Батырдың құрметіне арналды

«Батыр» деп  отырғанымыз  –  Сұлтан Баймағанбетов. Бұл  кісінің Кеңес  Одағының  батыры Александр  Матросовтың ерлігін  қайталаған ержүрек қазақ екені тарихтан  белгілі. Ұлы Отан соғысында  өжеттігімен  танылған асыл ерді Әулиекөл  ауданының   жұртшылығы жыл  сайын еске алады.

Таяуда  батырдың есімімен аталған  мектеп  гимназияда шағын  футболдан  жарыс  өткізілді. Сайысты  Әулиекөл  аудандық  дене  тәрбиесі  және  спорт  бөлімі ұйымдастырды.

– Батырдың туған қарындасы Зейнеп Біржанқызы ағасы  Сұлтанның  сәуір айында туғанын жерлестеріне  талай рет  айт-қан.  Көктем туа  бірнеше  шара  жүзеге  асырылды. Аталмыш жарысты  өткіздік. Игі  шараға  сегіз команда  қатысты, –  деді  аудандық  дене  тәрбиесі және спорт бөлімінің басшысы  Фархат  Балашов.

Сол  күні  әулиекөлдіктер Сұлтан Баймағанбетов  атындағы  мектеп-гимназияға қарай  ағылды. Жиырма үш  жасында Отанын жаудан қорғауда қыршын кеткен жерлестерінің есімін олар  әдеттегідей  қастерлеуді парыз санайды.

Мектеп ауласындағы   Сұлтан Баймағанбетовтың ескерткішіне гүл  шоғы  қойылды. Салтанатты  жиында батыр ата құрметіне  арналған спорт  мерекесін жоғары  деңгейде  өткізуге оқушылар белсене қатысты.

Жарысқа Ш.Уәлиханов  атындағы мектептен  екі команда және И.Сьянов мектебінің, Құсмұрын кентіндегі № 121, 28  мектептерінің, Әулиекөл ауыл  шаруашылығы колледжінің командалары  қатысты.

Айта  кету  керек,  сайысқа Қарасу ауданындағы  балалар  және  спорт мектебінің   командасы  арнайы  шақырту  алған болатын. Олар  сайыста  үшінші  орынды  еншіледі.  Екінші орынды   Ш.Уәлиханов  мектебінің  футболшылары  жеңіп  алды.  Чемпиондық тұғырға № 28 Құсмұрын орта мектебінің шағын  футболшылар командасы  көтерілді.

Жеңімпаздар мен  жүлдегерлер  аудандық  дене  тәрбиесі  және спорт бөлімінің арнайы кубогімен және  бағалы  сыйлықтармен марапатталды.

Ермекбай

       ХАСЕНОВ

Әулиекөл  ауданы.

 

 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓