Ерлер даңқы өшпейді

Ұлы Отан соғысы талай қыршын боздақтың өмірін қиды. Ел басына күн туған сол бір нәубет жылдары шыбын жанын шүберекке түйіп, отан үшін от кешкен жандардың бірі – жерлесіміз Шайсұлтан Биекин.
Шайсұлтан Биекин 1942 жылы майданға аттанып, 708-ші атқыштар полкінің құрамында Ленинград шайқасына қатысты. Неміс басқыншыларының стратегиялық маңызы бар қаланы тездетіп басып алғысы келген жымысқы әрекетіне тойтарыс беріп, жауға қаймықпай қарсы тұрған ержүрек жауынгерлердің қатарынан табылды.
Талай қанды қырғынды бастан өткерген Ш.Биекин 1943 жылы соғыста ауыр жараланып, елге оралады. Соғысқа дейін Жанкелдин ауданының Саға ауылдық кеңесінің хатшысы болған. Ұзақ жылдар бойы ауыл мектебінде сабақ берді.
Шайсултан Биекин майдангер
1954 жылы А.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын бітіргеннен кейін, мектептің оқу бөлімінің меңгерушісі болды. Партия нұсқауымен аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Аудандық кәсіподақ ұйымының төрағалығынан зейнеткерлікке шықты. Еңбек демалысында да қызметтен қол үзбеді.
Наградалары да аз болған жоқ.Алайда, майдангер үшін "Отан соғысы" ордені мен "Германияны жеңгені үшін" медалінің орны бөлек болатын.
«Орнында бар – оңалар» деген. Артында қалған жалғыз тұяғы Қапар ағай елдің сыйлы азаматы. Әке ізін жалғап партия жұмысында, кәсіподақ саласында тер төкті. Еңбек ардагері бүгінде ізін жалғар перзенті Арманнан атқамінер немерелер сүйіп отыр.
Мұрат
 Жүнісұлы
 Еске аламын атамды
Торғай жұрты құрметтейтін сыйлайтын,
Туған — туыс басын қосып жинайтын.
Ел біледі Шайсұлтандай атамды
Елін, жерін жамандыққа қимайтын.
 
Көп естиміз ерліктерді бірталай,
Соны айтпай жай табады тіл қалай?
Сын емес пе немере атқа атамның
Еңбектерін жүрсем егер жырламай!
 
Қару алып соғысқа да қатысқан,
Елге оралды жаралы боп оқыстан.
Туған жерге туын тігіп, басшы боп
Туған елдің топырағымен тоғысқан.
 
Көмек берген ағайынның бәріне,
Көңіл бөлген жағдайы жоқ зәруге.
Қолын созған көнілдерін қалдырмай
Көз көргендер айтып жүр ғой әлі де.
 
Тірі болсаң 96 — ға келер ең,
Туған елге талай терді төгер ең.
Ата сені мақтан тұтып еске алған
Ең сүйікті Арман атты немерең.
 
Есімімді атам қойған Арман деп,
Арманымды құдай бере салған деп.
Бойымдағы жақсы қасиеттерім
Мұра болып сол атамнан қалған тек.
 
Арман Қапарұлы.
Арқалық қаласы.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓