ЖАЗБА АЙТЫС: алғашқы айналым аяқталды

Қостанай облысы әкімдігінің Ішкі саясат басқармасы мен облыстық "Қостанай таңы" газетінің ортақ жобасы – Абайдың 175 жылдығына арналған "Мен бір жұмбақ адаммын…" атты республикалық жазба айтыстың алғашқы айналымы аяқталды. Өлең додасына бас-аяғы 15 ақын түсті. Қазылар алқасы алғашқы кезеңнің қорытындысын шығарып, жеңімпаздарды анықтады. Назарларыңызға төрешілердің қысқа-нұсқа шолуын ұсынамыз.
Балтасар Ізтілеу мен Нәрия Ақбабаның айтысы.Абай 175
Алдымен айтыстың мазмұнына тоқталсақ:
«Жарты бақыт» деген сөзді қолданған Нәрияның хәкімнің толық адам концепсиямен ұштастыруы тапқырлық ғана емес, Абайды қарсыласынан гөрі жақсы білетіндігін көрсетеді.
«Толық бақыт біздерге бұйырмай жүр,
«Толық адам» бола алмай жүрген(діт)кен, — дегені таразы басатын салмақты тұжырым.  
«Қазағым ақиқаттан адаспайды,
«Жұмбағын» шешкен кезде ұлы Абайдың», — дегені үлкен-үлкен талқылауларға жүк болар түйін. Және мұны ақынның ұйқас үшін ғана қолған сәтті сөзі емес, оқу-тоқумен жеткен, өз ойымен қорытқаны екені күман тудырмайды.
Нәрияның:
«Алла қаласа, қар жанады» деп отырсыз,
Бұл өзді қосқан жоқсыз тыңнан алып.
«Қар жанады» дегенді Абай сынап,
«Ант ұрғандық» деп еді шынға налып.
Абай сөккен мәтелді қолданам деп,
Ертеңгі күн жүрмегейсіз сынға қалып», — деп тақырыпқа дендеп бойлап, сол арқылы қарсыласының қақпасына гол салып кетті.
Сөзді Балтасар «Кеудемде күй күмбірлеп, ән тасыған,
Дәстүрлі ұлы өнерім болса асығам. (нүктесі қойылған)» деп бастапты. «Болса асығам» ұйқастың да шырайын келтіріп тұрған жоқ, мағынаны да ашып тұрған жоқ. Ақын әр сөзді орнымен қолдану керек ғой, сөйлемге айналдырып қарар болса, ол «ән, күй тасыған кеудесімен дәстүрлі ұлы өнерімен қайда, неге асығады?» деген сауал туады.
«Абайды Абай еткен аналар деп,
Түсіндірмек біздерге сылқым жәйды», — депті Балтасар. Осы «сылқым жәйдың» не екенін өзі де түсіндіріп берсе артық болмас еді.
Тізе берсең, мұндай кемшіліктер екі ақында да баршылық.
Нәрияның: «…Армысыз, патша пейіл оқырмандар,
Бәйге алсам, иесі сен жүгенімнің.
«Қостанай таңы» жазба айтыс жасап,
Күндей сынды күлімдеуі-ай іреңімнің», — деуі де сынға сұранып тұр. 
«Қазақта жүген ұстап қалды» деген сөз бар еді. «Күндей сынды күлімдеуі іреңіңнің» дегені де сөзді қате қолдану. Иә, «күн күлімдейді», бірақ «күндей сынды» күлімдемейді».
Көркемдігіне келсек, «Балтасар балаң шықты алдарыңа,
Арадай омартаға бал тасыған», — дегенмен, гүлден гүлге қонып, тәтті нәр жинаған арадай, сәтті жыр тудыра алмаған.
«Теріп жүрміз өлеңнен алтын жақұт». «қарқын алып».  «қалтыратып». «қ…айдан табу керек екен жарты бақыт?». «көрік қылсам», «көріп тұрсам..», «серік қылсаң», «берік қылсам»,  «төгіп тұр сан», «беріп тұрған» сынды ұйқастармен ой өруі осыны көрсетеді. Бұл сахнадағы айтыс емес ғой, жазба айтыс.
 Осындай-осындай жайды ескере келе,  Нәрияға басымдық бердік. Себебі, ақын қыз қызықты сөз сайысын жасауға тырысқаны, әдептен де озбағаны тайға таңба басқандай көрініп-ақ тұр. Балтасар әйтсе де, ашық майданға бара қоймады.
 
Алғашқы жұпты талқылап, талдап жазғанымыз, уақыттың мүмкіндігіне байланысты. Кейінгі ақындарға бұлайша «май шаммен» қарап отыра алмадық. Оған елдегі жағдай, қабындап кеткен шаруалар себеп. Сондықтан, қысқаша ғана тоқталып өтеміз.
 
Байбатыр Ахметбеков пен Дина Бөкебайдың айтысы.
 
Айтысты бастаған Байбатыр алғашқы кезегінде-ақ қателіктер жіберіп алған. «Жазба айтыста жаңылмас жағым, сірә», «Өз алдына рухани «кайф» деген», «Көлден шортан, көлтабан алушы едім, Жайлап жылжып отырып қайықпенен», «Отау тігіп алғандай тон ішінен» деген сөздер Байбатыр өлеңінің құнын көтермейтіні анық. Дегенмен Байбатыр өз кезегінде қазіргі қазақ қоғамдағы кейбір келеңсіз жайларды қозғай білген. Бұл жаңа кезек алған Динаға жақсы мүмкіндік еді. Ол мұндай мүмкіндікті қалт жібермеді. Оқырманның ойына сәуле түсірердей сөз жазбаса да, өз шамасы келгенше жырлап бақты. Жалпы осы айтыста екі ақынның жеке бастың жайын емес, қоғамдағы жәйттерді жырға арқау еткендігі қуантады. Дегенмен «алуан алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» демекші айтыс барысында Динаның басымдығы көрінген. Оның өлең құрылысы, ой жүйесі, сөздік қолданысының барлығы қарсыласына қарағанда артығырақ көрінген.
Әрі Байбатыр айтыстан жеңілсем отбасыма қалай қараймын дегеніне Дина «Алатауға қай бетіммен қараймын» деген сыңайдағы жауап қатып, уәжбен орап кеткендігін айтпауға болмайды.
Осының бәрін ескере келе, қазылар құрамы жеңісті Динаға беріп отыр.
 
Аслан Қанғожин мен Әнет Жұмабектің айтысы.
Бұл жұптың айтысында Аслан айқын басымдылықпен алға шыққан. Оның қарсыласы Әнетке Асланның жазғанына жауап қайтармақ түгілі, өз ойындағы жыр жолдарын жазуда қиынға түскен секілді. Оның өлеңі өрнексіз, ұйқасы шала, ойы шашыраңқы… Осы тұста Абайдың «Өлең сөздің патшасы сөз сарасы» дегені еріксіз еске түскендей… Сөз жоқ, жеңіс Асланда.
 
Злиха Кенжеғозина мен Әсет Ақылжанның айтысы.
Тартысты шыққан айтыстардың бірі осы Злиха мен Әсеттің айтысы болды. Екі ақында өздерінің өлеңдегі шама-шарқын көрсете алған секілді. Ойлары орамды, өлеңдері көркем, айтыстары келісті шыққан. Бұл екі ақынның айтысы жоғары бағалауға тұрарлықтай, сол үшін екі ақынды да келесі айналымға өткізуді ұйғардық.
 
Батырлан Сағынтаев пен Нұрдәулет Ғалымжанұлының айтысы.
 
Бұл екі ақыннан зор үміт күттік. Көңілдегідей айтыс шықты деп айтуға толық негіз бар. Екі жүйрікте бабында екенін айғартып, мәреге үзеңгі қағыстырып, қатар жетті. Олардың айтысын талдау қысқа шолуға сыймайды, сол себептен бір ауыздан екеуін де келесі айналымға өткізіп, сәттілік тілеп отырмыз. Ақындар бойдағы күшін сарқа жұмсамағаны да байқалып тұр. Алдағы сында аянып қалмайды деп сенеміз.
 
Ұланбек Бақыт пен Жауынбай Жылқыбайұлының айтысы
 
Бұл жұптың айтысында шымыр ұйқастырып, шырайлы жыр жаза білген Ұланбек басымдылық танытқан. Абайдың айтқан бес асыл ісі мен бүгінгі қоғамдағы жайларды салыстыра жазуы тартымды шыққан. Өз кезегінде Жауынбайда қалыс қалмай, жақсы өлең жазуға тырысқаны байқалады. Алайда қарсыласының Жауынбайға қарағанда жыр жолына төселген тәжірибелі ақын екендігі көрінеді.
 
Мамай Ізтілеу мен Дәния Сәтпектің айтысы.
 
Бұл айтысқа шешім айтып қажет те емес шығар. Дәния: «Ұлы Абайдың еліне қарай алман, Қаратсам жерге әкесін бір Абайдың» деп ізгітілік танытты. Әйтсе де, қарсыласының олқы тұстарын қапы жібермей, қағытып отырғанын айтпай кетуге болмайды.
Қоғамның жалпылама кемшілігін сынап, «Ақиқатты айт десең, алқынбаймын» деп отырған сақа ақынның қаламына «осы өмір жайлы ойлап кетсем,кейде күліп, ал кейде қарқылдаймын» деген ұйқас үшін тіркестер оралмаса екен дейсің. Мамай ақын келесі айналымда осындай кемшіліктер жібермесе екен деген тілектеміз.
 
Ал, рудныйлық ақын Ғалымгерей Кенжеғозин қарсыласының жобадан бас тартуына байланысты келесі айналымға «шаппай» шығып отыр.
 
 
Қазылар алқасы
 
 
2-кезең жұптары:
 
1.Нұрдәулет Ғалымжанұлы — Злиха Кенжеғозина
2.Батырлан Сағынтаев — Дина Бөкебай
3.Аслан Қанғожин — Әсет Ақылжан
4.Мамай Ізтілеу — Ұланбек Бақыт
5.Ғалымгерей Кенжеғозин — Нәрия Ақбабақызы
 
 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓