ЖАЗБА АЙТЫС: Ұланбек пен Жауынбай

Қостанай облыстық Ішкі саясат басқармасы мен облыстық "Қостанай таңы" газетінің ортақ жобасы – Абайдың 175 жылдығына арналған "Мен бір жұмбақ адаммын…" республикалық жазба айтысы жалғасын табады. Ендеше, жыр додасының жаңа есімдерімен таныс болыңыздар. Бүгін назарларыңызға елордалық ақын Ұланбек Бақыт пен қостанайлық дарын Жауынбай Жылқыбайұлының айтысын ұсынамыз. Өлең-сайысқа тәуекелдеп қосылған қос дәмелінің қабілет-қарымын таразылап көріңіздер!
Ұланбек-Жауынбай
 
Ұланбек:
Әлқисса, 
Сен болмасаң, шіркін өлең,
Ашылмақ жан-сарайдың құлпы немен?
Өзімді шаттантуға табам себеп,
Жұрт-елді сусындатсам жыр тілеген.
Жүректі сауып жазып, шабыт түртсе,
Көкейге келген сөзді іркімегем.
Өнер шын бәсекеге түсер сәтте
Көрерсің екпінімді күрт үдеген!..
Ендеше, ал ендеше, Аллажарлап,
Шығандап, сөз бастайын сілкіне мен.
Ассалаумағалейкум, Тобыл-Торғай,
Атаның бердім сәлем ғұрпыменен.
Өзімнен бұрын жеткен ақ сәлемім
Қауышсын Қостанайдың жұртыменен!
 
Я, сәт!
Бағымды осы-ау ашардай сын!
Әр сында әуселеңді рас аңдайсың.
Жазба айтыс – ескі дағы жаңа жыр-салт,
Қаламгер болсаң, оңай шашаулайсың.
Әйтпесе, айтыскерге еп емес бұл,
"Әгигім", "хәләйлімге" баса алмайсың.
Сенерің – перне емес, пернетақта,
Әуенмен әдемі боп жасанбайсың.
Оңай кеп оң жамбасқа тұрғаннан соң,
Мен саспан тап келсең де қашан қайсың!
 
Шығайық аламанда, ал, құмардан,
Ақынға қажет пе одан артық арман?!
Құт жауғыр редакцияға мың рахмет,
Үгіттеу жазба айтысты шарты болған!
Алыпты жыр-арқау ғып ұлы Абайды –
Дананы дүн-дүниеде даңқы қалған!
Ұлы Абай – жүгінерім, ұққым келсе 
Жақсылық-жамандықтың парқынан мән.
Ол – кеңдік, ол – тереңдік, ол – биіктік,
Ол – жұмбақ, солай еткен бәлкім Аллам.
Деуші еді: "Әуезовтің өзі тіпті
Теңіздің бетін ғана қалқып алған".
Жауынбай, қанаттасым, қарсыласым,
Не дейсің осы жайлы жалпы, қарғам?
Әдемі, кәделі бір сөз айтпасаң,
Жиреніш көрерім жоқ тантығаннан!
Аңқамыз кеуіп кетіп жүрмегей де
Әрнені шатып-бұтқан "аңқымаңнан"!
 
Жауынбай:
Бісмиллә, бастайыншы жыр арнауды,
Сөздерім ел алдында шығар мәнді.
Ассалаумағалайкум, ар ма, ағайын, 
Жүрегім тек халық деп тұрар мәңгі 
Хан, би, ақын тудырған мекен едің,
Ұлт болып ұлыктайтын ұландарды.
Тай кезінде танылған Құлжа бидің
Сөздері асыл, көзі ашық, тілі орамды. 
Дәндәбайдың Боранбайын кім білмейді,
Мешіт сап жылытад деп құран жанды.
Біздің қоғам, сағынып аңсап жүр ғой
Тайшығара секілді шын арланды.
Шоң Бақабай, Әлімбай, Зілқарлар
Қара сөзге болған шын құмар жанды.
Он алтыда Ер Бейсен би аттанып,
Топқа түсер тұлпардай тұмарланды.
Кара қылды қақ жарып Балғожа би,
Ел есімін биікке шығарған-ды.
Дүйсеке, Нарыбай, Бақай, Елғандардай
Тудырған мекенсің сен кіл арланды.
Аманкелді құнын іздеп, ер Көшімбек,
Дауға түсіп, ел алдында сыналғанды.
Әбіғапарды хан көтеріп қалың Торғай,
Досай, Көшек хан сөзін құп алған-ды.
Еркіндікке таласқан Есіл ерлер 
Ертеңі көз алдынан мұнарланды. 
Азаттық үшін басын құрбан қылған
Қазағым ұмытпайды қырандарды. 
Қол-қолға бақыт қылып кондырдық біз
Ұлылар аңсап өткен ұлы арманды.
 
Жанарымнан жарқылдап жастық үміт,
Бойымнан сейілгендей басты күдік. 
''Қостанай таңы'' жазба айтыс жасап,
Жаңғыртып келед дәстүр, жақсы қылып. 
Ұлы Абайды жырлайық енді біздер, 
Бас ақын, ұлы елге бас тұғыр ғып. 
Ал енді қарсыласты көрген кезде 
Жанарымда тұрғандай жас тығылып.
Маған Ұланбек ағамды жұптапты ғой, 
Азуын айға білеген қасқыр кылып.
Тура жолда табаның тайып бүгін, 
Басыңыз кетпес жерге босқа ұрынып.
Хақ жаратқан қолдасын бүгін бізді, 
Талабымыз кетпесін тасқа ұрылып.
 
Қазақтың сайрасыншы бас бағында,
Дүние жалған өзгерді қас қағымда.
Жүз жетпіс бес жыл толды, міне, биыл,
Атағы атасынан асқан ұлға.
Телміріп кітап оқып бала Абай,
Білім іздеп, талпынды жас шағында.
Дау шешіп, он үшінде төрелік қылд(ы),
Қалдырмады елді үміт қаспағында.
Абайдың жолыменен түзу жүріп,
Айналдың, Ұланбек, сен жас дарынға.
Жастар комитетінің төреғасы ең
Игілікті іс көп әлі жоспарыңда.
Ал мен болсам білім қуған студентпін,
Майлы ас таппай жүрген аш қарынға.
Інілік көрсетеміз жазба айтыста
Ілесіп жүрмесек те қастарыңда. 
Ұлы Абай аңсап өткен ұрпағымыз, 
Ағайын, бақыт бар ма басқа мұнда?
Көсіліп сөйлейікші бұл додада,
Терең мән қап әр сөздің астарында.
 
Ұланбек:
Биті бар бала ғой деп талағының,
Отырмын сені зерек санап, інім.
Студент екеніңді шағым етпей,
Дәлелде дарыныңның даралығын.
Ашқұрсақ боп жүрсең де, Жауынбайжан,
Сөз өрме немқұрайлы, қарақұрым.
Талғампаз оқырманның тауын шақпа,
Бағатын ақындардың әр адымын.
Не пайда нөпір сөзден салмағы жоқ,
Таппасаң мән, қисынын, сән, әдібін?
Ел күткен жырды айтайық, шерді қозғап,
Өре мен жеткенінше шама бүгін!
 
Қосақтап, қазы аңғартқан жоспарға ебін,
Қос ақын қарсылас па, дос па, әлде, кім?
Қос патша секілді емес ел билеген,
Қос жаспыз, жұрт сынамас мосқал кебін.
Қос сиыр сынды "идея" қоздатпайық,
Қоспалап, басын шалып босқа әрненің.
Қос тілдей итжығыс боп жүрген әлі,
Қосым-ау, келмес саған өш бар дегім.
Қос төрлі парламенттің "тұрғынындай",
Қосұдай лаждан ойым бостан менің.
Қосайық елдің мұңын жырға ендеше,
Қос дүние бақытының тосқан лебін!..
Қосылған өлеңіме "ҚОС"-тарымды,
Қостанай қалықпаны, қостар ма едің?!
 
Көп жайға оқшауда ойым шомылады,
Көп жайдың, қарап тұрсам, жоқ ұнамы.
Отыз жыл егемен ел болғаныма,
Уа, неге, неден күпті көңіл әлі?
Алаң да алаң жұрт боп кеттік неге,
Әрненің бары анық қой жөні, мәні.
Алаңда азаннан-кеш дүрлігіскен
Неге ұқсас боп барады көп ұраны?
Неліктен аналардың мұң мен зарын
Дейді екен "арандалған тобыр "әні"?
Неліктен аштар қалып аш кебінде,
Неліктен тоймай жатыр тоғың әлі?
Неліктен мемлекеттің егесінен
Өркеуде өңге ұлттардың жоқ ығары?
Домбыра қиратқышты көрмейтін заң,
Неліктен ұлтжандыға жолығады?
Неліктен аяулы елдің әділсүйгіш
Қапыда мерт болады оғыланы?
Неліктен аспандағы самөлетке
Жапандағы жалғыз үй соғылады?
Кісені әлдеқашан шешілсе де,
Неліктен қақсайды ұлттың тобығы әлі?
Мың дерттің жүрекке нақ қайсысы ауыр? –
Дей алман мұны да, әттең, көбі ұғады…
 
Санасаң, "негештер" көп санаңды үкпек,
Толғансаң, түрі де жоқ налаң бітпек.
Бірінің бар тілері – амандық тек,
Ал бірі биліктен оң қадам күтпек.
Адамдық құқын талап еткендерді
Наданға қосқыштар көп, тағы аңдып кеп.
Балаға жыламаған емшек бар ма? –
Ұрпақтың қазынасын бәрі алды үптеп:
Қазақты Шерхан бекер атамапты-ау
"Алтынның үстіндегі жалаңбұт" деп!
 
Абай-тын түріп шындық шымылдығын,
"Мақтанба, — деген, — таппай ғылым-білім".
Өлеңін керек жерде жатқа айтқанмен,
Бес асыл, қашық істі ұғынды кім?
Әттеңі – мүлдем басқа болып кетті
"Бес асыл" ісі деген бүгінгінің.
Қалайда бай атану – біріншісі,
Сапына ену үшін тұғырлының.
Мақтату өзін жұртқа – екіншісі,
Жосығын тапқандар көп шұғыл мұның.
Адалдың рөлін сомдау – үшіншісі,
Пайдасы көп екен-міс бұл үлгінің.
Жағыну ұлықтарға – төртіншісі,
Ұдайы кейпіне ену құбылғының.
Көз қысты, бармақ басты – бесіншісі,
Ұсталмай мойындамас ұры ұрлығын…
 
Бүгіннің қашық жүрер ісі деген
Керайна екенін де түсінер ең:
Тұрмыстан биік сана – біріншісі,
Өлшенер тұлғалықтың күшіменен.
Тік қарау әділдікке – екіншісі,
Аңғартар ар мен намыс мысын ерен.
Өнер мен ғылым қуу – үшіншісі,
Теңелтпек озық тұрған кісіменен.
Мейірім, қайырым-дүр – төртіншісі,
Шарпысар аярлықтың сұсыменен.
Ұлт, елді, жерді сүю – бесіншісі,
Лақаптың жылтырамай тысыменен…
Сабақтап тақырыпты, ал, Жауынбай,
Ілкімді, ірілеу ғып ұсын өлең!
 
Жауынбай:
Басынан сан қасірет өткенменен,
Қалған сарқыт емес пе ек текті ерлерден.
Әбдіғарпар, Аманкелді ұрпағымын,
Азаттық деп кеудеде кек кернеген.
Ахаң-Жахаң ақтарып елге мұңын,
Не қалмады басынан өткермеген?
Кейкі де көк бөрі боп өткен еді,
Ашу, ыза басылмай кек кеудеден.
Асыл ерлер азаттық деп арпалысқан,
Қан жылап, қайғы кешіп өткелменен.
Ұрандап, ұрпағым деп ұл аттанып,
Табанға қап тектілер текке өлмеген. 
Бабаның ізін басқан біз едік қой,
Тепкіні тексіздерден көп көрмеген.
Зарыңды ұғар, Ұланбек, қалың елің, 
Зәріңді үкіметке төкпелеген.
Қос патша, қос үкімет, қос тілге сен
Көрсеттің көңіліңді өкпелеген. 
Бағалар "қайран жұртым, қазағым" деп,
Ағалар сөзіне ерем деп келген ем.
Абайдай ақыл айтсаң бүгін бізге,
Ізінен Оспандайын еппен келем.
Ұланбек деп емес-ау, аға, сені
Қыран деп білемін ғой көкке өрлеген.
 
Ес жиғызбай еске сап ілкі мұңды,
Түн айқасып, ілмедім кірпігімді. 
Ізі қалмад(ы) неліктен ізгіліктің,
Үрейлі зұлымдық көп күлкі мұңлы.
"Арсыз болмай атақ жоқ" деген Абай, 
Біз сұққандай жүрегім мың тілінді. 
Ерін ез, қызын арсыз, жесір байғұс 
Кіл батыр деп айтады кім түбіңді. 
Бетпақтанып бойжеткенің, бет каратпай, 
Өзге ұлт езуіне күлкі ілінді.
Қос тілді де білмейтін дүбәрамыз,
Тілің қашан болады бір тұғырлы? 
Хәлін көріп қазақтың аспан жылап,
Ұясына ұялып күн тығылды. 
Ізгілік есігінің бүгін бізге 
Кілті сынған қолына құлпы ілінді. 
Еркін ел боласың сен еріңе егер
Ұлың емес, болса шын ұлттың құнды. 
Біреудің тесігіне күлме, қазақ, 
Жамай алмай жүргенде жыртығыңды.
 
Мұңайып тағдырыма балдай мына, 
Тәтті сөз ұяламай таңдайыма,
Қазақтан Абай да көп таяқ жеді, 
Бұл қазақ алды-артын андайды ма? 
"Білім ал, оқы, ілес орысқа" деп,
Айтқаннан басқа жасад(ы) қандай күнә? 
Бұл орысшыл, дінбұзар қылмыскер деп,
Хәкімді салған едік сан қайғыға.
Елімді қалдырман деп қараңғыда
Қараңғы қапаста өзі қалмайды ма? 
Оразбайдың таяғы арқаңа емес, 
Неге менің тимеді маңдайыма? 
Запыран үндер шықса да жүрегіңнен,
Еліңді салмай кеттің зар-қайғыға. 
 
Баурайды бүгін бізді бағың дастан, 
Тағдырға емес пе едің бағынбас жан.
Ең алғашқы бас ақын деп ер Ахмет, 
Абайды танып еді жанылмастан.
Ең алғаш көрме өткізіп Нәзипа да,
Қалың ел сый алған ед қарындастан.
Абайды оқып шын ақын Әбіқай да,
Өлең жазбай кеткен ед танылмастан. 
Міржақып Абайдай ақын жоқ деп еді, 
Емес пе еді ол тура сөйлер, жанылмас жан. 
Ғалымдар да бірінен бірі аттанып, 
Жылап жүріп Жидебай маңын басқан. 
"Абай жолын" жазып ед Әуезов те,
"Ұлтшыл" деген атақтан арылмастан.
Талай жандар талпынып, "өр Абай" деп,
Арпалысып, ақынның бағын ашқан. 
Қазағым деп өтті ғой қайран ерім, 
Қазақта бар ма Абайды сағынбас жан?
 
Ғылым кеме болғанда, білім теңіз, 
Болмайық бұл додада сүрінген біз. 
Абайламай сөйледі демесін ел,
Абайдың тарихына үнілгенбіз. 
Ал, аға, жағаңызға жармаспадым,
Сіздегі бізге сабақ білім негіз. 
Аға деп отырғанда арзан сөйлеп, 
Інінің қабағына ілінбеңіз.
Додада дара шаптым деп тұрғанда,
Мәреге жетпей жатып сүрінбеңіз.
 
Ұланбек:
Шоңдай-ақ шартарапты шолған қырдан, 
Түйткілді тізген бопсың толғандырған. 
Әлбетте, тарихатқа тағзымым мол, 
Сол болса қайталарың, жолдан бұрман. 
Торғайдың тектілерін кім білмейді, 
Милаттың мүддесі үшін болған құрбан?! 
Жәнібек, Амангелді, Кейкілерің
Ерлігін есіл елге қорған қылған.
Аяулы Ахаң-Жахаң мұралары
Бүгінгі қазынам ғой төрге алдырған…
Бұларды тану бар да, үлгі алу бар,
"Ұқсап бақсақ", болар-ды сол қам қылған.
Ертеңге елеңдемей жүрер едік,
Еліктеп өссе оларға әр балдырған!
 
Келсе де Абай тойын ырза тұтқым,
Және атын атаған жөн кіл жақұттың:
Осы жыл мерейтойы Фарабидің,
Бауыржан, Жұбан және Міржақыптың.
Қалайда бұларды да білмек борыш,
Абайға болсадағы тіл жатық тым.
Бір ұлттың, бір арманның жоқтаушысы,
Ұлдары болмаса да бір уақыттың.
Әрбірі — әр айтысқа арқау жандар,
Айтсаң да жырлатып түн, құрғатып күн.
Өйткені, құны өлшеусіз олар күткен
Қонғаны басымызға шын бақыттың!
 
Астар-мән кей сөзіңнен ұғынғым кеп,
Басы мен бақайына үңілдім бек.
Біресе көкке өрлеген қыран көріп,
Едәуір көрсетіпсің, інім, құрмет.
Біресе "жетпей қалма мәреге" деп,
Шығыпты басқа жақтан жырың бүрлеп.
Тосқауыл қояр едің еленердей,
Егер де серт ұстансаң сүріндірмек…
Жә, жарар, енді қаузар несі қалды?
Іңірде лаулатпайын мініңді үрлеп.
Қысқасы, "істің бәрін бос етпейін"-
Қазақтың бірі нетті бірін күндеп?
 
Іркиік аттың басын, ал, бауырым,
Таяп-ақ "мәре" дейтін қалды ауылың.
Беймәлім қайсымызға бұйырары
Жазба айтыс бәсекесін жалғау, інім.
Беймәлім қайсымызға ауатыны
Қадірлі қазылардың таңдауының.
Әй, бәлкім, мұрат емес жеңу-жеңбеу:
Өнерден көптің әсер алмауы – мұң.
Азды-кем арнау еткен жыр-өлеңмен
Арман не бассам елдің сәл мауығын!
Ескерте қойғанның да жоқ айыбы – 
Кеудемде басылмаған бар дауылым…
 
Жауынбай:
Көкейімде тұр еді көп тілеуі
Қарсылас Ұланбек епті ұл еді.
Ұланбек ағам бір күн тым биіктеп,
Кырандай қанатымен көк тіледі,
Уақыт тұлғаларды таудай қылып, 
Асқар-асқар тауларды шөктіреді.
Тарихтың беттерінде мәңгі қалар 
Қазақтың тау құлатқан тектілері. 
Ел үшін туып, өліп ер Жәнібек, 
Найзасының ұшымен көк тіреді.
Жүзге келіп тұрса да қарт Тұрсынбай,
Жүз қалмақты жалғыз қанға бөктіреді. 
Он жетіде Қари болған Файзолла да 
Тәуелсіз ұлт болайық деп тіледі.
Сейдәзім, Елдес, Ахмет, Ғазымбекті
Алаштың арыстары деп біледі. 
Нұрхан, Сәт, Омар Шипин, Мәтібайдың
Қызыл тілі кылыштан өткір еді,
Ұлылардың ізімен келе жатқан, 
Ағайын, қос құлының текті ұл еді.
 
Ойымды айтқан едім ақтарып-ай,
Қазақты мың бәледен сақта, құдай.
Осыменен, ағайын, қош-аман бол,
Биікке шықсын ағам оқталып-ай.
Сүйсініп қалсын бүгін сүйікті елім,
Санасында тек сенім сақталып-ай.
Ал, ағам, осыменен қош аман бол 
Кұт қонып, басыңызға бақ дарығай!

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓