Жаңа форматтағы тоқсан

6 сәуірден бастап еліміздегі мектептер төртінші тоқсанды қашықтан оқыту форматына көшті. Әрине, бастапқыда ZOOM платформасы енгізілу керек еді, алайда ол тиімсіз деп танылған соң ҚР Білім және ғылым министрлігі оның форматын телесабақ, интернет-платформаларды пайдалану және пошта арқылы немесе қолма-қол қағаз тасымалдаушылармен жіберу жөнінде жаңа нұсқаулық шығарды. Balapan және El Arna телеарналарында телесабақтардың өтетіні бұған дейін хабарланған болатын. Қашықтан оқытуды ұйымдастыру үшін интернет ресурстарының – BilimLand, Kundelik.Kz, Daryn.online, MicrosoftTEAMS, GoogleClassRoom мүмкіндіктері пайдаланылмақ.
қаламқас (1)
Бір күн ішінде білім алушыларды оқытудың жеке кестесі; әр күнге оқу тапсырмасын алу әдістері мен құралдары және оларды білім алушыға ыңғайлы уақытта орындау; электрондық журналдар немесе мұғалім белгілеген басқа да қолжетімді байланыс түрлері, оның ішінде мессенджерлер арқылы кері байланысты орнату; электронды күнделікке сабаққа қатысу туралы ақпарат енгізілмейтіндігі ескеріліп отыр. Мектептің оқу жұмыс жоспарына сәйкес төртінші тоқсанның барлық оқу пәндері бойынша сабақтар 100% өткізіледі («Дене шынықтыру», «Көркем еңбек» және т. б.).
Өңіріміздегі білім ордалары да қашықтан оқытуға кірісіп кетті. Облыстық білім басқарамасының берген мәліметі бойынша аймағымызда 498 мектеп бар, оқушылардың жалпы контингенті – 107501, мұғалімдер — 13087.
IMG_3078
— Премьер-министрдің орынбасары Е.Л. Тоғжановтың тапсырмасын орындау үшін облыс әкімдігі штаттық режимде жұмыс істейтін мектептер санын қайта қарады, жалпы контингенті 11433 оқушысы бар 97 шағын жинақты мектептер қосымша қосылды. Жалпы контингенті 18772 (17,5%) оқушысы бар 321 (64,5%) ауылдық мектеп штаттық режимде оқиды, жалпы контингенті 88729 (82,5%) оқушысы бар 177 (35,5%) мектеп қашықтан оқытуға көшеді. Қашықтан оқыту интернет-платформалар, электрондық жүйелер, мессенджерлер арқылы ұйымдастырылатын болады. Педагогтар мен қашықтан оқитын мектеп оқушыларын компьютерлік техникамен және интернетке қолжетімділікпен қамтамасыз ету бойынша мәселе толықтай шешілді, — дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айжан Баймақанова.
Осы мақсатта білім беру ұйымдарынан педагогтер мен оқушыларға 5166 компьютер берілген екен. Мектептерді компьютерлермен қосымша қамтамасыз ету үшін жалпы сомасы 515 млн теңгеге 3021 компьютерлік техника сатып алынған.
 
Осы орайда алғашқы күнгі сабақтардың қалай өтіп жатқаны жайында тілшілеріміз ата-аналардан сұрап білген еді.
 
Сабақ түсінікті әрі жеңіл
Қаламқас Шайхықызы,
ата-ана:
-Бүгін төртінші тоқсан басталды. Бұл тоқсанға деген дайындық та ерекше болды. Елдегі жағдайға байланысты қашықтан оқуға көштік. Отбасымызда мектеп жасындағы екі бала бар. Ата-ана ретінде қашықтан оқуға қажеттінің бәрін әзірлеп, дайын болдық. Мұғалімдер тарапынан да алдын ала баланы дайындау жұмыстары жақсы жүргізілді. Бала жауапкершілікті сезініп, оқуға дайындалды.
қаламқас (3)
 Бүгін таңертең ертерек тұрып, Balapan арнасын қарап, сабаққа қатыстық. Баламен бірге өзім де сабақты қарадым. Бірінші сынып оқушысы үшін түсінікті, ұғынықты болды. Он минуттық болған соң болар бала еш жалықпай, бар зейінмен қарады. Енді үй тапсырмасын орындап, оны қайта жіберіп жатырмыз. Менің ата-ана ретінде айтарым, мұғалімдердің еңбегі зор. Оларды қолдап, балаларға да осы қашықтан оқуды тез меңгеруіне көмек берейік. Бұл қиын күндер де біріксек артта қалар.
 
Білім алуға деген құлшынысымыз болсын
Саяжан Мутунова,
Ы.Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-интернаттың 6-сынып оқушысы.
 -Мен Қостанай қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп интернаттың 6 сынып оқушысымын. Біз биылғы оқу жылының төртінші тоқсанын қашықтан оқу әдісі бойынша бастадық. Бұл бізге тың әдіс. Сондықтан білім аламыз, сабағымызды жақсы оқимыз десек, әрине екі есе ынтамен зер сала оқумыз керек. Бас кезінде бәрі түсініксіз болып көрінуі мүмкін. Бірақ өз ісінің шеберлері ұлағатты ұстаздарымыздың арқасында осы қашықтан оқуды тез меңгеріп, үйреніп аламыз. Мен оған сенімдімін.
сая
Бүгін, міне, сабақты да бастап кеттік. Balapan телеканалынан өзімізге ыңғайлы уақытта, ыңғайлы сабақ кестесімен сабақ өттік. Бәрі де түсінікті болды. Ең бастысы өзіміздің сабақ оқуға деген, білім алуға деген ынтамыздың жоғары болғаны керек. Білім басты байлық екенін ұмытпайық, достар. Ал бұл жаңашылдықты игеруге мұғалімдер мен ата-аналардың көмегі көп. Ал бізден керегі әр берілген тапсырманы мұқият орындап, жауапкершікіпен қарайық. Бұл тоқсанды да өте жақсы деген бағамен аяқтап, сүйікте мектебімізге қуаншпен оралайық.
 
Қиындық туындап жатқан жоқ
Дилара Шукатаева,
№10 орта мектептің мұғалімі:
­-Қазіргі кезде әрбір адам жауапкершілікті сезінгені дұрыс. Елдегі жағдайға әркім өзінше үлес қосып, жақсарта алады. Дәрігер адам емдесе, журналистер ақпарат жеткізеді, ал ұстаздар балаларға білім береді. Бұл мақсатта жұмыс істеуге үкімет тарапыпан нақты тапсырмалар береліп, жағдай жасалды. Ұстаздар қауымы балалармен, ата-аналармен байланыс орнатып, барлық жағдайды түсіндіріп, бігінгі күнге дайын болдық. Балалар бала болса да бұл сәттің маңыздылығын түсініп, білмегенін сұрап, білім алуға дайын болды. Ата-ана әрине, көмекші, жол көрсетуші. Бәріміз біріге отырып, баланың толыққанды білім алуына жол аштық. Шешілмейтін мәселе жоқ.
дилара апай
Алғашқы сабақтарды да өткізіп жатырмыз. Қиындық туындап жатқан жоқ. Мұғалімдердің дайындығы өте жақсы. Оқушылардың барлығы сабаққа жақсы қатысып, кері байланыс жасап жатыр.  Баршаға сәттілік тілегім келеді.
 
Шалғай өңір де бастап кетті
Арқалық қалалық білім бөліміне қарасты 80 адамға дейінгі оқушысы бар шалғай ауыл мектептері санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды күшейте отырып әдеттегідей оқуды бастады. Бүгінгі күні Арқалық қаласындағы 26 мектептің 11-і дәстүрлі оқытуды жалғастырады. Қалғаны қашықтықтан оқыту режиміне көшті. Оның 10-ы қала мектептері және 5-і ауылдық білім ордалары.
— Бала саны 250-300-ді құрайтын мектептер қашықтан оқытылады. Олар: Ашутасты ауылындағы А.Макаренко атындағы, Фурманов, Восточный, Сарыөзен және Родина орта мектептері. Бұлардың барлығы ҚР ғылым және білім министрлігінің, облыстық білім басқармасының және қала әкімінің келісіммен жасалып отыр. Қашықтан оқытуға байланысты көпбалалы, аз қамтылған отбасылардың балаларына мектептерден алынған компьютерлермен көмек берілді. Жоғарыдан келетін нұсқаулармен жұмыс істеп жатырмыз. Ата-аналарға балаларын қадағалауды өтінеміз. Сақтық ережелерін берік ұстау керек, — дейді Арқалық қалалық білім бөлімінің басшысы Есланбек Мәметеков.
Төтенше жағдайға байланысты құзырлы органдар рейдтер жасап, індеттің белең алмауына тосқауыл қоюда.
 
 
Әзірлеген Айтолқын АЙҚАДАМОВА,
Шұға ҚОҢҚАБАЙ,
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ.
 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓