ЖАЗБА АЙТЫС: Ұланбек пен Мамай

Қостанай облысы әкімдігінің Ішкі саясат басқармасы мен облыстық "Қостанай таңы" газеті Абайдың 175 жылдығына орай өткізіп жатқан "Мен бір жұмбақ адаммын…" республикалық жазба айтысының екінші айналымын жалғастырамыз. Бүгін назарларыңызға Нұр-Сұлтан қаласының азулы ақыны Ұланбек Бақыт пен қостанайлық майталман Мамай Ізтілеудің айтысы ұсынылады. Қос жүйріктің өлең сайысын оқып, өнерпаздарға лайық бағасын бере отырыңыздар.
Уланбек-Мамай
Ұланбек:
Әл-әзір есендікке кепіл беріп,
Әз бастан не күн өтпек, не күн келіп.
Әрнеге әсемпаз боп пенделікпен,
Әл білмей, әй, біз неге бекінбедік.
Әсілі, озбақ кім бар жазмыштан,
Әмірін хақтың естен кетірмелік.
Әнеу күн қарсыластан бағым озды,
Әйтеуір бір сәттілік бетін беріп.
Әйтпесе шешіле алмай кетер ме едім,
Әншейін әлқиссама тек үлгеріп,
Әдемі жеріне кеп шорт үзілген
"Әзімнің әңгімесі" секілденіп.
Әуенім жалғанған соң тұрмын енді
Әйбаттап сөз өрудің ретін көріп. 
Әлеумет, армысыздар! Бүгін тағы
"Әй, пәлі" қолпашыңмен екі ұлды еліт!
Әрине, ағама да жеке сәлем,
Әдептен озбай өскен кекілді едік.
Әзілге, әккілікке әуестенсем,
Әбіржіп, ренжімессіз, не түрге еніп.
Әр түрін шайқастардың көрген жансың,
Әй, аға, кеткен болар етің де өліп.
Әйткенмен қанша әлемет болсаңыз да
Әбжілдеу бұл ініңнен бекін берік!
 
Бүгінде айтқың келсе рас хабарды,
Дым таппай "тәжтажалдан" басқа мәнді,
Қорынып отырғаның тәртіп бағып,
Мекендеп пәтер дейтін "тас қамалды".
Бұл кесел маңғаздарды тізерлетіп,
Сесімен састыра алды саспағанды…
Бәрін айт, бірін айт та – бұл кезеңде
Онлайн өмір сүру бастау алды.
Онлайн сабақ оқып үйде отырып,
Жанарын қанша тентек жасқа малды.
Онлайн концерт, күрес, футбол, айтыс – 
Бәрі де ғаламторға таспаланды.
"Онлайн айтысамын" десең бұрын,
Мазақтап, шығаратын масқараңды.
"Ватсаппен" айтыстырып ақындарды,
"Қостанай таңы" ашқан-тын ашпағанды.
Қызықты қараңызшы, ақырында
Боп шықты редакцияның жоспары әлді.
Онлайн ғаламатын осы газет
Дәлелдеп 3 жыл бұрын тастаған-ды…
 
Құрлықтан құрлықтарды барған аттай,
Қоймады-ау пандемия жанға батпай,
Қытайдың ну күнәлі қойнауынан
Шыңғыра шашыраған жарғанаттай.
Тарының қауызына сыйғандай-ақ,
Бәрінің тығылғаны тар қамаққа-ай.
Қақпасын қасіреттің кім ашты деп,
Табарсың кінәліні қарғамақ қай?
Қаншама ғалымдар жүр лажы құрып,
Сұм кесел осал тұсын дәл қаратпай.
Қаншама қала жатыр бос қаңырап,
Аспанға аңырайған аңғалақтай.
Қанша әлі жанды бұл дерт қиып түспек,
Астынан үміт-қылдың жанған оттай…
 
Әдетте емханада "тоғысушы"
Мүшеге маска айналды он үшінші.
Бітері қашан мұның хаққа мәлім,
Болғанмен пендезаттың көбі сыншы.
Құдайдан қастерлі айда деп тілейік:
"Шығатын тығырықтан жол ұсыншы!"
Сол ғана перзентіне сынақ беріп,
Сол ғана перзентіне болысушы…

Жүрсем де оқып, біліп, көріп бәрін,
Емессің бұл ініңе толық мәлім.
Ағасы, мен сонда да місе тұттым
Алдымнан кемел жанның жолыққанын.
Өткенде Даниямен сөз сынастың,
Алайда дәлелді ме дөп ұтқаның?
Ол ару ілтипатпен жолын берді,
Қазының және оқыдық қорытқанын.
Сайысқа қатысудың мәнісі не,
Жол бере салар болса?
Соны ұқпадым.
Өмірде ізет қылсаң, жөн басқа ғой,
Өнерде бақ сынасу болып па мін?
"Майданға түспей бәйге алма" дейтін
Сөздің де ұқсақ етті шолып мәнін…
…Ал, жарар, осы тұстан іркілейін,
Ағатай, өлеңді әрі толықтағын.
 
Мамай:
Алфавит "а" әріптен басталады,
Ал Ұланбек талабымен тас жарады.
"А" демей "Ә" деп бірден кетіпсің ғой,
Айтылып ақын ұлдың асқақ әні.
Айтысымды өткен жолғы сөз қылыпсың,
Ағаңның берік еді тас қамалы.
Аламанға атой салып кірмес бұрын
Алдымен сөйлетіп ем жас баланы.
Алайын амандасып оқырманмен,
Ағайын, амансың ба асқаралы?
 
Қазақ елі жас мемлекет әдемі еді,
Сыйластық бойға біткен әдеп еді.
Жер бетінде сенімсіз жүргендер көп,
Құдайсыздар қинайды және мені.
Жаратқанның сынағы деп білемін,
Ал оған тәж тажалы дәлел еді.
Алланың мейірімі мол болғандықтан,
Шығады тығырықтан әлем елі.
Өзгелерге үлгі болып сен екеуміз
Айтыс жасап кетейік өнегелі.
 
Інім-ай, сен мен үшін алаңдама,
Ақындық қонсадағы саған дара.
"Жол берсе бәйгеге неге түседі" деп,
Ел сыйлаған аруды жамандама.
Дәнияның өзіндік өресі бар,
Ойларын ашық айтқан қоғамға да.
Сен айтсаң мәселелер толып жатыр
Басыңды ауыртпашы оған бола.
 
Қиындықтың көрсек те талайын да,
Амандығы елімнің бар ойымда.
Байлар көп қыдырымпаз тоқал алғыш,
Шет елде өткізеді бал айында. 
Халыққа олардың еш пайдасы жоқ,
Батса да қаншама жан сары уайымға.
Ел болып көмектесіп жіберейік,
Суға батқан Мақтааралдық ағайынға.
 
Аңсайды құлан жерін, қыран көгін,
Абайдай сен де жырға құмар ма едің?
Айта отыр, Нұр — Сұлтанда не жаңалық?
Сен осы бас қала да тұрам дедің.
Аттан түсіп сәлем берер жас баласың,
Абыройың кетпейді бұған сенің.
Даналықтың саналы ұрпағындай
Ақтарыла сөйлеші, Ұланбегім.
 
Ұланбек:
Арудың бұрымындай гүлмен өрген,
Ініңнің нақышын да мін көрер ме ең?
Өлеңді "Ә" әрпінен бастағам жоқ
Ретін әліпбидің білмегеннен.
Бұл өзі кездейсоқтау өрнек еді
Құйылып өздігінен тілге келген.
Айтар ой айқын болса, айып кәне
Үлгі етіп жыр жаза алсаң үр бедермен?
…Ағасы, малталаудан бас тартамын,
Мәселе осы болса күрмеленген.
 
Долбарлы дәйектерін жайып маған,
Сөзімді қараулыққа сайыпты ағам.
Сөзімнен титтей лақап көрдіңіз бе,
Аруды "жамансың" деп айыптаған?
"Сайыстың аты – сайыс" – соны меңзеп,
Ойымды жалпы ұғымға лайықтағам.
Қамамай ақ-қараны бір келеге,
Байламдар жасайықшы байыпты әман.
"Мені" мен "менікін" де айырар ма,
Әрнені өз мәніне сай ұқпаған?
 
Төтеннен түскен бейнет Мақтааралға,
Қайтер-ді қабырғама батпағанда?!
Сөгіліп кетті бөгет аз-ақ жылда,
Салынған тілсіз жаудан сақтанарға.
Сапаға атүсті әуде қаралыпты,
Нақ сондай тартылуда ақпар алға.
Қатерін алдын ала жорамалдап,
Тірі жан жағдайды бақпаған ба?
Неге осы тек салдармен күресеміз,
Бір апат бола қалса нақ табанда?
Болар іс болып қойды…
Қажет енді
Қолғабыс бәленше мың шақты адамға.
Мың шүкір, қаймана жұрт бірлік қылып,
Көшкендей қолдау үшін нақты амалға…
Сардоба сары уайым болған жұртқа
Сабыр бер, жар бола көр, Жаппар Алла!
 
Ер болсақ сөзіне сай ісі мықты,
Тұрмас па әсте еліңнің іші құтты.
Иә, рас, бас қаланың тұрғынымын,
Ой-санам осы кентте ысылыпты.
Жаңалық елордадан "дәметіпсіз",
Сөз тарту пейліңізді кіші іні ұқты.
Ағасы, Нұр-Сұлтанда тыныш бәрі,
Тіршілік жатыр әлі құнысқалы,
Себебін айтпасам да түсінікті…
Ал, енді, тұшымды бір жыр тосайын,
Ұшырып сізге қарай құс-үмітті.
 
Мамай:
Ұшырып хат жолдапсың құс-үмітті,
Демеспін бағамды інім түсіріпті.
"Мені" мен "Менікін" де айырмас деп,
Бұл інім өз толғамын ұсыныпты.
"Сайыстың аты — сайыс", білем, інім,
Сонда да жоғалтпайық кісілікті.
Бас шаһардан жаңалық күтеміз, рас,
Білгенге бұл жайымыз түсінікті.
Сендер жаққа бүгінгі ел алаңдайды,
Қандай шешім айтар деп күші мықты.
Білмегім сын шақтардан құтылатын
Үкімет тағы не ой ұсыныпты?
 
Болса да жеріміз бай, несібелі,
Мәселе қашан осы шешіледі?
Сапасыз құрылыстар бой көтерсе,
Іштегі жемқорлықтың кесірі еді.
 
Жағдайын жасамасақ текті ананың,
Тағдыры қалай болар көп баланың?
Мен осы елге келген топан суды
Халықтың көз жасы ма деп қаламын.
 
Үкіметті теңейміз қара нарға, 
Қызмет жасайтұғын бар адамға. 
Мақтааралға жүз мың берсе жақсы екен ғой,
Қырық екі мың бес жүзге қарағанда.
 
Жағдайын елдің ойлап алаңдаған,
Қиын кезде көмек беріп амалдаған,
Қырық екі мың бес жүзді мен танитын
Жұмысы жоқ көп адам ала алмаған.
 
Жағымпаздың шекесі шылқып отыр,
Халыққа солар қолын сілкіп отыр.
Мен өзім саясатқа тиіспеймін,
Саясат мені бірақ түртіп отыр.
 
Қатты сөз айтпасам да бас жарарлық,
Тоқтай алмай қалам кейде бастап алып.
Жастар жағы не дейді, Ұланбекжан,
Айтары бар жігітсің астаналық.
 
Ұланбек:
Бос мылжың, тіл мен жақ болса жүгінетінім –
Өлеңнің төмендегені құдіретінің.
"Бағамды кемітпек інім" деп налымассың,
Ағам-ау, арзандамайды ініге құның.
Күллі ақын жалғыз ананың баласындай ғой,
Төстегі тыңдауға құмар "жұмыр ет" үнін.
Салдарлы сөз айтып едім сайыс туралы,
Алайда, аға, онда не бар түңілетұғын?
Ал, хабар елорда жақтан тарап жатыр ғой,
Таппастан желі, ғаламтор күніге тыным.
Сондай-ақ, қынжылыспенен өлең етіпсің
Сапасыз салған нысанның үгілетінін.
Жемқорлар желкеден сығып берер күн бар ма,
Халалдан арам бойына сіңіретінін?
Жуастың қолына тимей жатқаны да рас,
Жыр болып, түтесі шыққан "қырық екі мың".
Қанағат ел ішінде де жоғын аңғардық,
Кезіксе "батпан құйрыққа", бүлінетұғын.
Біздің жұрт – жетісіп тұрса "барға тәубә" деп,
Міскіннің аузынан жырмас жүміле-тұғын.
Ынсаптан айырылғанша зүмірет-ұғым,
Десейші Абай мұңының "сүгіретімін".
Жұртыңның ниет-пейілі қандайлық болса,
Алланың болмағы сондық нығметінің!
 
Қазақтың қазына, кені, асыл, ақығы –
Ұлы Абай – қай заманда да ғасыр ақыны.
"Түбіне жүрегімнің терең бойла" деп,
Жұмбағы, көп сынды бізден жасыратыны.
Шынымен қазақтың есі кірердей көрем,
Иланса дана сөзінің расына түбі.
Ойланып, қайғы алып келіп, айналып келіп,
Ұлтымның әлі Абай ғана бас ұратыны.
Енді ешкім Ибраһимдай "Ұлы" атана алмас,
Мың жерден бара жатса да тасып ақылы.
Ал біздей сөз өнеріне іңкәр ұрпақтың
Ұлыдан көп үйренері, машығатыны…
 
Әсемдеп, келтірмек үшін осы айтыс әрін,
Әлі де жетеді көпке рас-ай күш-әлім.
Тәңірден тілерім әман – 
жаным шабыттан,
Көрмесін өлең-дестеден босай құшағым.
Қостанай – Қос Тана салған керім ән сынды,
Шырқалып келешектерге, жасай түс, әнім!
Әзірге, қаламсабымды суыта тұрып,
Баршаңмен және ағамменен қош айтысамын!
 
Мамай:
Пах, шіркін, Ұланбектей ақын қандай,
Жырларын оқығандар ах ұрғандай. 
"Баағамды кемітпек інім" — налымассың деп,
Өнердің тереңіне батырғандай. 
Арзандамайды ініңе құның дегенді айтып,
Дәмдісін бал сөздерінің татырғандай.
Күллі ақын жалғыз ананың баласы ғой деп,
Бірлікке және мені шақырғандай.
Әр сөзді тура айтпай, жанап айтып, 
Өлеңді менше жаз деп отырғандай.
 
Келмейді байлық оңай талап болмаса,
Ұрандап көшеге шықпас сауат болмаса.
Қанағат елде жоғын аңғардым депсің,
Жарар ед бұл айтқандарың ағат болмаса.
Сыбайластықпен байығандардан 
Қайтарар  елге жауап болмаса.
Тартыспағанда не істейді енді,
Шайқап ішетін шалап болмаса?
 
Жазба айтысқа шыққаным жоқ ермек үшін,
Биліктің кемшілігін термек үшін.
Халықтың өзінің айтып жүрген сөзін,
Шығып ем өзіне айтып бермек үшін.
 
Ұланбек, айналайын, маңмаңгерім,
Айтыста ағаң болып дем бергенім.
Кей көкелер ақылға келсе деп ем,
Әйтпесе жоғарыда нем бар менің?
Бар қазақтың бірлігін айтып өтем,
Бойымнан кеткенінше әл -дәрменім.
 
Жаратқан қазақ елін оңдаса екен,
Атқа мінген азаматтар қолдаса екен.
Жаман ауру жойылып жер бетінен,
Енді ешқашандай карантин болмаса екен.
Нұрлы жолмен келеміз деп жатыр ғой,
Осы сөз сөз күйінде қалмаса екен.
Қой үстіне бозторғай жұмыртқалап,
Ел аңсаған бақытты күндер орнаса екен.

Читайте также:

1 комментарий

  1. Маржан:

    Тамаша

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓