Балақайдың тұсауы онлайн кесілді

Карантин басталғалы онлайн өмір қыза бастады. Онлайн сұхбаттар, кездесулер, сабақ, концерттер де еш кедергісіз өтіп жатыр. Бірақ онлайн тұсау кесу дегенді естігеніңіз бар ма?! Қостанайлық сері жігіт Марғұлан Оспанов карантиннің шектеуіне қарамастан сыныптас досының кішкентайының тұсауын офлайн емес, онлайн кесіп тастады. Қуанышты жаңалығымен ол өзінің "Фейсбук" парақшасында бөліскен еді.
тұсау 1
– Өмірімде алғаш рет баланың тұсауын қашықтан кесіп отырмын. Құрдасым, бала күнгі досым, сыныптасым Айдос «ұлымның тұсауын сен кесесің» деп жүретін. Содан алғашында карантиннің бітуін күтіп жүрдік. Бірақ өкініштісі бұл карантин созылып кетті. Шақырып қойған қонағын да кейінге қалдырды. Үйіне қонақсыз өздері ғана бас қосып, маған "тұсауын кесем деп едің, келе аласың ба" деп өтініп тұр. Енді мына жағдайда ешқайда шыға алмайсың, заң баршаға ортақ. Сөйтіп, үйден шақпай-ақ онлайн тұсау кессек деген шешімге келдік. Көңілін қимадым. Оның сыртында кіндігін кеспесе де өкіл әке, шеше болып жүргендер бар. Мұнымыз оғаш болмас деп сәбидің тұсауын шын ниетпен кесіп жібердік. Мұнымызға күліп жатқандар да, керісінше ақ батасын, тілегін жаудырып жатқандар да баршылық. Бастысы ниетіміз оң. "Қадамына бақыт тілеймін! Қазақтың қыраны болсын, Алаштың ұраны болсын, Ұлтының ұланы болсын, Жұртының жыр-әні болсын" деп онлайн батасын беріп, ақ жол тіледім. Сый сияпатын да жасап жатыр. Сөйтіп Алланың қалауымен баламыздың тұсауы кесілді. Балам таңдау жасап, көп заттың ішінен қасиетті домбыраны таңдап алды. Ата-анасы да «ақын тұсауын кесті, баламыз домбыраны қолына алды» деп қуанып жатыр. Сөйтіп тарихта болмаған алғашқы онлайн тұсау кесер болды. Карантин аяқталып, індеттен аман құтылсақ, Алла қаласа міндетті түрде сыйлығымды алып барып құттықтаймын,– дейді Марғұлан Оспанов.
тұсау 2
Міне, ешқандай карантинге қарамастан Айтөренің де тұсауы кесіліп, шауып жүр.  Ал сіз мұндай жаңалыққа қалай қарайсыз?
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
 
 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓