Bez-imeni-1
Бұл – тәуір басталып, тәмамдалмай қалған айтыс. Алғашқы болып сөз алған Аслан қарсыласына айтыстың жаңа үлгісін жасауды, сөз қағысудан гөрі әр кезекте Абайдың әр қырын өлең етуді ұсынады.
"Тұлғаны тереңірек таныстырып,
Жырлайық, сен бір қырын, мен бір қырын.
Сол болсын қос ақынның ескерткіші,
Бастайық жазба айтыстың, кел, бір түрін", — деп бастап, өзі Ұланбекке жақсы із салып берді. Ұланбек ағасының мұнысын құп алып, сәтті сабақтады. Асланның жақсы ақын екені бәрімізге әуелден мәлім. Былтыр да тамаша өнер көрсеткені естеріңізде болар. Бірақ жобаға тұңғыш қатысып отырған жас ақын Ұланбектің өлең өруінде тартымдылық бар.
"Жазбасы – бейне керім, ізгі, асқақ ән,
Қуаты – құдды шеңгел құзға ұштаған,
Сабыры – сан түмен қол бұзбас қамал,
Қадірі – мыңдар мақтап, жүз қоштаған,
Тамыры – Торғай жері біз баспаған,
Ассалаумағалейкум, Асыл-аға,
Ұланбек – сіздей жанға ізбасты адам!
Сіздей жан сүбелі етіп сөз баптаса,
Көрігі жыр-думанның қызбас па әман! — деп, ағасын әдемілеп әспеттеп, келістіріп мақтай келіп:
Айтысты қай арнаға бұрсаңыз да,
Болар ем басымды ала түз қашпаған:
Қазекем бір "сүйген" іс – Абайтану,
Қолымнан келмесе де дөп айта алу,
Көрейін сүрлеуге еріп сіз бастаған!" — деп, ары қарай Абайды "сөйлетуге" көшеді. Енді қызық басталар деп күтіп едік, бұл айтыс кезек Асланға келген жерінен үзілді де қалды. Ереже бәріне ортақ, сондықтан жауап қайтаруға берілетін мерзімді өткізіп алғандықтан, Асланды айтыстан шеттетіп, жеңісті қарсыласына беруге мәжбүр болдық.
 
2-жұп – Батырлан Сағынтаев (Арқалық қаласы) — Злиха Кенжеғозина (Жангелдин ауданы)мини
Бұл ақындардың жолы жазба айтыс жобасында алдыңғы жылы да түйіскен еді… Жалпылай алғанда, өнерпаздар осы жолы да тәуір жазысқан. Батырланнан:
" Кәусарына қанбадық қара өлеңнің,
Ғазез де ішкен, құмартып ғаріп те ішкен"
немесе Злихадан:
"Ақырзаман келгенше азық болар,
Ұлы Абай ұлағаты ұрпаққа әйгі", — деген секілді көптеген жақсы жолдарды кездестіруге болады. Екеуі де сөзсіз жүйрік ақындар. Айтыстарында көркемдік те, жүйе де, кей жерлерде тапқырлық та, ұйқас алуандығы да – барлығы да бар. Дегенмен, тағы да сол "сен жаман, мен жақсының" әңгімесі басымдау көрінді. Әсіресе, Злиха жеке бастың мәселелерін көп айналсоқтап кеткендей. Ондай тәсіл "сахна айтысына" көбірек тән дүние болар, дегенмен жазба айтыстың негізгі шарты ақындық шеберлікті тақырыпты ашу арқылы көрсету болса керек. Батырлан қарсыласының шабуылдарына өз айтқандай "зиятты сөздерді" қалқан қылып, қисынды жауаптар қайтару, қарсылас сөзін қарымтаға қолдану тұрғысынан ерекшеленді деп ойлаймыз. Осыны ескере отырып, Батырлан Злихадан басымырақ түсті деген түйінге келдік.
 
3-жұп – Ғалымгерей Кенжеғозин (Рудный қаласы) — Нұрдәулет Ғалымжанұлы (Нұр-Сұлтан қаласы)галеке
Нұрдәулет – осы айтыста Ғалымгереймен жұпталған ақындардың ішінде сайысудан "жалтармаған" алғашқы әрі соңғы өнерпаз. Бұлай деуімізге себеп – рудныйлық ақынның 1 және 2 айналымдағы қарсыластары әртүрлі себептермен жобадан орта жолда бас тартқан еді. Сондықтан, Ғалымгерей осы кезеңге дейін еш айыпсыз "шаппай бәйге" алып келіп, айтысқа енді ғана бел шеше кірісті.
Сондай-ақ, сөзді бірінші болып та өзі бастады. Ә дегеннен-ақ қарқын байқатты. Сол екпінмен қарсыласын бірден тұқыртып тастамаққа ұмтылды. Тіпті әртүрлі айыптауларын алға тарта бергендей. Әрине, айтқан міндерінің орынды тұстары да бар, негізсіздеу жерлері де жоқ емес. Ал, жалпы, өлеңді ұқыппен өруге, айтар ойын анық беруге күш салғанын айқын аңғаруға болады. Не дегенмен, сан жылдан бері сахнада жүрген тіс қаққан ақын ғой…
Ал Нұрдәулет жас та болса осы жобада ерек қабілетін көрсетіп келе жатқан ақындардың бірі. Әрине, кей-кейде жырларынан балаңдық байқалып, анда-санда өлеңдерінен импульсивтік мінез аңғарылады. Дегенмен, ойы ұшқыр, қаламы жүрдек ақын деп танып қалдық. Мәселен, айтысын оқып отырғанда:
"Дүниеден озып кеткен адамдар көп,
Тағдырдан озып кеткен ешкім де жоқ", — деген секілді оқыс ойларына кездейсоқ көзің сүріне кетеді.
Ағасымен айтыста барынша байыптылық сақтап, жақсы деңгей көрсетті деуге болады. Қазылар мүшесі осы айтысты саралап-салмақтай келе, жеңісті Нұрдәулетке беруді жөн көрді.
 
Сонымен, төрешілер ақылдаса отырып, келесі сынға Ұланбек Бақыт, Батырлан Сағынтаев, Нұрдәулет Ғалымжанұлы және Злиха Кенжеғозинаны өткізіп отыр. Енді, Нұрдәулет Ғалымжанұлын бұған дейін Батырланмен де, Злихамен де айтысқандықтан, жерлесі Ұланбек Бақытпен сынға салып көрмекпіз. Одан арғысы кейінірек анықталып, хабарлана жатар…
 
Қазылар алқасы

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓