Тас түйін бірлік керек

Бір танысы Сократқа келіп:
– Сенің досың туралы не естігенімді білемісің? – дейді. Сократ:
– Сәл күте тұр! Сен маған ештеңе айтпастан бұрын менің сұрақтарыма жауап берші. Бұл сұрақтар «үш сүзгі» деп аталады. Біріншісі – шындық cүзгісі. Маған айтайын деп тұрған нәрселеріңнің толығымен рас екендігіне сенімдісің бе?
– Жо-оқ, біреуден естідім.
– Олай болса, жақсылық сүзгісіне өтейік. Досым туралы айтпақ болғандарың жақсы нәрсе ме?
– Жоқ, керісінше жаман нәрсе.
– Онда пайда-зиян сүзгісін көрейік. Сенің айтайын деп тұрған нәрсеңнің маған келіп-кетер пайдасы бар ма?
– Жоқ.
– Демек, маған айтатындарыңның рас-өтірігін білмесең, ол жақсы нәрсе болмаса, пайдалы нәрсе болмаса, оны маған не мақсатпен айтпақсың? – деген екен.
Қазіргі тілмен сөйлесек, осы күнгі жұрт фейкке құлап түседі. «Фейк» дегеніңіз – ағылшынша «fake», қазақшаласақ, өтірік-өсек, алдау-арбау сөз. 
Қазір пенденің ойына келген, тілінің ұшындағы бір сәттік дыз етпе сезімі смартфонда саусақтарының ұшымен жорғалап барып құйылып түседі. Тәж-тажалдың арғы-бергі түп-тұқияны, зияны мен пайдасы, айласы мен айбары хақында небір ақпараттан көз тұнады. Ол ол ма, ең қауіптісі – қауесет. Желдей ескен: «Бананнан жұғады екен», «Дәрігерлерден абай болыңыз. Олар вирус жұқтырған», «Сәуірдің жаңбыры вирусқа қарсы таптырмайтын ем», «Пәленшенің отбасы түгелімен ауырып жатыр екен, бейшара!», «Күн жылынса, коронавирус қаптайды» т.с.с. қауесеттер. Ден қойып, тоспаңыз, тосқауыл болыңыз. Ақ пен қараны, жақсы мен жаманды айырып, салдарлы сөз айту – әр отбасындағы естияр кісінің абзал борышы. Мұндайда сол әлеуметтік желідегі мына бір әуезе сөзге құлақ түруге болады.
Салмағы да, жасы да бірдей екі тоқтыны бөлек-бөлек тор аулаға қамап қояды. Екеуінің де алдына қойған жем де, шөп те, су да бірдей. Бір ғана айырмашылық бар. Бір тоқтыға жақын жерге, бөлек тор аулаға қасқыр қамайды. Екінші тоқты оны мүлде көрмейді. Бірнеше айдан кейін қасқырдың қасындағы тоқты өліп қалады. Оның ажалы жем-шөптің жоқтығынан емес, қорқыныш пен қобалжудан болыпты. Ал екінші тоқты алаңсыз семіреді. Бұл тәжірибені Ибн Сина өткізіпті дейді. Ол мұнымен тәнге түскен жарадан жанға жамалған жараның өте ауыр болатынын дәлелдеген.
Қорқыныш пен үрей, шарасыздық пен шыдамсыздық бізге вирустан да қауіпті. Сондықтан босқа даурықпайық, үрейге бой алдырмайық. Рухани тас түйін бірлік керек. Кеше ғана Елбасы аталы сөз арнады. Бір болсақ, бәрін де жеңетініміз анық.
Жанұзақ АЯЗБЕКОВ

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓