ЖАЗБА АЙТЫС: Батырлан мен Дина

Ұлы Абайдың 175 жылдығына арналған "Мен бір жұмбақ адаммын…" республикалық жазба айтысының екінші айналымында жыр-жарысқа түсетін келесі жұппен таныс болыңыздар. Бүгін назарларыңызға арқалықтық Батырлан Сағынтаев пен алматылық Дина Бөкебайдың айтысын ұсынамыз. Зер сала оқып, өнерпаздардың лайықты бағасын бере отырыңыздар!Батырлан-Дина
 
                                          БАТЫРЛАН:
Дүниенің іздегенде кең, дүр шағын,
Көзді арбап болып бізге ол бір сағым,
Адамзат арпалысқан ауыр сырқат,
Алып дерт алған билеп жер құрсағын –
Келтіріп жанға қаза, жұртқа аза,
Кетірсе көркем жатқан елдің сәнін,
Жаныңа демеу болсын деген оймен,
Жырымнан жайлап ескен мөлдір сарын,
Үкі көз қалыптағы үрейлі елге,
Үмітпен жыр тілекті мен жұмсадым –
Жаратқан шипа берсін, уа, жамиғат,
Жүрекке дерт жаманы қалдырса мұң.
 
Шер батқан нұр-діліне шемен қонған,
Кімдер бар дүр Абайға терең барған.
Алаштың құбыласы болатындай,
Арлы ойға нәр жинасақ кемел жаннан…
Мысқалын алсам да деп мың батпанның,
Кеткен жоқ хакім сөзі кең ордамнан.
Бірақ та асыл сырын аңғарғанша,
Өтіп те кететіндей өлең-жалған.
Махаббат ғадауатпен майдандасса,
Ғазезім, жүрегіңнен сөнер ме арман.
Дауасын таппасам да сол жүректің,
Дертім бар өлең атты сенен қалған.
 
Домбыра алмасақ та безіл қаққан,
Жанымыз жырақтамас саз-ырғақтан.
Айттым сәлем қаламқас қарындасқа,
Ағаның ойын байқап, сөзін баққан.
Осынау жазба айтыста көп шайыр бар,
Кілең дүр әр сөзінде әзір қақпан.
Құлпырған қыз дегенде талайының,
Бұлқынған жүректері сезім жатқан.
Таланың бірақ бізге тоғыстырса,
Бұл-дағы деп бұйырған жазу Хақтан,
Жолдадым жыр-сәлемді, қалқа бала,
Жетер деп жылы лебіз өзің жақтан.
 
ДИНА:
Бісіміллә, сөз бастар ақындарың,
Ой толқытар алыстан шақырған үн.
Талай қанды зұлматқа қарсы тұрып,
Дәрменсіз мынау қазір отырғаным.
Тәжвирустың салтына көндіге алмай,
Тасыған арнасынан жатыр қаның.
Жеті жыл жұт келсе де жасымаған
Вирусың өшіре алмас отыңды әрі.
Айтыс көріп, ән тыңдап, үйден шықпай,
Бәлеге дұрыс болар шатылмауың.
Ал, енді Абайды оқып ұл-қызыңа
Танытып қой қазақтың хақ ұлдарын.
Адасқанның алды – жөн, арты –соқпақ,
Адамдық туын көтер батыл, кәні!..
Еңсеңді көтергейсің, елім менің,
Етегіңнен ұстадым, тоқым қағып.
Көңіліңнің сахнасынан биік жер жоқ,
Айналайын алдияр оқырманым!
 
"Қалқам" деп ағатайым тіл қатқанда,
Көңілде ақтарылмас сыр жатқан ба?!
Өлеңнің өлкесіне аттаныппыз
Әлдилеп аппақ жырды құндақтауға.
Ендеше, сізге сұрақ қояйыншы,
Көкейің домбырасыз жырлатқанда.
Кезіксеңіз Абайдай дараңызбен,
Не сұрайтын едіңіз жырлап таңда?
Тыңдаймын тек десеңіз болады рас,
Тәмсілін жазып алып, үн қатпауға.
Бір жұмбақ жасырайын және де мен,
Мұнымды, ағатайым, бұлдап қалма.
Түсімде көрдім бөлек қазынаны,
Тиіс екем мен оны ұрлатпауға.
Бояуға ұқсас өзгертер аққа, бірақ
Еш жерде сатылмайды шындап қара.
Өзгені аққа балап, тазартқанмен,
Өз түсі сол нәрсенің кіл қап-қара.
Жауабын ойланбастан білерсіз-ау,
Жұбыммен отырайын бір мақтана.
Дүниеде шешпеген, шешілмейтін
Адам жанынан артық жұмбақ бар ма?!
 
БАТЫРЛАН:
Қайратым қара өлеңнен арымаған,
Танылды жұмбағыңның мәні маған.
«Қазына»  – Абай сөзі құн жетпейтін,
Ала алмас айырбастап тағына хан.
Түсіңде көрсең оны, түйсіксіздер
Түсініп тағылымын танымаған.
Сәулелі ой «аққа өзгертер бояуға ұқсас»,
Сиямен өрнектейді оны қалам.
(Әбішті Абай сынауы есіңде ме,
Берерсің сол мысалға тағы да мән)
Хәкімнің «Қара сөзі» түсі қара,
Тазарар ішіне енсе халық әмән.
Қазақтың ары да Абай, жаны да Абай,
Таңқалған тағылымына кәрі ғалам.
Еш жерде сатылмайтын құндылығым,
Кірлемей тұрсын жан мен арым аман.
Жауабы жұмбағыңның осы, қалқам,
Көңліме жүрме енді салып алаң…
Дүниеде шешпеген, шешілмейтін
Жұмбақ жоқ, ұғына алса мәнін адам…
 
Кез келсе жырменен сыр шерткен аға,
Қалмассың, қалқа бала, шетте ғана.
Замана жатқанында запыран құсып,
Ақылдың ақ сәулесін төк санаға…
Қос мінез Абай айтқан қазақта жоқ,
Десек те қанша уақыт өтті арада.
Өзі ермей, ерік бермей, жұрт қор етіп,
Ел отыр «ел басына» кек-налада.
Келтірер ерге – налыс, елге – намыс,
Екеуі болғаннан соң серттен ада.
Намысқор келмегесін нәмарт мінез,
Сатылды шетелге – жер, шетке – бала.
Сәбиі отқа оранып «ел төрінде»,
Көз жасын күңіреніп жүр төккен ана…
Айрылдық ар мен намыс, ақыл-естен,
Мұнымды жалған екен деп қарама.
Деп едің «Абайдан не сұрайтын ең?»
Дәл соны бұйыртса егер Хақ Тағала,
Көк тұман – келер заман күткен елге
Табылар жол сұрар ем дертке дауа.
 
…Думаны мағынасыз ду-ду еткен,
Дүбәра, дүмбілез көп бұл күні өктем.
Үйренер таппай жақсы үлгі көптен,
Үйріліп үй басына шуды үдеткен.
Келелі кеңес бастар нар азайып,
Келеде көйіншік көрт туды үлектен.
Құладын қуға ұмтылып айдын көлде,
Сары шымшық самұрықты қуды көктен.
Таңқалған тұтас ғалам шұғыласына,
Тоқымдай бұлт жасырды күнді көктен.
Заһарын зәмзәм суы деп ұсынып,
Сары үйек иіріліп улы леппен,
Делқұлы ел дегдарын ұрды беттен,
Ұрғаны сүйекке өткен зілді неткен.
Көр-көзі сұм заманның үңірейіп тұр,
Жегідей жұлыныңды үңгіп өткен…
Көңілім, неге сонша зарланасың,
Сырыңды көп шуылдақ білді деп пе ең.
Сен түгіл бұл заманға дауа таппай,
Күңіреніп Абай да өткен жыр-жүрекпен.
 
Жырменен желі тартсам мұң бар күннен,
Сырымды шын ұғынып кім бар білген.
Мұнымды, қалқа бала, айып етпе,
Өте алмас жан емеспіз сыннан мүлдем.
Білер деп сөз қадірін, жаздым саған,
Бөлісе бермеуші едім сырды әркіммен.
Әрине, нені ойласаң өз еркіңде,
Әйтеуір бітеу кеуде бір жанмын мен…
Өзің де бір бала едің бақшадағы
Тең көрген бүршік атып тұрған гүлмен.
Тілеген гүл-ғұмырың тұр алдыңда,
Тамырын терең тартар жыр-жаңбырмен.
Адаспай жалғасы боп жүре білсең,
Жолменен Зере менен Ұлжан жүрген,
Ілініп алқаң айдан, сырғаң күннен,
Ізетті апталады тұлғаң нұрмен.
Ал, енді кезегің ал, айналайын,
Тыныстап мен де алайын жырдан бір дем.
Жаныңның сыңғыр қаққан қоңырауындай,
Бір тіл қат жүрегіңде тұнған жырмен.
 
ДИНА:
Дүние кімнен қашқан, кімді қуған?
Байлық та тұрар жүріп, мың құлаудан.
Қазынам бар екені рас, сол жайын
Ойлаумен ұйқы қашып, түндік ауған.
Қара сөзі Абайдың сатылмайтын,
Қайта-қайта соғатын бір құбылам.
Жайдақ судай жалпының үлесінде,
Қазынамды сақтасам, құнды жалған.
Ағамды шабысынан ойлап едім,
Жұп еткенде айтыскер құрбылардан,
Жұмбағымның шешімін табар-ау деп,
Мынау жұмбақ заманда мың құбылған.
 
Бір қайғы мың қайғыны қозғатқанда,
Жаныма жала да емес, сөз батқан ба?!
Құр қуыс кеуделілер ойнар, күлер,
Ішіп-жеп,ақшасына мәз боп қолда.
Мыңмен жалғыз алысар Абай хәлін,
Түсінбесе мына жұрт озбақ па алға?!
Қақпан құрып жақсысы, жайсаңына,
Ұлыларын сілтеген бәз қақпанға.
Ақыл, ой, ар, санамен артық болса,
Адамдар бір-бірінен озбақ сонда.
Ұлжанның ұлағатын ұғынатын,
Қуанам, соны көрер көз тапқанда.
Құнанбайдай жеткізсе халық ұлын,
Әкелерге бүгінгі тозбақ бар ма?!
 
Қоңыр үннен ада болып сахнам,
Естілігі есеңгіреп жатыр ән.
Адамдар бар аумайтұғын талғамы,
Айтқаныңды қайталайтын тотыдан.
Не естісе, соны ғажап санайды ел,
Айырылған қоңыр болмыс отынан.
Біржан әнін тыңдаймын да, үкілеп,
Қиялымды сол ауылға шақырам.
Ұстарасыз мұрты түсіп аузына,
Қалған қазақ елестейді қапыдан.
 
Елім деймін, надандығың еңіреп,
Бал жейміз-ау, балың да у татыған.
Мінбелерге лайық ұлдар кетті ғой,
"Елді сүйем" деп салмай-ақ жат ұран.
Сізге қойған сұрағыммен мұң кешіп,
Кей уақта ой бағында отырам.
Мен Абайдан сұрар едім кешірім,
Өзі туған ғасырының атынан.
Өзі туған қазағының атынан.
 
БАТЫРЛАН:
Айтуға ел жайында тілің жатық,
Жырлапсың жұрт тынысын бір үн қатып.
Ішіп-жеп қуыс кеуде ойнап-күлсе,
Азғынға ар-иманын жүр ұрлатып.
Ар, сана, ақыл артық дегенменен,
Ақша мен мансап болды бүгін «бақыт»…
…Құнанбай тәрбиелеп, болғаны рас
Ата емес адамзаттың ұлында құт.
Әкелер халық ұлын жеткізгенмен,
Әлі көп өзгермеді-ау ұғым, уақыт.
Қазірде қақпан аз ба ел ұлына,
Ақиқат жоқ демессің мұнымда түк.
(Есіңе Абай сөзін бір аларсың,
Жатқа айтар жан болсаңыз жырын жақұт)
Жаны аяулы жақсыға қосамын деп,
Әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып.
 
Қарсы алса Абай ауылы сый-қонақты,
Сал үні сән-санатқа жиды алапты.
Қиялың, қалқа бала, сол ауылда
Сал Біржан теңгермеген би-манапты.
Қазаққа қайта оралмас қайран дәурен,
Көрмей-ақ сағынамын кейде қатты…
Кәусар үн қайда бүгін қанып ішкен,
Тамырыңды даңғаза-ду қидалапты.
Назды әнмен нәр беретін жан-діліңе,
Назымдар жоғалтып ап инабатты,
Құр айғай бақырғанды ән көріп жүр,
Келтіре алмас жігіт қирағатты…
«Адамды заман өсірер, — деген Абай, –
Жаманға замандасы виноват-ты».
Кінәлі кім еді деп не қылайық,
Ән-дәурен ұша алмаса күй қанатты.
 
Перзентім деген ұлы шенге сенген,
Сыбаға тартылады елге шерден.
Мінбеге лайық ұлдар кеткен болса,
Кімің бар айықтырар сор-кеселден.
Мына жұрт не қайырды күте алады,
Мансапқұл бойда маңызы кем мешелден.
Бір қайғы жүз қайғыны қозғаса да,
Айрылар деме бірақ ел көсемнен.
Жолына шамын жағар бір жайсаңның,
Болмаса ел көңілінде сәуле сөнген.
Адамдық диханшысы қырға шықса,
Көрінбес надандықтың пендесі өрден.
Кешірер Абай сонда өз қазағын,
Өзіңнің ғасырыңды, сен, кешер ме ең?
Үмітін үзбек, қалқам, қайратсыздық,
Күтелік жақсылықты ендеше елден…
 
ДИНА:
Дейсің өз ғасырыңды кешірер ме ең,
Шынымды жасырайын несіне елден?!
Бұрымдым күң болмасын, тұлымдым құл,
Деп аңсар аз қазақтың көшіне ергем.
Жыртықты бірге жамап, бүтін болсақ,
Ғасырдың қазағына өшігер ме ем?!
Құмалақ көп болмаса шірітетін,
Жастар бар жұртын ойлар, есі кірген.
Өтірік, өсек, мақтан, мал шашу мен
Еріну қақпайтұғын есігінен.
Қанағат, рақым мен терең ойлау,
Еңбегі, талабымен өсіп-өнген.
Жақсы, жаман күресі Абай айтқан
Жаныңның аяқталар шешімімен.
Кешірем, себебі әркім өз бетінше
Ғасырды жасайтыны есіме енген.
Абайдай жігіт тауып ғасырымнан,
Абайдай ұл өсірсем – несібемнен.
Бұл ғасырда тумасам, білім-досқа,
Қолымды сермеуге де кешігер ме ем?..
 
Айналып абызымның тілегі өңге,
Қазағым адамдықтан түлегенде,
Бөркімді лақтырмай-ақ көкке мынау,
Жырыммен топыраққа гүл егем де.
Ең жаман адамның да елге жақпас
Айналар күні туар жүрегі елге.
Тектілік шамырқанса тамырыңнан,
Тағдырың айналмасын Құлагерге.
Тәуелсіздік мейрамын тойлап жатып,
Еріксіз елти берем бір әуенге:
Қаратаудың басынан көш келмесін,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келмесін…
Тұқымың жайылғыр ел, сына көрме!
Қазақ боп, қаны таза, жаны таза,
Ұлтымыз ұрандатса бұл әлемде.
Таусылмай жыр дастаның, аға, сенің,
Айтылар аңызы бол дұғалы елге.
Ғұмырым(ң) татыса екен, тілейтінім
Шіркін-ай, Абай жазған бір өлеңге!

Читайте также:

комментария 2

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓