Сағындым ата, өзіңді…

Биыл Ұлы Жеңіске 75 жыл. Зулаған уақыт-ай десеңші! Біз бейбіт күннің ұрпағымыз! Сұрапыл соғысқа, қан майданға елім үшін, болашақ ұрпақ үшін деп аттанған аталарымыздың ерлігінің арқасында біз бейбіт заманда өмір сүрудеміз. Сол ерен ерлердің арасында менің де атам бар.
Атам Нұрман Молдахметов 1926 жылы 5 мамырда Жанкелдин ауданы Ақкөл ауылында дүниеге келген. Әкеден екеу болып туған атам ата-анадан ерте айырылып, жетімдіктің дәмін ерте тартты. 1943 жылы бар-жоғы 17 жасында Отан алдындағы борышын өтеу үшін соғысқа аттанады. Польша, Берлин жерлерінде соғысып, қолына оқ тиіп жараланып, туған жеріне оралды. Атам "Жуков" медалімен марапатталып келді. Соғыстан кейін Кішікөл фермасында мал дәрігері болып істеді. Әжеміз Тұрғынмен шаңырақ көтеріп, 3 ұл, 4 қыз баланы тәрбиелеп, оларды оқытып, елге сыйлы азаматтар болуына үлесін қосты. Бүгінгі таңда атамның 21 немересі, 10 шөбересі бар. Алла бұйыртса, атамыздың қолында өсіп, тәрбиесінде болған Нұрсұлтан деген немересінен тағы бір шөбере күтіп отырмыз.
1588071199968
Атам алтыншы перзенті әкем Серік пен келіні Мәрукеннің қолында болды. Серіктен 2 немере сүйіп, өз қолында тәрбиеледі. Әсіресе, үлкен немересі ағам Нұрсұлтан кішкентайынан атама жақын өсті. Атам бізге әркез ақыл айтып, ерекше мейірімін төккен жан. Атамның берген тәлімтәрбиесінің арқасында біз өнегелі отбасында үлгілі оқушы болдық. "Адал болыңдар, адам болыңдар, ешқашан елімізді, жерімізді сатпаңдар, оны қорғаңдар, еңбектеніңдер" деген сөздері әрдайым жадымызда. Осындай тәрбиеден кейін біз оқуымызды жақсы аяқтап, еңбекке де араласып кеттік.
Сіз осы күндері жанымызда болғаныңызда ғой… Біздің үйде Жеңіс күні үлкен мейрам болатын, атам жыл сайын көктеммен бірге келетін Ұлы мейрамда омырауына медальдарын толтыра тағып, жиындарға қатысып, жас жеткіншектерге батасын беруші еді.
Ол кезді қазір сағынып еске аламыз. Бұл күнде атам тірі болғанда Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында 5 мамыр күні 94 жасқа толар еді.
Сағындық ата өзіңізді!..
 Ақниет НҰРМАН.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓