Алдын алу шаралары жалғасуда

Әлемді алаңдатқан коронавирус инфекциясының біздің елімізде де таралуына жол бермеу мақсатында түрлі шаралар қолға алынуда. Қостанай облысында да дерттің таралуын болдырмау жөніндегі аймақтық комиссия құрамы бекітіліп, аймақтық медициналық штаб құрылды, кеңесші дәрігерлердің тізімі бекітілді. Облыстың барлық емдеу-алдын алу ұйымдарында оқу-жаттығулар өткізілуде. Бұл туралы, яғни өңірде коронавирустық инфекцияның алдын алу бойынша өткізілген іс-шаралар жайлы аймақтық коммуникация қызметінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары А.Бексұлтанова айтып берді.
короновирус брифинг
Айтуынша, бүгінгі күні коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау мақсатында өңірде бірнеше іс-шаралар өткізілді. Соның ішінде, коронавирус инфекциясын тіркеу кезіндегі іс-қимылдардың екі жоспары әзірленді. Тарқатып айтар болсақ, А жоспары 1-ден 5-ке дейінгі жағдайды және байланыста болған 100 адамды тіркеген жағдайда, ал В жоспары 6-дан 50-ге дейінгі жағдайды және байланыста болған 100-ден 2,5 мың адамды тіркеген жағдайда. Бүгінгі күні Қарағанды медуниверситетінің мамандарымен облыстың 250-ден астам медициналық қызметкерлері инфекцияның алдын алу, диагностикасы және емдеу мәселелері бойынша оқытылды. Мұның сыртында қазір облыстың барлық емдеу-алдын алу ұйымдарында тұрақты негізде оқу-жаттығу шаралары жүргізілуде. Әуежай базасында да ауқымды оқу-жаттығу өткізілді.
-Облыста 254 инфекциялық керуеттер (соның ішінде: ересектер — 109, балалар – 145) бар. Қосымша 368 төсектік орын ашылды. Науқастарды емханаға жатқызу үшін 1 оқшаулағыш капсула бар. Инфекцияға күдігі бар тұлғалар келіп түскен жағдайда қосымша керует қоры дайындалды. Науқастарды обсервациялық бақылау үшін 100 керуетке облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің бөлімшесі айқындалды. Тобыл қаласының психикалық денсаулық орталығының 60 керуетке арналған жеке ғимаратының базасында провизорлық стационар ашылды. Науқастарды емханаға жатқызу үшін 20 керуетке облыстық аурухананың инфекциялық бөлімшесі айқындалды, сондай-ақ, қосымша 12 реанимациялық керует жабдықталатын болады, — дейді Анжела Бексұлтанова.
Ведомства басшысының орынбасары айтқандай, қазіргі уақытта Қытайдан келген облыстың бір тұрғыны провизорлық стационарда карантинде жатқан көрінеді. Он күн бойы стационарда жатқан тұрғынның жағдайы қанағаттанарлық, короновирус белгілері табылған жоқ, сондықтан жақын күндері шығарылады.
 Короновирус инфекциясының пайда болуын және таралуын болдырмау мақсатында біздің облысқа да үкіметтен қосымша қаражат бөлінген көрінеді. Мәселен, дәрілік заттар мен басқа да медициналық мақсаттағы бұйымдардың отыз атауын сатып алу үшін Қостанай облысына 35,7 млн теңге бөлінген.
-Облыстық денсаулық сақтау ұйымдарында медициналық көмек көрсету үшін, оның ішінде эпидемияға қарсы іс-шаралар кезінде қорғаныс құралдарының қоры бар: 3 900 бір рет қолданылатын және 480 көп рет қолданылатын қорғаныш костюмдері, 110 мың бір рет қолданылатын маскалар, 8 700 респиратор, 450 мың бір рет қолданылатын қолғап, 16 мың қол өңдеуге арналған антисептиктер құтысы. Оның ішінде 100 мың медициналық маска мен 100 мың қолғап ҚР Үкіметінің резерві есебінен қосымша сатып алынды. Облыс дәріханаларында 209 мың маска мен 5700 респираторлар бар. Күн сайын маскалардың қамтылуына және олардың бағасына мониторинг жүргізіліп отырады, — дейді А.Бексұлтанова.
Басқарма басшысының орынбасары өз сөзінде ешқандай ақпараттың жасырын болмайтындығын, сондықтан коронавирус инфекциясының таралу қаупі төнген жағдайда мектептер мен балабақшаларға карантин жарияланатынын айтты.

 

 

 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓