ЖАЗБА АЙТЫС: Мамай мен Дания

Қостанай облысы әкімдігінің Ішкі саясат басқармасы мен облыстық "Қостанай таңы" газеті ұлы Абайдың 175 жылдығына орай өткізіп жатқан "Мен бір жұмбақ адаммын…" республикалық жазба айтысының алғашқы айналымын Мамай Ізтілеуов пен Дания Сәтбекқызының жұбы аяқтайды. Екі ақын да дәстүрлі айтысымызға алғаш рет қатысып отырған жоқ. Жырсүйер оқырманды осы кезге дейін де өнерлерімен тәнті еткен ақындар. Үлгілі аға мен ізетті қарындастың жарасымды айтысына куә болыңыздар!Мамай мен Дания
 
Дания Сәтбекқызы:
Біз бүгін бөлінеміз топтан нағып,
Теріс сөйлеп қайтейін сотқарланып?
Елдің мұңын айта алар еркең едім,
Көрмесем де қолыма шоқпарды алып.
Жазба айтысым жалғасын тауып жатыр,
Әр жыл сайын үзілмей жоспарланып.
Абайға арналыпты осы жолы,
Тақырыптан жөн болар тапсам бағыт.
Өлеңіне ақынның өмір сыйлар,
Өміріне төнсе де тоқсан қауіп.
Армысың, Абай тойын тойлай алмай,
Абайлап аурудан отқан халық!
 
Шыға сап бастамайық ерегес біз,
Десек те үлкен-кіші тең емеспіз.
Коронавирус деген бәле шықты,
Оны да осы жолы елемекпіз.
"Сақтанғанды сақтаймын" деген Алла,
Бұл жағынан өзгеден кем емеспіз,
Десе де сабырлымен біргемін деп,
Айтқанын біз қалайша елемеспіз.
Мың дұшпан келсе дағы жасқанбаған,
Вирустан қорқатұғын ел емеспіз.
 
Жаман болып туады кім анадан,
Арсыздықты Абай да кінәлаған.
Көрсеқызар, ойлайтын өз пайдасын,
Пендешілік пейілі ұнамаған.
Өлеңімен өз елін сынай жазып,
Өз басын қорғалауға шыдамаған.
Сол мінез әлі де бар бойымызда,
Ел түзелмей түзелмес мына ғалам.
Тәжтажалмен тәжірибе жасағандай,
Адамзаттан дегендей сынақ алам.
Жаратқанның сынына шыдай алмай,
Өз басын ойлағандар шыға қа(л)ған.
Маскасын тығамын деп өз елінен,
Маскасын шешіп алды біраз адам.
 
Жыр жазсам жұртым дәйім демейсіздер,
Махаббатқа біздерді бөлейсіздер.
Мамай ағам айтысты баста деді,
Білмеймін, бұған сіздер не дейсіздер?
Ағаттық қылды демей, ағасына
Алғаш боп сәлем берді дегейсіздер.
 
Жырымды бүгін елге арнай өтем,
Өлең десе тақылдар таңдай екен.
Абай десе Құнанбай еске түсед,
Талайға үлгі болар жандай екен.
Абайдың шың басына шығуына,
Үлесі әкесінің дардай екен.
Абайдың атын қойған баласына
Көңілі бұл ағамның қардай екен.
Ал енді кезек бердім, бүгінгінің
Абайының әкесі қандай екен?
 
Мамай Ізтілеуов:
Дәния, орны бөлек асқақ едің,
Жырыңмен талайларды жасқап едің.
Шіркін, сендей келінім болса ғой деп,
Өзіңді өлеңіме қосқан едім.
Абайсыз сөйлемейтін жан емес пе ең,
Абайлап жазба айтысты баста дедім.
 
Өзімше өнер жолын адал бастым,
Жүзіндей жарқылдайын ақ алмастың.
"Қостанай таңы" айтыс жасап жатса,
Кем болып қатарымнан қала алмаспын.
Газеттен айтыс оқып отыратын
Өресі биік елмен амандастым.
 
Бұл вирус бар әлемге анық қайғы,
Ғалымдар оның емін анықтайды.
Біреуге ауру болғанда, біреуге ырыс,
Азық-түлік бағасы шарықтайды.
Өтірікпен шың басына шыққан жандар
Жалған ақпар беруден жалықпайды.
Коронаның ұнын жеп жүрген халық
Коронавирусынан қорықпайды.
 
Дәл қазір не боп жатыр нұр елімде,
Еліммен бірге болу тілегім де.
Өз басым сол аурудан қорықпаймын,
Алланың берген жасын сүремін де.
Абайдың мерейтойын тойламасақ,
Бұл іске жылаймын ба, күлемін бе?
Бірақ Абай ешқашан ұмытылмас
Себебі әр қазақтың жүрегінде.
 
Ұлы Абай айтар сөзге мерген екен,
Өмірдің кем-кетігін терген екен.
Абайға үлгі болған Құнанбай ғой,
Баласы үшін бәріне көнген екен.
15 жасқа келгенде баласына
Ділдәдай аруды алып берген екен
 
Мен неге балам үшін қуанбаймын,
Тағы да мұны айта алмай тұра алмаймын.
Әкесінің ойынан шыға білсе,
"Балаларым – бақытым" деп ұрандаймын.
Әкемін деп кеудемді қағар едім,
Бір ісін жасай алсам Құнанбайдың.
 
Жақындығың бар секілді сенің маған,
Абайым – тұңғышбегім, сенімді адам.
Пагон таққан ұлыммен мақтанамын,
Ренжіп көрмеппін мен өмірде оған.
Көшеге шыққандармен жағаласпай,
Шекараны күзетіп тұр менің балам.
Еліңе құда түсіп барар едім,
Егер де болам десең келін балам.
 
Дания Сәтбекқызы:
Қазақтың, рас, Абай жүрегінде,
Бір қылған қазақпенен тілегін де.
Сөзінен сәуле құйсақ санамызға,
Кешпес ек кер заманның түнегін де.
Коронавирус кетер дәріменен,
Адамзат табады ғой біремін де.
Батысқа еліктеген балалар көп,
Құлақтас ырға, сурет білегінде.
Жыртық киім киіп ап жастарымыз,
Жылтыратып жағады кремін де.
Байқасақ, нағыз вирус осы емес пе,
Етек жайған ессіздік ұлы елімде.
Мұның емі тек қана ұлы Абайда,
Сөзі – дәрі, бола алар жыры емің де.
Сау ұрпақ қалдырамын десең артта,
Абайды оқы, ағайын, біл, ерінбе.
 
Бұл ағам, ақ алмастай жарқылдай ма?
Қызың да айтысудан тартынбайды, ә?
Құнанбайдай ұлына жар іздесе,
Көңілім бүгін менің салқындай ма?
Қыз едім әке сөзін аттамайтын,
Дегізбеймін "сара жол салтым қайда?"
Үлкенге қатты сөйлеп көрген жоқпын,
Жақсылықты жинадым әр күн бойға.
Ділдәдай ділмар келін бола алармын,
"Құнанбайдай, — дегізбе, — қартым қайда?"
Келіні мен атасы кеңеспеген,
Керегіңді айтсаңшы Алшынбайға.
 
Ұлын ағам мақтады жаны қалмай,
Айтқан сөзім намысын жанығандай.
Ағамның жақсылығын білуші едім,
Даналығы ұлына дарығандай.
"Анасын көріп, қызын ал" дейді елім.
Бұл сөздің білесіздер мәні қандай.
Бірақ та бұл айтыста білмейтіндер,
Ұлын естіп, әкесін танығандай.
 
Өнерді жастайымнан сүйіп едім,
Таңдайым тәтті жырды иіп едің.
Үлкендерден үлгі алып алдымдағы,
Тәлімін тал бойыма жиып едім.
Ағатай, тағы бердім кезегіңді,
Ақысына мен кімнің тиіп едім.
Өресі биік елге өлең арна,
Кемшілік көрсең, бірге күйіп едің.
Ағам деп, аласартпай отырайын,
Алатаудай алдымда биік едің.
 
Мамай Ізтілеуов:
Қазақпыз біз, Абаймыз, даңқымыз бар,
Ата — баба ұстанған салтымыз бар.
Алла бізге жар болды десек тағы,
Алатаудан сезілер салқын ызғар.
Әр істің ақиқатын айтпаған соң
Ешкімге сенбейтұғын халқымыз бар.
 
Ақ пен қара бұл күнде таласа алды,
Ақынға шындық айтқан жарасады.
Алатаудай деп мені көтердіңіз,
Көзіме елестетіп қара шалды.
Алатаудай деп жүрген көп көкелер
Көзіміздің алдында аласарды.
 
Қазағым, керек қазір бірліктерің,
Ертеңгі ұрпақты ойлап дүрліккенің.
Сырға таққан жігіттер саханада,
Дәния, айтқан сөзің шындық дедім,
Сен секілді орамал тақпақ түгіл,
Көп қыздар көрсетіп жүр кіндіктерін.
 
Абайым билік маңын мекендеді,
Қызметте адал жолмен өсем деді.
Батыстан былық келді десек-тағы,
Көп жастар сол батысқа көшем деді.
Менің ұлым шекарада тұрам дейді,
Өйткені Отан әкем-шешем деді.
Көшедегі аналарға алып барса,
Жұмыстан өз еркіммен кетем деді.
 
Ақиқатты айт десең, алқынбаймын,
Шындық сөзге келгенде тартынбаймын.
Мен осы өмір жайлы ойлап кетсем,
Кейде күліп, ал кейде қарқылдаймын.
Атасы келінімен кеңеспесе,
Оған да тоқтамаймын, сарқылмаймын.
Көп көңілін тауып жүрген ақынбыз ғой,
Ойынан дөп шығармын Алшынбайдың.
 
Дания Сәтбекқызы:
Аңғалдығы ағамның баладай ма?
Дархандығы көңілінің даладай ма?
Әр кезек сайын ұлын мақтай берді,
Бір рет жазылса да жарамай ма?
Ағатай, тақырыптан оқыдың ба
Бұл айтыс арналғанын қай Абайға?
 
Айтылған әр ойыңды сараптадым,
Сөзімді өз әлімше сабақтадым.
Ұлыңызда байқадым Абай айтқан
Ақыл, қайрат,  қанағат, талап барын.
Алшынбайды көндіріп алам дейсің,
Еш шүбәсіз өзіңе қаратпағың.
Әкем емес, әуелі Алла білер,
Тілейік амандықпен таң атқанын.
Жар болып бармасам да мен ұлыңа,
Жар болып жүрсін дәйім Жаратқаным.
 
Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,
Абайдан қалған тәлім – пайдаң бұл күн.
Ұртыңа қан мен майды қатар сақтап,
Езуіңе үйрілер қайдан күлкің?
Абай сөзі ашатын жалғыз кілті
Жаңа өмір есігіне қойған құлпын.
Абайды танып, елім, таны өзіңді,
Жарамас түзу жолдан тайған бұл күн.
Жүрек көзін ашайық Абайменен,
Дүниеге болмаған тойған құлқын.
 
Шығыста өскен мен де құралаймын,
Айтыста үнсіз қалып шыдамаймын.
Абай туған өлкеде өсіп-өндім,
Бұл сөзіме мін тағар кінәлай кім?
Ұлжан, Зере тәлімін алғаннан соң
Ер сыйлауда мен қалай тұралаймын?
Ұлы Абайдың еліне қарай алман,
Қаратсам жерге әкесін бір Абайдың
 
Түзейтін ағаттық пен қатемді де ел,
Жақын түгіл сыйлайды жат елді де ел.
Даналығын танытсам аналардың,
Жүлдеден артық абырой әкелді дер.
Ағатай, мен өзіңе жол берейін,
Ағайынның алдында батаңды бер.
 
Мамай Ізтілеуов:
Аңғалдық байқала ма сөзімізден,
Додаға түстім десем теңімізбен.
Абай тойын бар аймақ тойлақмақшы,
Ұлы той бастау алып еліңізден.
Жаз шыға жаман ауру басылса егер,
Ол тойларды көрерміз көзімізбен.
Баламды қайта-қайта айта берсем,
Жарасып кетсін дедім өзіңізбен.
 
Айта алсақ ұлы Абайдай тұлғаны бар,
Әлі де аша алмаған сырлары бар.
Тілге жұмсақ, жүрекке жылы тиер
Өлеңдерін оқысаң, ырза қылар.
Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы,
Өлмейтұғын артында жырлары бар.
 
Батам, батам батпасын,
Батам жерде жатпасын.
Былтыр ғана айтысып,
Өнерге бұрдың ат басын.
Өлеңнің қақтың қақпасын.
Ақылды сендей баланы
Тіл мен көзден сақтасын!
 
Аман болсын басыңыз,
Асулардан асыңыз.
Жамбыл атаң секілді
100-ге келсін жасыңыз.
 
Өлең-жырға адал бол,
Ел сыйлайтын адам бол.
Абай атам айтқандай,
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол!
 
Ағам ғой деп құрметтеп,
Беріп жатсың маған жол.
Айналайын Дәнияш,
Қайда жүрсең аман бол!

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓