Көп балалы ананың көмегі

Әлемді алаңдатқан қауіпті індеттің беті әлі қайтар емес. Мамандар оның алдын алудың бірден-бір жолы үйден шықпау екендігін, ал індеттен сақтану үшін қолды жиі жуып, маска тағып жүру керектігін айтады. Дегенмен, дәл қазіргі уақытта осы бір жапырақ дәкені табудың өзі мұңға айналды. Алайда, қиын-қыстау шақта  халық қарап отырған жоқ. Әсіресе, елде жарияланған төтенше жағдайға байланысты әлгі мұң болған масканы тегін тігіп, жұрттың алғысына бөленіп жатқандар да жоқ емес. Сондай жандардың бірі –  Алтынсарин ауданының тұрғыны, көп балалы ана Ақмарал Байқамадова.
акмарал тигинши
Ақмарал былтыр аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы “Бизнес бастау” жобасы бойынша бір ай оқып,  500 мың теңге қайтарымсыз грант ұтып алған көрінеді. Оған екі түрлі заманауи үлгідегі тігін машиналарын сатып алған  келіншек бүгінде көрпе, қыз жасауы, перделер, адамдардың есімдерімен жазылған түрлі авточехолдар мен жастықтар, киім-кешектер тігіп, шағын кәсібін дөңгелентіп отыр. Бес баланың анасы осыдан екі жыл бұрын Рудный қаласының Васильев аулынан көшіп келіпті. 
-Қызым “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасымен осы ауданға келіп, алғаш еңбек жолын бастаған болатын. Былтыр бағдарлама арқылы баспанаға қол жеткізді. Қазір бәріміз отбасымызбен осында көшіп келдік. Жолдасым қалада құрылысшы болып істейді. Кезінде өзім де құрылыс саласында істедім. Жалпы, маған тігіншілік өнер анам Қизадан дарыған. Ол кісі де шебер болған. Кейін құрылыстағы жұмысымды тастап, қолымнан келетін кәсіппен неге айналыспасқа деп шештім. Аудандық жұмыспен қамту орталығы маған көп балалы ана ретінде қайтарымсыз несиеге қол жеткізу арқылы өз кәсібімді бастауға болатындығын айтқанда, мен бірден келістім. “Бастау бизнес” жобасы арқылы бір ай оқып, кәсіп бастаудың қыр-сырына қанықтым. 500 мың теңге қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, оған өзім қосымша қаражат қосып, екі түрлі тігін машинасын сатып алдым. Құдайға шүкір, қазір кәсібімді дөңгелентіп отырған жайым бар. Көбіне қыз жасауына, көрпе-жастыққа, тіпті авточехолдарға да тапсырыс береді. Тапсырыспен киім де тігемін. Қазіргі заман қол қусырып отыратын заман емес, шамаңа қарай қолыңнан келсе өз кәсібіңді бастаған дұрыс, — дейді А.Байқадамова.
Қазіргі елдегі төтенше жағдайға байланысты Ақмарал да қол қусырып қарап отырған жоқ. Үйден шықпай-ақ, өзінің көмегін жасап, сауапқа кенелуде. Ісмер келіншек аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Нұрсұлтан Шүленовтың ұсынысымен жанына “Мейірім” еріктілер тобының мүшелері Алтынай Төлеген мен Гүлжаухар Әділбекті көмекші ретінде алып, маска тігумен айналысуда.
акмарал кыздары
-Аталмыш орталықтың басшысы маған маска тігу туралы ұсынысты айтқанда қуана келістім. Себебі, қазіргідей қиын жағдайда бір-бірімізге қолдау көрсетпесек, адамгершілігіміз қайда қалады. Нұрсұлтан өзі маскаға қажетті мата мен резинканы алып келді, көмекші қыздарыммен 100-ге жуық маска тігіп бердік. Алдағы күндері тағы да тапсырыс аламыз. Осылайша, аз да болса халыққа өз көмегімізді тигізіп, аудан тұрғындарын маскамен қамтып жатқан жайымыз бар. Жалпы, қазіргі таңда елімізде болып жатқан жағдайларға байланысты ерікті түрде маска тігіп, көмек қолын созып жатқан жалғыз мен ғана емес. Егер үйіңізде тігін машинасы болса,  маскаларды тігіп, жағдайы төмен отбасыларға тегін беріңіз. Маска жасау қиын емес, ине ұстағанның бәрі өзі тігіп алуына да болады. Ол үшін мақталы дәке немесе зығырдан жасалған мата мен резинка қажет. Матаны екіге бүктеп, гармошка түрінде жинастырып, шеттерін қолмен немесе тігін машинасымен тігіңіз. Резинканы жіппен байлаңыз. Ол болмаса,  дәкені де қолдануға болады. Бір жақсысы, матадан тігілген масканы бірнеше рет қолдануға болады. Жуып, үтіктеп қайта таға бересіз. Жоқтан гөрі, осы жақсы. Ең бастысы, елімізге келген мұндай уақытша сынақты бәріміз бірге еңсеріп, ауызбіршіліктен айырылмайық, — дейді көп балалы ана.

 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓