ЖАЗБА АЙТЫС: Нұрдәулет пен Злиха

Қостанай облысы әкімдігінің Ішкі саясат басқармасы мен облыстық "Қостанай таңы" газетінің ортақ жобасы – республикалық жазба айтыс жалғасын табады. Ақындар аламаны биыл ұлы Абайдың 175 жылдығына арналып, "Мен бір жұмбақ адаммын…" деген тақырыпта өтіп жатқанын естеріңізге саламыз. 
Сонымен, бүгін жазба айтыстың екінші айналымын бастағалы отырмыз. 18 үміткердің ішінен кезекті кезеңге он ақын жолдама алған еді. Ендеше, қазылар шешімімен іріктеуден өткен өнерпаздардың алғашқы жұбымен таныс болыңыздар. Олар – Нұр-Сұлтан қаласының дара жүйрігі Нұрдәулет Өмірбеков пен Торғайдың дегдар дарын Злиха Кенжеғозина. Қос ақын жоғары деңгейлі айтыс жасап, қошеметтеріңізге ие болады деп сенеміз!New Project
 
Нұрдәулет:
Бисмиллә, сөз бастадым әз-жүрекпен,
Құшағын айқара ашса назды көктем.
Армысың, Алла деген адал жұртым,
Аумайтын көңілдері ақ жібектен.
Анамыз жоқ адасқан ардан тайып,
Атамыз жоқ соңынан азғын ерткен.
Алайда басымызға сынақ келді,
Көктемде соққан селдей озбыр, өктем.
Бүкіл әлем бүк түсіп бұл күндері,
Арыла алмай жүр әлі "тәжді" дерттен.
Бірақ, қазақ сарсаңға салынбастан,
Абайды оқып, өлең мен сазды үдеткен.
Өйткені "Абай жолын" жаңғыртуға,
"Абай жылы" деп атау аздық еткен.
Қазағым, тектіліктің төресісің,
Жүрегіне өлмейтін ән-жыр еккен.
Аурудан бас көтермей жатса-дағы,
Аруағына бас иіп тағзым еткен.
 
Қалмастан қазағымның көңлінен шет,
Жарасар жыр жазуға жеңді керсек.
Бөлін десе бүйрегі бұрушы еді,
Бұл елдің тарихынан белгі берсек.
Ұлы жүз, Орта жүз бен Кіші жүз деп,
Үш жүзге сыйыпты ғой елді бөлсек.
Ол аздай ру-тайпаға тағы бөлдік,
Дегендей арқамызды "кең жіберсек".
Маусымдық жайылым деп көшіп-қонып,
Ел түгіл бөліппіз ғой жерді де өлшеп.
Іргеден індет келіп жайылғанда,
Болудан қашып жүрміз енді бөлшек.
"Үйді-үйге бөлін" десе шыдай алмай,
Сынаймыз шекпенді мен шенді көрсек.
"Бір-біріңнен алыс жүр, сақтан" десе,
Жақындарды еске алып елжіреуші ек.
Табандылық танытып, сақ болшы, елім,
Болмайды бейқамдыққа ендігі ерсек.
Бірлігіңнің белгісі осы болсын,
Бөлінудің көкесін енді көрсет.
 
Етегінен ұстай сап ағамыздың,
Қыз күніңнен біржола хабар үздің.
Ақ көңіл, ақ жеңешем, аманбысың,
Жырлағанда тіліңнен бал ағыздың.
Бірі едің жас күнінен топқа түсіп,
Дамыл таппай жүретін дара қыздың.
Бұл күні заңды иесі болып алдың,
Ақ неке, адал жар мен адал іздің.
Ғалымгерей ағаң да "шаппай" жеңіп,
Тобымыздан көрінді жаңа біздің.
Алтын құрсақ айналдым анаңыздан,
Батасын алған сынды дана абыздың.
Қос перзенті бәйгеге басын тіксе,
Бас бәйгесі сол шығар анаңыздың.
 
Күннен көркем екен-ау көркің мүлдем,
Ағамыздың лаулатар өртін бірден.
Жақсы мен жайсаңдарды жақын тартқан,
Жеңешеммен айтысып серпілдім мен.
"Күйеуімді тастамай ап жүрем" деп,
Жан едің мінбелерде еркін күлген.
Алқалы топқа түсіп ағасымен,
Толғанған тоқсан ойлы толқын жырмен.
Финалға да Әсетпен қатар шығып,
Көңілдің әсем күйін шертіп жүрген.
Айналдым қардай әппақ көңіліңнен,
Салдар мен серілердің сертін білген.
Жанына жолап кеткен жанның бәрін,
Жол ортада қалдырмай ертіп жүрген.
 
 
Злиха:
Ақын ем жарқылдаған ақ алмастай,
Жүрсем де додаға көп қадам баспай.
Армысың, Аллам сүйген ардақты елім,
Сөзімді бастамаушы ем амандаспай.
Нұрдәулет, аманбысың, ақын інім,
Бұл өзі жақсылыққа сараң жастай.
Әпкеңмен айтысудан қашқалақтап,
Екі күн жатып алдың хабарласпай.
Менімен жұп болғаның жақсы болды.
Мықты болмас көкжалмен бөрі арбаспай.
Еңбектеніп жүр бүгін барлық адам,
Алшайып аяқтарын қоғамға аспай.
Өнерде өрге жүзіп келемін мен,
Өзімді баулыған соң соған жастай.
Жастарға үлгі болар сөз сөйлейік,
Билікті қалың елге жамандаспай.
"Алла " деп, ал, қанекей, бір сөйлейін,
Басымнан тұрған кезде төр алмаспай.
 
Сөйлейін тілге берсе Тағала құт,
Орнына домбыраның қалам алып.
Алланың жолымен жүре берсем,
Басыма бақтың құсы қонары анық.
Қос ақынды әкелген дүниеге,
Абайдай тумаса да анам алып.
Тәңір берген таланттың арқасында,
Шабушы ем додаларда дараланып.
Әдепті бала болсаң Әсет сынды,
Қадірің артады ғой бағаланып.
Әдеп сақтап, әдемі сөз саптайық,
Айтысқа шыққаннан соң қалааралық.
Өңгеріп қанжығаға қарсыласты,
Үлкен һәм жас бала деп қарамадық.
Есіктен кіре сала "Төр мендік" деп,
Әпкеңе жүгірмессің садақ алып.
 
Алаштың арқа сүйер тірегі – біз,
Түрілер ел дегенде білегіміз.
Әлемді қандай кесел жайласа да,
Ешқашан жасымасын жігеріміз.
Жұмыла көтерген жүк жеңіл келер,
Әрдайым ел деп соқса жүрегіміз.
Санамызға сұм ойлар кіріп алып,
Тірліктен үзілмесін күдеріміз.
Әр адам өз үйіне қамалғанмен,
Бір жерден шықсын арман, тілегіміз.
Соғыс пен аштықтан да аман қалған,
Жеңеді бұл дертті де ұлы еліміз.
 
Отырмын сәлем жолдап Торғайымнан.
Төгілсін тәтті жырлар таңдайымнан.
Қазақты қолмен санап бөле берсең,
Сипамас ешкім сенің маңдайыңнан.
Аш құрсақ, ашық ауыз студентсің,
Мен сенің хабардармын жағдайыңнан.
Мектептен қашып жүрген оқушыдай,
Білімді алып жүрсің онлайннан.
Ғалымгерей ағамды шаппады деп,
Мін іздеп отырмысың нардай ұлдан?
Сенің де шабысыңды байқадық қой,
Шабан аттан болмады жөнді айырмаң.
Құдайдың қалауымен қар да жанар,
Сондықтан да шықпасын Алла ойыңнан.
Жеңем деп желпілдеген талайлардың,
Беттерін текті сөзбен сан қайырғам.
Злихаға көп ақын қақпан құрып,
Сол қақпанға өздері маңдай ұрған.
 
 
Нұрдәулет:
Ізгілер жүрміз салған ізбен еріп,
Арзан сөз, ойын-сауық іздемедік.
"Ақ көңіл, ақ жеңге" деп бойыңдағы
Жақсылықтың барлығын тізген едік.
Сен болсаң жерден алып, жерге салдың,
Көктемгі көңіл-күйді күзге беріп.
Арбасып отырсың ғой шыға сала,
Арбасын ашуыңның бізге жегіп.
"Жас демей қанжығама өңгерем деп",
Қуғалы келдіңіз бе сіз де желік?
Теріс ойдан аулақ бол, асыл жеңге,
Ашу-ызаң кетсе екен мұзбен еріп.
Пейіліңе береді бір Құдай да,
Мейіріңе кетейік біз бөленіп.
Сандалып, садақ алып жүгірмеспін,
Сабақ алып кетпесем сізге келіп.
 
Біреуден кем, біреуден жүрміз басым,
Төкпесін жұрт аманда ұл-қыз жасын.
Жауар бұлттай түнеріп қайнысына,
Бұл жеңгеміз бір ысып, бір мұздасын.
Еркетотай келін боп алғансың-ау,
Күн батқанда дайындар күндізгі асын.
"Қақпанға маңдайыңды ұрасың" деп,
Сыйластықтың қамалын бұл бұзбасын.
Қақпанымды құрам деп келгенім жоқ,
Бойымды бөтен ойға бұрғызбасын.
Бір Құдайдан тілерім бұл маңдайды,
Сәждеден басқа жерге ұрғызбасын.
 
Кез келсе сөз жүйрігін сынға салар,
Тарихқа таңбаланып жыр қашалар.
Қазақтың мөлтілдеген көз жасындай,
Алатаудың мөлдіреп жылғасы ағар.
Ақынды іздеп, шаршады ел өлеңшіден,
Сөзіне сай ісімен қылмас амал.
"Бас басына би болған өңкей қиқым",
Азғындар да халықты жылда шағар.
Ұйқысынан оятпай үнсіз ғана,
Тек қана қанын сорды-ау бұл масалар.
Тілсіз, дінсіз қалған ел қайда барар,
Дәрменсіздің дәурені бір жасалар.
Жүгенсіз кеткен асау секілденіп,
Хакімсіз анда шабар, мұнда шабар.
Қадіріңді білмеген, қайран Абай,
Жан болмады-ау сенімен мұңдаса алар.
Осындай ойсыздықтар орын алса,
Орныңды ойсыраған кім баса алар?
 
Айқастық, өлең – қару, өнер – майдан,
Шынықпай шыға келер шебер қайдан.
Аналардың ізімен жүрген жансың,
Бәйтеректей тамырын терең жайған.
Қайнысынан безінген қай кісі бар?
Ашуыңды тарқатып сен енді ойлан.
Жан-жағыңа жылулық бере алмасаң,
Жастықтың жалын оты сөнер бойдан.
Арына бекем болмай ару-аналар,
Арылмас ер опаттан, ел ойраннан.
Ерлеріңнің беделін езгіге сап,
Қоғамыңды қайтейін кері айналған.
Алтын басын кешегі аналар-ай,
Бақыр басты баладан төмен қойған.
 
 
Злиха:
Құймасай олай, інім, отқа май шын,
Аталы сөзге бүгін тоқтағайсың.
"Жеңге" деп жылмаңдайсың жөнді білмей,
Әйтеуір, қызыл тіл мен жаққа байсың.
Қарсыласты қамшылау міндетіміз,
Айтыста айту үшін батпан ой шын.
Біздерді миллиондаған кісі оқиды,
Сөйлерде сыпайылық сақтағайсың.
Түнерген қоңыр күзге теңей берме,
Менің ақ көңілімді мақтадай шын.
"Айтыс" деген тұрады диалогтан,
Сондықтан, жалғыз өзің шаппағайсың.
 
Сен менің қайным емес, інімдейсің,
Шаба бер аламанда сүрінбей шын.
Өзіңнен үлкендерге өктем сөйлеп,
Өткір сөз айтқандай боп күлімдейсің.
Тілекші екендігін түсінбестен,
Жүрегін бұл әпкеңнің тілімдейсің.
Бөтен сөзбен былғамай сөз арасын,
Абайдың әлеміне үңілгейсің.
"Пайда ойлама" десе де Абай атам,
Оның сөзін құлаққа бір ілмейсің.
 
Өсірген ұлы Абайдай ғұламасын,
Қазағым теңдесі жоқ ұлы анасың.
"Короновирус" дейтін індет шықты,
Халықты қылып қойған дүбәра шын.
Карантиннен босатып қалың елді,
Құдайым, қашан сыртқа шығарасың.
Бұл ауру адамзатты қойша қырып,
Елімнің көк байрағы құламасын.
Аяқ асты айырылып ата-анадан,
Қазақтың сәбилері жыламасын.
 
Батаменен көгерген ердің бағы,
Аққу-қазсыз шырқалмас көлдің де әні.
Ақынның жүректегі жырыменен,
Халқымның көңілдегі келді ырғағы.
Кешегі Қайраттардай намысты боп,
Керек кезде қазақтың бол құрбаны.
Абай, Жамбыл, Бұқардың сөздеріне,
Тоқтаған қарсы келмей ханның бәрі.
Елдің жайын жырлайтын мына бізбіз,
Бүгінгінің Абай мен Жамбылдары.
 
Үлгі қып Абай, Бұқар, Қашағанды,
Жар қылып жалғыз Алла, Жасағанды.
"Хакімсіз анда-мұнда шабады" деп,
Жырлайсың шаш ал десе, бас аларды.
"Елді оятпай, қандарын сорып жүр" деп,
Айтып отсың сен қандай масаларды.
Атын атап, түстерін түстемесең,
Дәл бұлай кезбей-ақ қой тасаларды.
 
 
Нұрдәулет:
Ар-намысты ту қылып атқа қонсам,
Жігітпін жарты жолда қаппаған шаң.
Не дейін, бір жылы сөз қия алмастан,
"Көңілім мақтадай" деп мақтана алсаң.
"Жалғыз шаппа" деп маған өкпелейсің,
Өзің біл шабытыңа от жаға алсаң.
Шамданып сөйлеуіңді доғармайсың,
Кісідей көңіліне жақпаған шам.
Жалғыз шаппай қайтемін, өзің енді
Шаңыма ілесе алмай артта қалсаң?
 
Күлімдемей, күңіренген күйді іздесем,
Игілікке басымды игізбес ем.
Сыйға сый, сыраға бал беремін ғой,
Сыр-сандықтан сияпат, сыйды үзбесең.
"Пайда ойлама" дегенді ұқпайсың деп,
Жөн білмесең несіне дейміз көсем.
Шалқып сөйлеп, аяқтан шала бермей,
Шаттықтың бал шәрбәтін құй бізге сен.
Пайда ойлаған кезім жоқ, ел-жұртыма
Керісінше пайдамды тигізбесем.
 
Қолда Құран, аузында Алласы бар,
Тағылымын тыңдаса, таңды асырар,
Қырандай қырағы көз тұғырлы елміз,
Құзғын емес жердегі қанға асығар.
Батырсынған жігітті жауда сынар,
Ақынсынған жігітті дауда сынар.
Кері кеткен қоғамның кесірінен,
Дарабоздың талайы дарға асылар.
"Абайдан да оздым" деп бір ақын жүр,
Ажалына асыққан жарға шығар.
Ол кім десең – Балтабек Нұрғалиев,
Төбешік бола алмайды тауға сыңар.
Жырына тіл сындырмай, тіл тигізсе,
Дауасыз дерттен қалай дау басылар?
Ақиқатын айтайық ары кетсе,
Өгіз өлер немесе арба сынар.
Осындай тентектерді тезге салсақ,
Сандалмай сау басына сауға сұрар.
Заманның ағысымен кете берсек,
Қосылар әлі талай арнасы бар.
Керуен кері қарай айналғанда,
Арттағы ақсақ түйе алға шығар.
 
Мен емес жөн білмейтін жәйбасарың,
Теріс сөйлеп төріңе жайғасарың.
Жамбылдардан үлгі алсақ, білесің ғой
Тарланбоздың тұяғын тай басарын.
"Атын атап, түстерін түсте" дейсің,
Алыстан көрінер деп ай да шағын.
Ахметтің масасындай бола алмаса,
Ойнатары белгісіз қайда сағым.
Қазақтың қанын сорған маса көп қой,
Атын атай берейін қай масаның?
 
 
Злиха:
Айтыста көсілуші ем әбден терлеп,
Қайтесің қара сөзге қан мен тер боп?
Құр сөз бен қара өлеңді шатастырма,
Бабалардың рухын қолмен жерлеп.
Үлкеннің сөзін ілмей құлағыңа,
Отырсың ақылымды шам көрген боп.
Сен менен асып түсем деп алқынып,
Ойың бар көкіректі әлден кермек.
"Інім" деп иілгенге ірі сөйлеп,
Барасың басқа шығып, әбден төрлеп.
Шаңыма ере алмадың деп айтардай,
Мен сенің шабысыңнан шаң көргем жоқ.
 
Бос сөзбен алдарқатпа сен еліңді,
Жастарға көрсетейік керек үлгі.
Жасындай жарқ етпесең шын талантпен,
Білмейсің қашан, қалай сөнеріңді.
Ұқпадым, жалғыз ұлым секілденіп,
Жылы сөз қия алмадың дегеніңді.
Теңеуіңде толып тұр қателіктер,
Отырмын көрмеген боп мен оныңды.
Әр сөзімнен кемшілік іздей бермей,
Одан да, інім, алсаңшы менен үлгі.
Құныңды жүлде үшін түсірердей,
Құдай-ау, бүгін саған не көрінді?
 
Жүйрікті баптамастан мінбеген ек,
Өлеңсіз бір күн өмір сүрмеген ек.
Тәңірім сыйлаған соң шын талантты,
Өмірін данышпандар жырмен өред.
Менімен дос болудың орынына,
Бауырым шабысымды күндеп әлек.
Бағыт сілтеп айтыстың шартын айттым,
Бірақ та тіс батырып, тілдемеп ек.
Көңілімді жығардай көлгір сөзбен,
Көкейіңді тескені жүлде, демек.
Абайды оқығанмен түсінбесең,
Ұрпағы боп жүргенің кімге керек.
 
Тартыспен текке сөйлеп, дараланбай,
Ел жүгін арқалайық қара нардай.
Атыңа сын болады ақын деген,
Үлкеннен жүрсең егер сабақ алмай.
Бәрібір мінезіңді көрсеттің ғой,
Мұғалімін тыңдамас балалардай.
Өз сөзіңде сен бала тұра алмадың,
Айтысам деп ең қолға садақ алмай.
Елдің жайын қозғап ем, үндемедің,
Бұл індеттен хабары жоқ адамдай.
Атыңа сын болады ақын деген,
Бақыра бермесеңші барабандай.
 
 
Нұрдәулет:
Жүйрік болмас қалса егер сәл бөгеліп,
Шапқанда қарсыласты шаң көмелік.
"Сізден сабақ алам" деп бастап едім,
Жүргелі жаны жайсаң жанмен еріп.
"Қарсыласты қамшылау міндетім" деп,
Тартысты бастадыңыз кеуде керіп.
Енді кеп "ірі сөйлеп кеттің" дейсің,
Тізгінді қызыл тілге берген едік.
Інім деп иілгенді көргенім жоқ,
Айтыста жолыққанға тәубе дедік.
Бір сөзің – бір сөзіңнің қуғыншысы,
Қате сөзің осында қалды еленіп.
Қазақты жалқау халық дейтіндер көп,
Шынымен де біз сондай халде ме едік?
Ендеше, не көрсек те елмен көріп,
Жалқаулыққа жақсылап мән берелік.
Бір сөйлеп жүрсеңізші енді сіз де,
Екі сөйлеп қайтесіз әуре болып?
 
Арқаға елдің жүгін алған артып,
Азаматқа байлық жоқ ардан артық.
Індет жайлы айтқанмын сөз басында,
Қайтейін көп созбақтап мән жоғалтып.
"Көкейіңді тескені жүлде ғой" деп,
Көзіңді кетпекпісің мәңгі алартып?
"Малға достың мұңы жоқ малдан басқа",
Кісідей көрме бізді қонбаған құт.
Әр адам өз ойынан хабар берер,
Ол жағына жоқ шығар таңданар түк.
Пендеге бұйырғаннан артық ас жоқ,
Күтер болсаң бағыңды Алладан күт.
Құлқынның құлы болып мал тапқаннан,
Ұлтымның ұлы болып қалған артық.
 
Қысыр сөз тілімізді тіліктейді,
Асыл сөз үлгілі іске үгіттейді.
Тәуелсіз күнге жеттік тәуекелмен,
Түгел ел боп білекті түріп мейлі.
Ал оны сақтап қалу одан қиын,
Той жасап тартқанменен қырық күйді.
Тарыдайын шашылса бүкіл қазақ,
Тауықтар желкеңді кеп жіліктейді.
Аққу, шортан, һәм шаян секілденіп,
Арбаңды ажал қалай ірітпейді.
Қит етсе қиғылыққа басатындар,
Тарихқа көзін неге жүгіртпейді?
Сынаққа сынып кетпей, сабыр қылсақ,
Күштіні уақыт өзі іріктейді.
Сондықтан да қазаққа бірлік керек,
Әйтпесе көңілді ешкім жібітпейді.
Жұрт болып жұдырықтай жұмылмасақ,
Бірліксіз елдің басы бірікпейді.
Себебі бес саусағың бірікпесе,
Алақанға ине де ілікпейді.
 
Шаң басып тозсам-дағы табанымнан,
Еңбек етіп ас жедім адалымнан.
Ал, ендеше, аман бол, ақ жеңеше,
Кезім жоқ көңілімді ала қылған.
Ағат кетсе, қайныңды кешіре ғой,
Ат басын осы айтысқа жаңа бұрған.
Басыңнан бақ кетпесін деп тілеймін,
Қонаққа дәм ұсынып табағыңнан.
Ағамыз аман болып қасыңдағы,
Бала саулай берсінші балағыңнан.
Жұртыңды жырға бөлеп әрқашанда,
Жазарың таусылмасын қаламыңнан.
Кей-кейде қар жауса да қабағыңнан,
Ақ жауын жаумаса екен жанарыңнан.
 
 
Злиха:
Бас иіп ақылына барлық адам,
Адасып, тура жолдан қаңғымаған.
Бауырым, осыменен хош-аман бол,
Емес қой бұл біз үшін соңғы қадам.
"Түнердің" деген сөзді айтпа деп ем,
Халыққа ұнамайды сандырақ ән.
Өз-өзіңнен долданып, қиғаш сөйлеп,
Жігітке жараспайды болбыраған.
Кешегі Абай менен Жиреншелер,
Өз сөзінен ауытқып, қарғымаған.
Ақылман, дана Абайдың аруағы мен
Оқырман разы болса болды маған.
 
Қойдың ғой бұл әпкеңді ұқпай, көкем,
Кетейін қадамымды нықтай бекем.
Үйде отырып айтысып біз отырмыз,
Бұл сөзімді көпшілік құптайды екен.
Үйге қамалғаннан соң түсіндік қой,
Тірліктегі ырыс пен құт тойда екен.
Үйде жатып оқысақ оқуды да,
Бұл да бір таптырмайтын мықты айла екен.
Рақымды Рамазан да келіп қалды,
Келетін ай бар ма екен құтты айға тең.
Оразада тілесек тыныштықты,
Тәңірім елдің рухын жықпайды екен.
Қара қамшы салдырмас сауырына,
Сен баладан айтыскер шықпайды екен.
 
Өнермен өрге жүзіп, талпын шыңға,
Берілме ілінсе де нарқың сынға.
"Ұлтымның ұлы болып қалған артық",
Деп бүгін елге берген антың шын ба?
Екі сөйлеп көргем жоқ, елім куә,
Тұяғым сүрінбейді тор құрсаң да.
Айтыс оқып, көңілін жұбатсын ел,
Қу індет, үйге қамап, қор қылсаң да.
Жазба айтыс әр жыл сайын жалғасса екен,
Жандостың құлағына алтын сырға.
 
Жел қуған, жөн білмейтін жас өренсің,
Мұндайды көтермейді хас өнер шын.
Алғаш рет айтысып отырсаң да,
Бірте-бірте бұған да төселерсің.
Бірін-бірі батыр деп көтермелер,
Өнерде өркен жайып өсер ер шын.
Ешқашан құламасын биігінен,
Абай мен Шәкәрімдей қос емен шын.
Аруағы разы болып, аталардың,
Жаратқан жолымызды аша берсін.
Ырылдасып қайтеміз, Нұрдәулет-ау,
Нұрың тасып, дәулетің аса берсін.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓