Жаңа қойылым, тың жанр

Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрында «Годоны күте-күте…» атты қойылымның премьерасы өтті. Бұл – 20 жылдық тарихы бар өнер ордасында абсурд жанрында сахналанған тұңғыш қойылым.
Ирланд драматургы Сэмюэль Беккет шығарманы қағаз бетіне француз тілінде түсірген. Алғаш рет 1953 жылы Париждегі театрлардың бірінде сахналанған. Одан соң ағылшын тіліне аударылып, 1955 жылы Лондонда қойылды. Кейін трагикомедия жанрындағы туынды «ХХ ғасырдағы ағылшын тіліндегі ең ықпалды драмалық шығарма» атанады. 2001 жылы американ режиссері Майкл Линдсей-Хогг фильм ретінде жарыққа шығарды.
Пьесаны қазақ тіліне аударған – қабырғалы қаламгер Қалихан Ысқақ. Екі бөлімді спектакль Қостанай театры сахнасында абсурд жанрында қойылды. Режиссері – түркіменстандық Мекан Жұмабаев. Рөлдерді театрдың жас актерлері сомдап шықты. Владимир (Диди) рөлінде – Төленді Әлғожин, Эстрагон (Гого) – Марғұлан Әбдібеков, Поццо – Нұрлыбек Кенжахметов және Лаккидің кейпінде – Олжас Бегайдаров.

годо5

Автор шығармада бір түсініктерді «мынау – ақ, мынау – қара» деп ажыратып бермейді, оның шешімін көрерменге қалдырады. Кейіпкерлер диалогы арқылы «біз не істеп жүрміз?» немесе «не істеуге тиіспіз?» деген ойға жетелейді. Диди мен Гогоның әңгімесінен адамзаттың, халықтың демократиялық дамуын көрсек, Поццо мен Лакки тоталитаризмді сипаттайтындай. Мұндағы «Годоны күту» ұғымы – адамның жақсылықтан, ізгіліктен үміттенуі.

годо4

– Спектакльдің жаңашылдығы деп оның өзектілігін айтар едім. Қазір көп нәрсені байқай бермейміз. Болмашы дүниелерге назар аударамыз да, маңызды, басты құндылықтарды ұмыт қалдырып жатамыз. Материалдық қажеттілікті алға шығарып, достықты, адамгершілікті екінші орынға ысырамыз. Біз спектакльде осы жайттардың астын сызып айтқымыз келді, — дейді қойылымның режиссері Мекан Жұмабаев.
Оның айтуынша, пьесаны сахналауға 40 күн уақыт кеткен. Таңнан түнгі сағат 2-ге дейін дайындалған да кездері болғанын айтады ол.

годо3

Премьераны көруге Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан қазақтың театр, кино өнерінің жұлдыздары шақырылды. Олар: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Асхат Маемиров, Берік Айтжанов, Азамат Сатыбалды. Сондай-ақ, жаңа қойылымды Петропавл, Арқалық қалаларының театр жетекшілер де тамашалады.

годо

– Өнер ордасының негізін қалаушыларды, бүгінгі таңда жұмыс істеп жатқан буынды, көрермендерді театрдың 20 жылдығымен құттықтаймын. Ілекең атындағы ұжымның 20 жасқа келген жігіттей жалындар шағы қазір. Міне, біз бүгінгі премьерада осындай жігердің барын куә болдық. Абсурд – театрдың даму кезеңіндегі жаңа жанр. Осындай күрделі туындыны абыройлы алып шыққан режиссер мен актерлерге ризамын. Бізді Беккердің суреткерлік әлеміне бойлатып, біраз ойға жетеледі, — деді белгілі өнер қайраткері Асхат Маемиров.
Премьера соңында сөз сөйлеген Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасы басшысы Ерлан Қалмақов театр ұжымына табыс тілеп, қонақтарға мерейтойлық естелік сыйлықтар табыс етті.

годо2

Жаңа қойылым әуелде екі күн қатарынан (12-13 күндері) сахналанады деп жоспарланған. Театр әкімшілігінің хабарлауынша, әлемді жайлаған коронавирус дертінен сақтану үшін мәдени-көпшілік шаралардың уақытша тоқтатылуына байланысты, екінші күнгі премьера өтпейтін болды.

Аслан ҚАНҒОЖИН
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓