ЖАЗБА АЙТЫС: Аслан мен Ұланбек

Қостанай облысы әкімдігінің Ішкі саясат басқармасы мен облыстық "Қостанай таңы" газетінің жобасы – республикалық жазба айтыстың 3-айналымы өтіп жатыр. Дәстүрлі жобаның биыл Абайдың 175 жылдығына арналғанын естеріңізге сала кетейік. Олай болса, бүгін қостанайлық жүйрік Аслан Қанғожин мен елордалық дарын Ұланбек Бақыттың айтысына назар салуға шақырамыз. Ақындар әлі жауаптасу үстінде. Әзірге айтыстың бастамасына баға бере отырыңыздар!Без имени-1
АСЛАН:
Қат-қабатын қаңтарып тіршіліктің,
Терін алар сәт туды жыр-күліктің.
Жолымыздан Батыраш шыға қоймас,
Қолымыздан түспесін кілті үміттің.
Ал, Ұланбек, мұрасын зерделейік,
Абай атты қазақта бір тұнықтың.
"Сен жаман, мен жақсыдан" не пайда бар, 
Өзегі — өнбес дау ғой бұл "қылықтың".
Нағыз бәйге дегенің сол емес пе —
Кәдесіне жарасақ шіркін, ұлттың.
 
Өлеңің шықтай таза, мөлдіртұғын,
Шерт, кәне, шешендерше шердің қылын.
Тұлғаны тереңірек таныстырып
Жырлайық,
сен бір қырын, мен бір қырын.
Сол болсын қос ақынның ескерткіші,
Бастайық жазба айтыстың кел бір түрін.
 
Салғұмыр, мән іздесем самалаңнан,
Сәулелі ой табамын даналардан.
Солардың бірегейі — Абай дана,
Сырынан сусындадым салаланған.
Салмақтап жан мен тәннің құбылысын.
Суреткер зерлі ойымен дараланған.
Сезініп жаратқанның хикметін,
Санаға қаланыпты қамалы ардан.
 
Үйдің мықты болмағы — шегесінен,
Ойдың мықты болмағы — өресінен.
Абай мұраларында не құдірет?
Тартады бізді өзіне о несімен?
Өйткені оның өміршең даналығы, 
Қарасаң да қай заман белесінен.
Санаңды жетелейді, жүздіреді
Кеңістікте кемелдік кемесімен.
 
Мәңгі тұрмас өмірдің боз белеңі,
Бәрі ағады, өтеді, өзгереді.
Аңсағанда қайтасың оймен шолып,
Боз белеңде іліп ең көзге нені.
"Дүние кірін жуатын" сәттер де бар
Адамның ол да кейбір кездері еді.
Жүрегінің кірбіңін жырмен шайып,
Ақын да дүниені кезген еді…
 
Ғылыммен ашылған соң көп түнегі,
Абайдың айтқан ойы өткір еді.
"Кірпіштей тетігін тап дүниенің",
Білгендер мұны ұран етті үнемі.
Үңілсең "үш сүюдің" мәнісіне,
Санаңа иман нұрын септіреді.
Қалың елі қазақтың қамын жеген,
Ұрпағына күрсінген жетті лебі.
Адамдық, ғылым, иман, ұлттық негіз —
Абайдың ойларының төрт тірегі.
 
ҰЛАНБЕК:
Сүйекті сөз айтпаса елі күткен,
"Сүлейдің" өлеңі егіз кемірікпен.
Шабытты күлік емей, тұғыр дегін
Қозыкөш межелемей "демі біткен".
Жігітті қарекетсіз – ер демегін,
Таң мен кеш қиял бақса тек үмітпен.
Желбуаз өнерпаздан кәде күтпе,
Босқа өтсе базар-фәни серілікпен.
"Базарға, қарап тұрсаң, әркім барар",
Мәселе – қайтқаныңда не мүлікпен!..
Осындай ойға ойысып отырғаным
Айтыста азы қалып, көбі біткен:
Татырлық "пәлі" дерге сөз айтпасам,
Мән бар ма марапатта мен іліккен?
Жазғаным өлең емес, көлем болса,
"Көлемім" көпті жығып, жеңер болса,
Кейір ме ем ұжданымнан жеңіліп мен…
 
Жазбасы – бейне керім, ізгі, асқақ ән,
Қуаты – құдды шеңгел құзға ұштаған,
Сабыры – сан түмен қол бұзбас қамал,
Қадірі – мыңдар мақтап, жүз қоштаған,
Тамыры – Торғай жері біз баспаған,
Ассалаумағалейкум, Асыл-аға,
Ұланбек – сіздей жанға ізбасты адам!
Сіздей жан сүбелі етіп сөз баптаса,
Көрігі жыр-думанның қызбас па әман!
Айтысты қай арнаға бұрсаңыз да,
Болар ем басымды ала түз қашпаған:
Қазекем бір "сүйген" іс – Абайтану,
Қолымнан келмесе де дөп айта алу,
Көрейін сүрлеуге еріп сіз бастаған!
 
Десек де "ғылымға кеш қол сермеген"
Данаға қатыссыз-ау өлшем, көлем…
Ол жайлы сұрай қалса, "Дана!" дейміз,
Әйтеуір пенделік бір мөлшерменен.
Абайдың кейпіне еніп тіпті кейде,
"Кіл соқыр, — дейміз жұртты, — өңшең керең".
Өзіміз түзелдік пе ол күткендей,
Итшілеп жүрміз бе әлде сол шерменен?..
Ілімге шомылдырып ми қатпарын,
Дана айтқан адамдықтың сипаттарын
Ниет бар тілтиек қып көрсем деген:
 
Ілімнің "Толық адам" – алғашқысы,
Кім болмақ бұған назар салмас кісі?
Білмек жөн тұжырымның үш тұғырын,
Келсе адам Абай ойын дәл басқысы:
"Нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүрек" – 
бойдағы рухыңның талмас күші!
Әрине, "Жарым адам" – сосынғысы,
Бұлардың жасырынар бар "маскісі".
Жартыкеш адамдықтың белгісі анық –
Шолақ ой, сызды ақылмен жалғасты ісі.
Ақилық, жәуәнмәртлік ұстанбаққа
Олардың түбінде ант-су бар ма ішкісі?
"Ақыл, қайрат, жүректі бір ұстарға"
Жартының көңілінің болмас құшы. 
Абайды оқып өзі кім өзгерді,
Кім түзер шәлкем-шалыс мінездерді? –
Осы ғой құшырыңның қанбас тұсы…
 
Жасауға тұсау болып әммә әрекет,
Жайғызған алақанды Аллаға тек,
Масылдық, қамсыздық пен кержалқаулық –
Жатыр, рас, осыларда бар бәлекет.
Қор көрген Абай сынап болмыс осы,
Қосылар адамсыздық арнаға кеп.
"Олардың жоқ ойында малын бақпақ,
Адал еңбек, мал таппақ, жұртқа жақпақ" –
Сөз бе бұл миссиясын болған өтеп?
Өзекті бұл жолдардың мәні ап-айқын:
Еңбекпен өміріңді мәнді, абат ет!
Қамсыздық жаста да көп, қарап тұрсаң,
Арсыздық "сақал сатқан" шалда да көп.
"Жамандар қыла алмай жүр адал кәсіп" –
Бұл сөз де елес салар кәллаға әкеп:
Маңайың – үріп ішіп, шайқап төккен,
Бай әке "қормал" болған толған әтек…
…Асеке, бұл да атанға жүк болар ой,
Ендеше, артқандай қып нарға кәтеп,
Көгертер аға ғой деп көсегемді,
Жолдайын өзіңізге осы өлеңді –
Ал, қане, ары қарай жалғап әкет!

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓