Дәрігерлер дән риза

Президенттің індетпен күресіп жатқан медицина қызметкерлеріне көмек көрсету туралы тапсырмасы шешімін таба бастады. Бүгінгі таңда қостанайлық дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлері де бұл қолдау-көмектен шет қалып жатқан жоқ. Осы орайда, Тобыл қаласындағы провизорлық стационарда еңбек етіп жатқан ақ желеңділер де үкіметке өз алғыстарын білдіруде.
 
Ләззат ЕРЕЖЕПОВА, облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің фтизиатр-дәрігері:
-26 наурыздан бері Тобыл қаласындағы провизорлық стационарда жұмыс істеп жатырмын. Ал, 4 сәуірден бастап өзіміз де карантинде жатырмыз. Жергілікті биліктің қолдауымен провизорлық стационардың барлық қызметкері “Дружба” санаториіне орналастырылды. Онда да, мұнда да барлық жағдай жасалған. Жеке гигиеналық заттар да жеткілікті. Вирус жұқтырғандармен жұмыс жасап жатпасақ та, карантинде жатқандармен бірге бірнеше күн сыртқа шықпай, отбасымыздан, туғандарымыздан жырақта болу әрине бізге де оңай емес.  Дегенмен, жақындарымызға қауіп төндірмес үшін көндігуімізге тура келеді. Жұмысқа арнайы көлікпен тасиды, яғни бір ізбен барып, бір ізбен қайтамыз. Ешқайда соқпаймыз. Үйімізге бармағалы екі аптадай болып қалды. Жатар-орын да, ішер тамақ та тегін. Оған қоса, үстемеақымызды да алдық. Бұл бізге моральдық жағынан да, материалдық жағынан да үлкен қолдау деп есептеймін. Мемлекет тарапынан медицина қызметкерлеріне жасалынып жатқан қолдауға шексіз риза бола отырып, өз атымнан және осы жерде күндіз-түні еңбек етіп жатқан барлық дәрігерлердің атынан Президентке, жергілікті билікке алғыс білдіремін. Ең бастысы, сақтық шараларын қатаң сақтап, эпидемияны таратпау үшін барымызды салып жатырмыз.
лаззат ережепова
 
Дина ЕРҒАЛИЕВА, облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің медбикесі:
-Әрине, басқа өңірлермен салыстырғанда біздегі жағдайға шүкіршілік етеміз. Мәселен, Нұр-сұлтан мен Алматы сияқты өңірлерде дертпен күресіп жүрген дәрігерлердің еңбегі айтпаса да түсінікті. Біздің Қостанай өңірінде де бес жағдай тіркеліп, бір қайғылы жағдай орын алды. Жергілікті медицина мамандары да қолдан келгенше күресіп жатырмыз. Алайда, жұқпалы індеттің көпшілікке тарап кетпеуіне әрбір азамат атсалысса, ол үшін үйден шықпай, сәл шыдамдылық танытса екен дейміз. Біз де отбасымыздан жырақта жүріп, карантинде жатқандарға қажетті көмек көрсетіп, күні-түні олардың денсаулығын бақылаудамыз. Жергілікті билік тарапынан біздің стационардың медицина мамандары арнайы жатар-орынмен қамтылды. Себебі, 4 сәуірден бері өзіміз де карантинде жатырмыз, жұмыстан шыққан соң дереу үйге емес, “Дружба” санаторийіне тартамыз. Осының бәрі жақындарымыздың, елдің амандығы үшін.  Оңай емес. Отбасымызды да сағындық. Әйтеуір, Президентімізге рахмет, осындай қиын-қыстау кезеңде медицина мамандарына да қолдау білдіріп жатқан. Әрине, еңбегімізді бұлдамаймыз ғой. Дегенмен, бұл бізге үлкен қолдау деп білемін. Еңбегімізді елеп, қаржылай қолдау білдіріп жатқандары осындағы барлығымызды зор қуанышқа кенелтіп отыр. Ең бастысы, карантин мерзімі аяқталып, сырқаттанып жатқан жандар дертінен айығып, біз де тезірек үйімізге қайтсақ екен. Еліміз тыныш, халқымыз аман болсын деп тілейміз.
Дина ергалиева медсесра
 
Жұмакүл СЕКСЕМБАЕВА, санитар:
-Менің облыстық туберкулезге қарсы диспансерінде санитар болып істеп жатқаныма он жылдан асты. Өздеріңіз білесіздер, санитарлардың жұмысы оңай емес. Қазіргі елдегі жағдайға байланысты 26 наурыздан бастап Тобыл қаласындағы провизорлық стационарда санитарлық қызмет атқарып жатырмын. Карантинге алынғандарды қабылдап, оларды зарарсыздандыру жұмыстары менің міндетім. 3 сәуірден бері біз де карантинде жатырмыз. Өзім Қостанай ауданының Қазақстан ауылында тұрамын. Отбасымды көрмегелі екі аптадай уақыт болды. Бала-шағамды сағындым. Амал жоқ, шыдамдылық танытуымыз керек. Осындай қиын сәтте бәріміз бірге болуымыз қажет. Облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін қадағалау департаментінде лаборант болып қызмет істейтін ұлым Нұрболым да екі аптаға Астанаға көмекке кетті. Ол қазір нағыз ауру ошағының ортасында жүр. Күні-түні адам өмірі үшін арпалысып жүрген баламның амандығын Алладан тілеп отырмын. Бізге қаржылай көмектесіп жатқан билікке де айтар алғысымыз шексіз. Сыйақы да, үстемақы да алдық, өз басым көңілім толады. Бастысы, еліміз індеттен ада болып, тезірек бұрынғы мамыражай күнімізге оралсақ екен. Елдің тыныштығы мен халықтың амандығынан басқа маңызды ештеңе де жоқ!
санитаркасанитаркаұлы1санитарка ұлы
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, жалпы, облыс бойынша бүгінге дейін 274 медицина мамандарына 41,7 млн теңге үстемеақы (оның ішінде, екінші санаттағы қалыпты жағдайда жұмыс істейтін 186 медицина қызметкеріне 34 млн теңге, ал үшінші деңгейдегі қауіпсіздік жағдайында жұмыс істейтін 88 медицина қызметкеріне 7,7 млн теңге) төленген көрінеді.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓