ОРТА АЗИЯ ҚАУІПСІЗДІГІ – ҚАЗАҚСТАН НАЗАРЫНДА

    ҚАЗАҚҚА ТӘН ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ
    Өткен аптаның аяғында Әлемдік қауіпсіздік жөніндегі Мюнхен конференциясы өткені мәлім. Германиядағы басқосуда климаттың өзгеруі, әлемдік дағдарыс, сауда, санкциялар, денсаулық сақтау, Еуропалық одақтың әскери серіктестігі, киберқауіпсіздік пен жаңа технологиялар жөніндегі келелі мәселелер талқыланды. Әлем назарын аударған конференцияға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысқан еді.
Тоқаев
    Осыменен 56-шы рет ұйымдастырылып отырған шараның панельдік отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Географиялық ор­наласудың маңызы: Орталық Азия­ның қазіргі жағдайы» тақы­ры­бында сөз сөйлеп, Қазақ­стан­ның географиялық орналасуы геосаяси тұрғыда маңызды екенін атап өтті. Орталық Азиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау жолында еліміздің атқарып жатқан шаруаларына кеңінен тоқталды. Әсіресе, Қазақстанның Ауғанстанда бейбітшілік орнату жөніндегі бастамалары жиында жоғары бағаланды. Мемлекет басшысы  Қазақстанның Ауған­станға көрсететін гуманитарлық көмегі жөнінде баяндап берді. Білім бағдарламасы аясында бұл елдің 1000 студентінің Қазақстанда білім алғанын, бү­гінде ол бағдарламаның қайта жалғасын тапқанын назарға алды. Сондай-ақ Қазақстан Үкіметі тарапынан бөлінетін ауған əйел­деріне арналған гранттарға тоқ­та­лып, «Орталық Азия жəне Ауған­стан» форматының аймақтағы тұрақ­тылыққа үлкен үлес қоса­тынын атап өтті.
     Пікірталас кезінде Қ.Тоқаев Еуразиялық экономи­ка­­лық одақ­тың саяси астары жоқ, эко­номи­калық жоба екенін айтты. Сон­­дай-ақ 182 миллион тұр­ғыны бар аймақты қамтыған бұл ұйым­ның шет­елден инвестиция тар­ту­дағы әлеуеті жөнінде әңгімелеп берді.
    Халықаралық қатынастар жө­ніндегі кеңестің төрағасы Ри­чард Хаас ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың өңірдегі қауіпсіздік пен тұрақты­лыққа қатысты құнды пікір біл­діргенін, панельдік пікір­та­ластың негізгі мазмұнын егжей-тегжейлі ашып бергенін атап өтті.
    Бұл жиында жаһан жұртшылығын алаңдатқан мәселелер қаралды: АҚШ-тың қоршаған ортаны қорғау ұйымынан шығуы, Ұлыбританияның дербес саясаты, Қытай-АҚШ сауда қатынасы, Еуропаны торыған босқындар жайы әңгіме арқауына айналды. Сондай-ақ, Ресеймен байланысты қайта жандандыру мәселесі қаралды. Әлем халқын толғандырған жиынның бел ортасында жүрген Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселелерге қатысты қазақ елінің ашық ұстанымын жеткізді.
 
    САЛЫНАР ҚАРЖЫҒА – ТҰРАҚТЫЛЫҚ КЕПІЛ
    Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың неміс еліне іс-сапары саяси-экономикалық сипатқа ие болғанын айта кеткен абзал. Олай дейтініміз, мемлекет басшысы жұмыс сапары барысында Германияның ірі компаниялары басшыларымен –  «BayWa AG» компаниясының басқарма төрағасы Клаус Лутцпен, «Rhenus SE&Co.KG» компаниясының басқарма мүшесі Михаэл Виферспен және «Reverse Logistics Systems GmbH» компаниясының басқарма төрағасы Патрик Видеманнмен екіжақты кездесулер өткізді. 
Тоқаев-2
    Германияның ірі ауыл шаруашылығы компаниясының басшысы Клаус Лутцпен болған кездесуде энергия көздерін қайта қалпына келтіру және агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру салалары бойынша бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың перспективалары талқыланды.  
    Мемлекет басшысы Қазақстанның Германия бизнесімен арадағы тығыз әрі жемісті ынтымақтастықты дамытуға баса мән беретінін атап өтіп, кәсіпкердің назарын еліміздегі энергия көздерін қайта қалпына келтіру және тыңайтқыштар өндіру бағытының әлеуетін арттырудың маңыздылығына аударды.
    – Біз Қазақстанда жел және күн электр станцияларын көбірек салуымыз керек, бірақ тиісті инфрақұрылым жетіспейді. Сондықтан сіздің компаниямен тығыз серіктестік орнатуға зор қызығушылық танытып отырмыз, – деді Президент.
    Михаэл Виферспен әңгімелесу кезінде көлік-логистика саласы бойынша бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру перспективалары қарастырылды.
     Неміс бизнесмені Қасым-Жомарт Тоқаевқа Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында өкілдіктері бар компанияның Қазақстандағы жұмысы және Қарағандыда үшінші өкілдіктің ашылуы туралы мәлімет берді. Компания еліміздің аумағында жаңа бірлескен көлік-логистикалық терминалды алуға және іске қосуға мүдделі екенін білдірді.
    Мемлекет басшысының Патрик Видеманнмен өткізген кездесуінде Қазақстанда бос ыдыстарды қайта айналымға жіберудің кепілдік-қайтарымдық жүйесі жөніндегі жобаның жүзеге асырылу перспективалары талқыланды.
    «Reverse Logistics Systems GmbH» компаниясының басшысы материалдар мен қалдық заттарды қайта өңдеу саласында тиісті экожүйе құру үшін Қазақстанмен ынтымақтастық орнатуға дайын екенін айтты.
    Президент компанияның жұмысын және бірегей әзірлемелерін, оның ішінде бос ыдыстарды қайта айналымға жіберу үшін әрбір бумаға идентификатор енгізу қызметін жоғары бағалады.
    Жалпы, кездесулер аясында Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің шетелден, соның ішінде Германиядан тартылған инвестицияларды әртараптандыруға мүдделі екенін жеткізді. Ол бизнес өкілдеріне мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін, бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін қажетті жағдай жасалатынын айтты.
 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓